Руханият

Абайды ардақтаған алты құрлық

Озық ойлы жандардың санасында «Адамзаттың Абайы» деген ұғым бекерден бекер орнықпағаны белгілі. Шынтуайтында, Ұлы Дала данышпанының дара болмысын лайықты бағалай білгендер жер-жаһанның түкпір-түкпірінде жетіп артылады. Шетел қалалары көшелеріне Абайдың есімі беріліп, ескерткіш-мүсіндерінің қойылуы – соның жарқын айғағы. Орайлы сәтте қазақтың бас ақынының ескерткіші мен мүсіні әлемнің қай мемлекеттерінде орнатылғанын санамалап көруді жөн санадық. Бүгінгі дейін әлемнің 9 мемлекетінде Абай ескерткіші бой көтеріпті. Енді мерейтой қарсаңында Гермения, Италия, Болгария, Аустралия, Моңғолия, Ресей, Грузия, Үндістан және Латвия елдері орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 9 мемлекет қаласында ғұламаның есімімен аталатын көшелер бар.

Ресей, Мәскеу

2006 жылы Ресейдегі Қазақстан елшілігінің жанында Абай ескерткіші орнатылды. Ескерткіш авторлары – мүсінші Марат Әйнеков, дизайнер Тимур Сүлейменов, суретші Эдуард Дробицкий мен сәулетші Вячеслав Романенко. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол жылы Қазақстанда «Пушкин жылын» жарияласа, іргелес елдің басшысы Владимир Путин де соның қарымтасы ретінде Ресейде «Абай жылын» жариялады.

Франция, Ренн

Францияның Ренн қаласындағы «Алматы» саябағында қазақ ақынының мүсіні 2016 жылы орнатылды. Оның ашылу салтанатына Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбек пен Ренн қаласының мэрі Ренна Натали Аппере қатысты. Бұл Франция өкіметінің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматының 1 000 жылдық мерейтойына жасаған сыйлығы еді.

Қытай, Бейжің

2014 жылы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағына ақын ескерткіші қойылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов арнайы барып қатысты. Ескерткіш авторы – белгілі мүсінші, графика шебері – Юань Сикунь. Қоладан құйылған ақын тұлғасының биіктігі – 1070 мм, ені – 900 мм.

Өзбекстан, Ташкент

2013 жылы биіктігі 9,2 метрді құрайтын ақын ескерткіші бауырлас өзбек елінің астанасы Ташкенттегі Қазақстан елшілігінің алдында орнатылды. Авторлары – белгілі мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев. Олар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дархан пейілін сомдады деуге толық негіз бар.

Әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button