Руханият

Тұлға тұғыры

1995 жылы Егіндібұлақ селосының орталығында Қаздауысты Қазыбек би ескерткіші орнатылған еді. Қасиетті бабаның кескін-келбетін сомдаған белгілі мүсінші – Жаубасар ҚАЛИЕВ. Ұлы бидің құрметіне қойылған еңселі белгінің қойылғанына биыл 25 жыл толып отыр.

Ескерткіштің іргетасы қойылған уақытта бидің мүрдесі жатқан Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорымынан мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов бір уыс топырақ әкеліп салған еді. Ескерткіш Қарағанды көркем-сурет комбинатында жасалып, қоладан құйылған. Терең ой тұңғиығына батқан, қыр мұрынды, кеудесіне түскен сақалын салалы саусақтарымен иегінен төмен қаусыра ұстап, қолында қамшысы, аяғында саптамасы, иығында жамылған шапанымен отырған баба бейнесі.

Қазыбек би – аса ірі қайраткер тұлға, үш ұлы бидің бірі. Ел іргесін нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген. Арғы аталары Бұлбұл, Шаншар абыз, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған. Бабамыз Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел тізгінін ұстаған кезеңдерде мемлекет басқару ісіне араласып, ішкі-сыртқы саясатта хандарға ақыл-кеңес берген би болды. Мемлекет істерімен қатар, ру ішінде немесе руаралық, сұлтандар арасындағы талас-тартыстарға да әділ билігін айтып отырған.

Ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресте Абылайдың даңқы шықса, халықтың патриоттық сезімін оятып, көкейіне үміт отын жаққан осы әйгілі бабамыздың өзі еді. Ол мемлекетаралық мәселелерге де белсене араласқан.

Қазыбек баба Жоңғар хандығына елшілік, мәмілегерлік жолмен үш рет барыпты. Елшілікке тұңғыш рет атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге дейін аңыз болып айтылып келеді. Кемеңгер бабаның ұлт пен ұрпақ алдында атқарған орасан зор еңбегі еш нәрсемен өлшенбейтіні анық.

Қазақ рухын асқақтатқан елдің жаршысы, халықтың қамқоршысы болған, ұрпаққа нақыл сөздерімен өшпес өсиет қалдырған ұлы би, дипломат, ойшыл, аса ірі саяси тұлға – Қаздауысты Қазыбек бидің ескерткіші Балқантаудың бауырында халқын елдік мұратқа үндеп тұр.

Бахтияр ЖҮНІСБЕКОВ,

Егіндібұлақ тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button