Тұлға

Жүк ауырын көтерген жігіт

Осы мақаланы жазуға оқталып, қолыма қалам алған сәтте, кішкентайдан бірге өсіп, жер ортадан асқанша бірге жүрген жан досым жайлы ой толғаудың жүгі ойымдағыдан әлдеқайда салмақты екенін ұқтым. Себебі, бала күннен сыралғы досымды ешқашан көзінше мақтап немесе аңдамай болсын сын садағына іліктіріп көрмеппін. Тіпті, екеуміз әншейінде, құрдастар арасында болатын әзілқалжыңның ауылына да аяқ баспай, сыпайы сыйластықтан аспай, сырымызбен бөлісіп, ой-пікіріміз бір арнаға тоғысып, осы уақытқа дейін достық деген киелі ұғымға сызат түсірмей келеді екенбіз. Бұл, әрине, басым бөлігі осы әңгіменің кейіпкері Құдабайдың еншісіне жазылатын жетістік екені ақиқат. Оның қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінде, асыра мақтағанды ұнатпайтын, адамды барына емес, арына қарап бағалайтын адамгершілігінде жатқан құпия.

Досымның осы жақсы қасиеттерін енді қолымнан келгенінше әріден тарқатып көрейін. Шежіреге сүйенсек, Құдабайдың шығу тегі – Арқа төсін жайлаған Қуандықтың бір баласы Қарпықтан тарайтын Мәмбет руы. Арғы атасы Жандар батыр ертеректе қазақ-қалмақ соғысында, жекпе-жек айқаста осы Нұра өңіріне басып кірген жаудың бас батырын жеңіп, туған жерін аман алып қалған екен. Бұл оқиға жайында ақын, жазушы жерлесіміз Махмет Темірұлының «Жандар батыр» дастанында жан-жақты баяндалған. Осындай баһадүр бабадан туған Болтай атасы 10 мың жылқы біткен ірі бай болыпты. Болтай өте мырза, қайырымды адам екен. Көне көздердің айтуынша, сыйлы қонақтарына қой союды қомсынып, таңдатып жүріп қысырдың семіз тайын жығатын көрінеді. Құдабайдың батырларға тән тұлғасымен үйлесім тапқан жоқ-жітімге деген қайырымдылығы, досқа, ағайынға деген жомарттығы осы бабаларынан жұқса керек. Әкесі Алпысбай ұзақ жылдар бойы «Нұра» кеңшарында ферма меңгерушісі, есепші қызметтерін атқарды. Асыл әке, небәрі, 54 жасында 1988 жылдың қара күзінде жүрек талмасынан дүниеден өтті. Анамыз Біліс өмірден озғанша ошағының отын маздатып, балаларын бағып, үй шаруасымен айналысқан абзал жан еді. Отбасындағы жеті баланың үлкені болса да, Құдабай ешқашан тұңғыш ұлға тән еркелікке, бозбала сәттегі бос жүріске салынған емес. Біз ол кездерде 5-ші сыныптан бастап жазғы демалысқа шығысымен, ерте еңбекке араласушы едік. Мүмкін, қойлы ауылдың бір бітпейтін науқандық жұмыстарына жұмыс күші жетпей жататын да шығар, әйтеуір, «жассың» деп ешкім бетімізден қаққан емес. Қой тоғыту, қозы дәрілеу, көктемгі, күзгі қырқым, қырман сыпыру сияқты жұмыстардан мектеп бітіргенше бір қалған емеспіз. Қатарластарынан дене бітімі ірілеу Құдабайдың сондай бір кездері жігерленіп, өзінің күш-қайратына сеніп, ересек жігіттермен бірге шөп дайындау науқанына қатысқаны бар. Шөп маялау кезінде айырдың сабына алдырған алақанының күлдіреп кеткені әлі көз алдымда. Ақыры сол алақан жаңа оқу жылына дейін күстеніп, темірдей қатты еңбек құралына айналды. Бала кездегі еңбектеніп тапқан адал ақшаның қуанышы осы күнге дейін жадымыздан өшкен жоқ.

Бұл, шын мәнінде, баланы жастайынан еңбекке баулып, оны әке-шешеге, тіпті қоғамға деген масылдықтан айырудың таптырмайтын құралы емес пе? Ал, қазір ауылдың бір баласын ақылы жұмысқа тартып немесе қоғамдық пайдалы іске икемдейін деп жерден сынық шөп көтертсең, ол әрекетің заң аясында «үлкейткіш құралмен» қаралатыны анық. Жә, ол енді өз алдына бір пара әңгіме.

Құдабайдың оқуға, білімге деген ынтасы мен қабілеті жастайынан ерекше болды. Үнемі мектептегі үздік оқушылардың қатарында жүретін. Әсіресе, математика пәніне ықыласы ерекше ауды. Небір күрделі, қиын есептерді «мартин пістесін» шаққандай оңай шығарып тастайтын. Үзіліс кезінде сыныптастары оның есеп дәптерінен жапа-тармағай үй тапсырмасын көшіруді үрдіске айналдырған еді.

Ауылдағы 8 жылдық мектепті бітіргеннен кейін көршілес Жараспай ауылына барып, интернатта жатып оқыдық. Несін жасырамыз, осы кезде үйден кетіп, еркіндікке шыққан балалар, өзімізді «нағыз жігіт» сезініп оқуға салғырт қарай бастадық. Жас та болса осыны дер кезінде пайымдаған сұңғыла бозбала Құдабай болса, у-шу ортадан гөрі оқуға қолайлы жайды іздеп, сол ауылдағы туысқанының үйіне ауысты. Соның арқасында, орта мектепті басқаларымызға қарағанда үздік аттестатпен бітірді. Мектеп бітірген 1975 жылы, біраз жастар сол кездегі сұранысқа сай ауылда қалып, бір жылдай қой бағып, еңбекте шыңдалдық. Сондықтан болар, екеуміз де мамандық таңдауда көп ойланбастан, мал шаруашылығы саласын қаладық. 1979 жылы Целиноград зооветеринарлық техникумын үздік бітірген досым, сол жылы аталмыш қаладағы ауыл шаруашылық институтына емтихансыз қабылданды. Осы оқу орнын өте жақсы бітіріп, қолына қызыл диплом алған Құдекең, туған ауылы «Нұра» кеңшарына аға мал дәрігері болып қабылданды. Жалындап тұрған жас маман алған білімін нақ осы жерде іс жүзінде көрсете білді. Қой шаруашылығында орын алу қаупі бар жұқпалы ауруларға қарсы малдәрігерлік-эпизотиялық алдын алу шаралары дер кезінде, әрі сапалы жүргізіле бастады. Кеңшар орталығынан санитарлық-емдеу пунктін (ЛСП) ашып, малды залалсыз аурулардан емдеуді жолға қойды. Осындай іскерліктің арқасында шаруашылықта белең ала бастаған мал аурулары күрт кеміп, малдың өлім-жітімі азайды.

Құдабайдың іскерлігін, өзіне жүктелген жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайтынын аңғарған аудан басшылары оны шалғайдағы «Амантау» кеңшарына бас мал дәрігері қызметіне жіберді. Мұнда ол жеті жылдай жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбекқорлығымен көзге түсті. Бұл алып империяны «тәуелсіздіктің толғағы» қысып тұрған толқынды тоқсаныншы жылдардың қарсаңы еді. Жұрттың жүдесе де жүйкесі сыр бермей, алдан бір жақсы хабар, үміт күткен шағы болатын. Үміт ақталып, сайын даланың самал желімен жарысып, сүйіншілеген қуанышты хабар да жетті шалғай түкпірге. Сан ғасыр бойы басқаға тәуелді болған бодан елдің құрсағында тербелген тәуелсіздік туған еді, сол кезде!

Енді Құдабайға негізгі қызметінен бөлек ауылдағы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласуға тура келді. Тумысынан тілі мен дініне берік, ұлтжанды жігіт бұл істерге білек түріп, жанын сала кірісті. Халықтың сана-сезімін оятып, бостандыққа деген сенімін нығайтатын іс-шаралардың үнемі басы-қасында жүрді. «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығын атқарып, ауылдағы мекемелерде іс-қағаздарды жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруге мұрындық болды. Мешін жылғы апат кезінде Жаңаарқа өңірі мен Шошқакөлден ауып, Нұра, Құланөтпес өзендерін бойлай шұбырған аш-жалаңаш елдің жолы осы Амантау арқылы өткен екен. Соны ескеріп, ашаршылық пен саяси қуғын құрбандарын еске алуды ұйымдастырып, ас беріп, аруақтарына дұға бағыштатты.

Амантаудағы шопан қыстақтары тау-төбенің етегіне, бұлақ бастарына шашырай орналасқан. Аралары әжептәуір жер, барлығын аралап шығуға бір күнің жетпейді. Қыстың дүлей бораны мен сықырлаған сарышұнақ аязында орталықпен қатынас үзіліп қалып, малшылардың ауыр жағдайда қалатын кездері де болады. Осындай сәттерде Құдабай дамыл таппай, өзінің басына түсер қауіп-қатерді де елемей шопандарға барып, жағдайларын біліп, көмек қолын созатын. Оның мұндай жанашырлығына бүкіл малшы қауымы мен басшылар, тіпті бүкіл ауыл халқы риза болып оты ратын. Соның нақты дәлеліндей, ол сол ортадан тәуелсіз елімізде жасақталған мәслихаттардың алғашқы шақырылымында аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды.

1995 жылы Құдабай сол кездегі аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Черниговский и К» серіктестігіне бас мал дәрігері болып ауысты. Өкінішке орай, оның артында аманесен қалған Амантау қазір жоқ, бір қауым ел тұрған ауылдың орны ғана жатыр. Замана дауылына шыдас бермей құлап тынды. Ал, «жақсыда жаттық жоқ» деген қағиданы ұстанған Көбетей жұрты болса, осы кезде бүкіл ауданға танымал болып үлгерген білікті маманды құшақ жая қарсы алды. Мұнда да алдынан дайын тұрған ештеңе жоқ болатын. «Бартер» деген бәленің салдарынан мал санының құлдырап, мейлінше азайған тұсы еді. Сүт өндіру де қожырап, жоққа тән халге жеткен. Жүк ауырын көтеріп үйренген жігіт бұл олқылықтарды түзеуге де бел шеше кірісті. Шаруашылық басшысы Сәбит Қалденұлымен ақылдаса отырып, мал санын өсірудің тыңғылықты жоспарын жасады. Сол жылдары Көбетейде диірмен істеп тұрғандықтан, қоймада тұтынушысын күткен қап-қап ұн үйіліп қалған еді. Басшыдан қолдау тапқан Құдабай, енді баспа-бас айырбастың диірменін кері айналдырды. Қос «КамАЗ-бен» бүкіл Теңіз өңірін аралап, елден ұнға айырбастап, қой-ешкі, тайынша-бұзау, тай-жабағы жинады. Малдарын пұл қыла алмай отырған шалғайдағы Теңіз жұрты риза болып, баталарын беріп жатты. Орайы келген істің арқасында Көбетейде мал басы қайтадан көбейіп, біраз адам жұмыспен қамтылды. Құдекеңнің осындай іскерлігі мен кісілігін Көбетейдің үлкен-кішісі әлі күнге дейін ауыздарының суы құрғағанша айтып отырады. Елмен қоян-қолтық араласып, бұл ауылда ол табаны күректей 10 жыл қызмет істеді.

Келесі кезекте Құдабай жүрегінің түкпіріндегі өзін көптен мазалап жүрген бір түйінді шешуге бел буды. Сөйтіп, 2005 жылдың ортасына қарай өзі өсіп-өнген, алғашқы еңбек жолын бастаған Изендіге әкім болып оралды. Осыған дейін іргелі шаруашылықтарда мол тәжірибе жинақтап, өмір көрген, ең бастысы елмен тіл табыса алатын жігіт ағасына мемлекеттік қызметті меңгеріп кету қиынға соққан жоқ. Кеңес үкіметі кезінде ауыл тағдырына шаруашылық директоры, партия ұйымының хатшысы, селолық кеңестің және кәсіподақ комитетінің төрағалары жауап беретін. Қазір барлық ауыртпалық ауыл әкіміне түседі. Тұрғындар кейде ұсақ-түйек мәселенің өзін әкім арқылы шешкісі келетіні бар. Күніне қабылдауға он адам келсе, он түрлі мінез бар. Құдабай солардың бәрімен тіл табысады. Еңбегі бағаланып 2009 жылы «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезіне аудандық партия ұйымының атынан делегат болып сайланды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен екі мәрте және көптеген Алғыс хаттармен марапатталды.

Құдабайдың тағы бір ерекше қасиеті қаншама жұмысбасты болып жүрсе де ағайындарына қарайласуға уақыт табады. Артынан ерген бауырларының бәрін аяқтандырды. Тағдырдың жазуымен інісі Оралбай өмірден ерте озды, қарындасы Әлия жастай жесір қалды. Олардың отбасына қамқорлық жасап жүрген оның ешқашан мойығанын көрген емеспін.

Бүгінде Құдекең отбасылық жағдайымен ауылдан қалаға қарай қоныс аударған. Ол ауылдан көшкенде қабырғам сөгіліп, жапан далада жалғыз қалып бара жатқандай күй кешкенім рас. Үш жылдың жүзі болды Астананың іргесінде Тайтөбе деген ауылда тұрып жатыр. Сол маңдағы заманауи үлгіде салынған «Алтын таға» мал базарында зертхана меңгерушісі болып қызмет етеді. Асыл жары Асылтас ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықты. Екеуі бес бала тәрбиелеп жеткізді. Қыздарының бәрі өз теңдерін тауып, бала-шағалы болып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Бәрін де оқытып, жоғары білім әперді. Кенже ұлдары Бауырбек болса биыл «Білім-инновация» лицейін үздік бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинады. Алла жазса Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке оқуға түспек ойы бар.

Алты жасар баланың сәлемін атынан түсіп барып алатын ақкөңіл, аптал азамат бүгінде алпыстың асқарына аяқ басып отыр. Ал, оның алпыс атанға жүк боларлық салқар көштей өмірін бір демде, әсерлі баяндап беру қолымнан келе қоймас. Ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойының қарсаңында, досымның Нұра топырағын түлетуге қосқан үлесін Арқа жұртының айнасы «Орталық» арқылы оқырман санасына сіңіре алсам, ойымдағының орындалғаны.

 Қанат ОТАРБАЕВ,

 «Құрмет» орденінің иегері,

 «Отқанжар» ЖШС директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button