Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жылРухани жаңғыру

Қытай құжаттарындағы Қазыбек би тұлғасы

Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасында сонау ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында белгілі деңгейде қарым-қатынастар болған. Оған бірнеше дәлелдерді атауға болады.  Біріншіден, Еділ бойындағы қалмақтарға барып қайтқан Тулишэн есімді мәнжу елшісі Қазақ даласының бір шетін басып өтіп, жолжазбада осы өңірдің географиясы туралы құнды мәліметтер, екіншіден 1731 жылы тағы бір елші Еділ бойындағы қалмақ ордасында қазақ елшісімен кездесіп, Сәмеке ханға салем жолдайды. Қазақ хандығы мен цин империясы арасындағы қарым-қатынастар Жоңғар хандығы  ыдыраған кезде орнай бастаған.

1745 жылы Қалдан Церен өлген соң Жоңғар әлсіреді, ішкі кикілжің әсерінен  өзінің бұрынғы саяси қуатынан айырылды. Жоңғария әлсіреген соң, Абылай да Ресейден іргесін аулақ салып, Пекин сарайына жақындады. Абылай  Ресейдің қауіптілігін білді, дер кезінде түсінді. Жоңғар жағы қазаққа қауіп төндіріп тұрған уақытта Абылай хан тегеурінді империялық саясат ұстанған Ресей мен Қытайдың елшілеріне қазақты бейтарап етті, екі жақтың елшілеріне өзінің дипломатиялық өнерін көрсетті. Оның үстіне сол уақытта қазақ өз жұртында шашыраңқы, басқарған әкімдері өзара алауыз болған. Осыны пайдаланған қалмақтар тұтқиылдан шабуыл жасап, жеңіске жетіп отырған.

1756 жылдың қазан айында осы Дардана: «боғдыханға қазақтың адам аяғы баспаған терең шатқалдарда бізге тосқауыл қойғаны белгілі болды. Екі мыңнан астам қарақшыларға қарсы мың сан қолды өзім басқардым. Эрдене, Тэтуэ, Манчана, Цинхуня басқарған әскер топтары соғысқа қатысты. Барлығы ерлікпен қарақшыларды өлтіре берді, өлгені бес жүз жетпіс адам. Мұны анықтау үшін қытайлықтар өлтірген адамның құлағын кесіп алып отырған. Тірідей он бірін ұстадық, көбі оқтан жараланды. Жетінші айдың он бірі күні Нұраға жеттік. Екі мыңнан артық қарақшыларды кездестірдік, үш жүз қырықтан астамын өлтірдік» десе, әскери кеңеске Хадаха жазған есебінде «Баян тауының батыс жағында, Бэйцзы Дарчжанның айтуынша, оның алдында мыңнан астам қазақ қолы пайда болыпты. Бізден 600 адам қорықпай шабуылға шықты, жауды талқан қылды, жүз адамды өлтірдік, бес адамды тұтқынға алып, азаптадық. Бәрінің айтуынша біздің кездескеніміз Абылайдың қолы екен», – дейді.

Хадаха сол жүрген бетімен Есілге дейін жетіп, батыстағы әскермен қосылады. Ал, қытайлардың сөзі қолбасшылардың айтқанымен сәйкесе бермейді. Абылай жағынан шығын көп болғанымен, Қытай жағынан да аз емес еді. Олардың қытай әскербасыларының лепіре айтқан сөздерінің шындыққа көп жанаспайтындын боғдыхан түсінген. Осы жағдайлар жөнінде Сібірдің губернаторы Ф.Самоиловқа Селенгінің коменданты бригадир Е. Якоб 1757 жылы қазан айында жазған хатында «қонтайшыға қарсы аттаныстан кейін, күздің күні жиырма мың қытай әскерінен өз шекарасына мың алты жүз адам ғана қайтыпты. Қазақ ордасымен екі рет соғысқан, екі жақтан да аз шығын болмапты» деп көрсетеді.

1757 жылы қазан айында Абылай мен Әбілпейіздің елшілері Цин патшалығының ордасына жетеді. Осы кезден бастап Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасында ресми түрде саяси-дипломатиялық қарым-қатынас орнай бастады. 1757-1760 жылдар аралығында Бейжің жерінде бірнеше дипломатиялық қатынастар болды. Мұнымен қатар, қытай елшілері де осы Сарыарқа жеріне келді.

1757 жылы Абылай мен Әбілпейіз жіберген Кенжеқара бастаған елшілік сапар. 1758 жылы Ұлы жүз көсемдері Әбіліз хан мен Төле би жіберген, Жолан басшы болған елшілік. Осы  мерзім арасында бірнеше мәрте Қазақ даласына Цин патшалығы тарапынан да дипломатиялық  миссиялар жүргізіліп тұрды. Осы орайда Абылай ордасына келген мәнжу Еркесара мен Нұсанның елшілік миссиясын атап өткен жөн.

1759 жылы қаңтар айында Абылайға елші болып барған, Әбілмәмбет Абылай, Ханбаба және Қазыбек би қатарлы Орта жүз қазақтары билеушілерімен кезіккен Наваңның миссиясы.  Әр миссияның өзіндік мақсаты мен мүддесі болады. Осы Наваңның сапарында Қаздауысты Қазыбек  Нұра бойында жайлап отырады.

Мен: «Әбілмәмбет хан қазір қай жерде тұрады?» деп сұраған елшіге  Әбілпейіз: «қазір Нұра жерінде» деп жауап берді. «Әбілмәмбет біздің қазақтың ханы болғанымен ол менің әкем. Өз ниеттеріңізбен барамын десеңіздер еріктеріңіз білсін» – деп жауап қайырған. Содан кейін елшілік үш күн жүріп Нұра бойына келген.

Олар бізге: «Біз жаңа ғана Абылайдың жерінен келдік. Абылайдың өзі де осындағы Қазыбек бидің тұрған жеріне келе жатыр. Әбілмәмбет хан да Қазыбек бидің жеріне келмек. Қазыбек үлкен той жасамақшы  екен, сондықтан олардың барлығы тойға келе жатыр. Сіздер Нұраға барған кезде Әбілмәмбет әлдеқашан аттанып кетуі мүмкін». Осыны ескере отырып, Кенжеқара бізді ертіп барып, Қазыбек биді тауып алмақ болды. Онда сіздер оған кездесе алмай қалар ма екенсіздер? Осыны ескере отырып, Кенжеқара  елшілерді ертіп, Қазыбек биді тауып алмақ болды.

Қазыбек бидің той жасағалы отыр дегені дәстүрлі қоғамда әдетте үлкен дау-дамай немесе келісімге келген уақытта ақ боз биені соятыны еді.

Қытай елшілігі Ханбаба мен Қазыбекке: «Біз маңызды міндет атқарып келген адамдармыз. Әбілмәмбет ханмен кездесейік те, сонан соң барып Абылай ханмен кездесейік» деп тілек айтты.  … Алтыншы күні әлгі Әбілмәмбет ханға жіберілген адам мынаны айтты: «хан өзі былай деді: елші Қазыбектің тұрған жерінде күтсін. Мен сонда барамын да адамдарды  жинап, ақылдасамын». Он бірінші күні Абылай ханға жіберген адам да келіп мынаны айтты: «Абылай былай деді: елшілер мені сонда күтсін, мен тез арада сонда барамын. Сол жерде кездесу болғаннан соң елшілер кейін қайтсын. Оларды мұнда келгізбеңдер.

Елшілер Нұра бойында он күннен астам Абылай мен Әбілмәмбетті күтіп қалады. Сосын Ханбаба мен Қазыбекке «Біз сіздердің жерлеріңізге келгелі Абылайды күткелі міне, бір ай болайын деп қалды. Егер, олар өз жерлерінде жұмыс болып, уақытша осында келе алмайтын болса, онда біз мұнда күтіп жолымыздан қалмайық. Оның орнына өзіміз тікелей барып тауып алсақ. Олар осында келіп жатса біз де келерміз, олар келмеген жағдайда біз олармен өз жерлерінде кездесерміз».

Міне, осылай екі жақты келісім болғанша біршама уақыт елшілер Қазыбек би тұрған жерге кідіруге мәжбүр болады. Бұл жөнінде келесі құжатта « Міне, 9-айдың 7 күнінде генерал Цебденжаптың мәлімдемесі келді, онда: «Қабанбай өз ұлы Едіге мен інісі Төметайға елу ден астам адамын бастатқызып, ол жердің қаншалықты қашық екендігін білу үшін келе жатыр. Оларды қарсы алу үшін хия Батыр мен араха-хафан лауазымды Чоры жіберілді. Наван әлі Қазыбектің жерінде екен. Абылайға кезіге алмапты» делінген екен.

Бұл кезеңде бидің кемеңгерлігі сол Әбілмәмбет хан Түркістан жағынан Қорғалжынға жеткенше елшілермен тіл табысып отырады.

Сарыарқа жері қашаннан Орта жүздің мекені болғаны белгілі. Бұл аймақ Орта жүзде тарақты, арғын, найман, керей, уақ, төлеңгіт, қыпшақ қатарлы 7 ру отырған. Тарақты тайпасының 400-ге жуық отбасы Наймантай батырдың билігінде, Қанжығалы арғынның 2000 отбасы Бөгенбай батырдың билігінде, Қаракесектің 2000 отбасы Қазыбек бидің билігінде, Алтай арғынның  3000 отбасы Нияз батырдың билігінде….  Биыл алтай арғындардың Қазыбек би, Нияз батыр сынды адамдары Қарқара, Қазалық жерлеріне қоныстанған деген мәліметті де осы қытай құжатынан көреміз.

Ал, Бұқар жырау мен Қаздауысты Қазыбек бидің осы кезде отырған жері, бірі – үлкен Далба, бірі – кіші Далбада еді.

Абылай ханның бұл сәлемдемесі қытай елшілігін ішке кіргізбей, қайтсе сол жерден қайтару ойы еді. Сонымен, қытай елшілігі Нұра бойында бір айдай екі хан жатып қалады. Елші басшысы Наваң: «Сіздер Әбілмәмбет хан мен Абылайды айтты деп бізді осында күткізіп қойып, қайта-қайта адамдарыңызды жіберіп жатырсыздар. Енді, міне, біз Абылайдың хабарын тағы да күтуімізге тура келеді, ал Әбілмәмбеттің тұратын жері осыдан алыс емес екен, біз жүктерімізді осында қоя тұрып, өзіміз онымен барып кездесіп келсек» деп тілегін айтты да, 3 адамын ертіп, 8 айдың 4-күні Нұра өзенінің жеткен шегіндегі «Қорғалжын» деген жерге барып, сондағы Нияз батырдың қонысында тұрған Әбілмәмбет ханға кездестік». Міне, бұл қытай жазбасында келелі мәселенің нақ осы Нұра бойында шешілгендігін айғақтайды.

1759 жылғы 10 қаңтарда Маньчжур армиясының 4-ші дәрежелі қолбасшысы Наваңның қазақ жеріне елші болып барған сапары жөнінде маньчжур тілінде жазған мәлімдемесінде Әбілмәмбет ханның мынадай сөздері келтіріледі:  «… Абылай менің інім, Әбілпейіз – менің ұлым. Олар менің тапсырмам мен бұйрығыма қарсы шығады дейсіз бе? Әрине, мен де өзімнің інім мен ұлымның игі бастамасын бұзбаймын…». Қытай елшісімен Абылай сөйлескенде ол да былай деген: «…Әбілмәмбет менің ағам болғандықтан, барлық іс соның айтқаны бойынша жүреді, мен оның айтқан – тапсырғандарына  бойсұнамын…».

Әбілмәмбет хан қазақ ұлтының жойылып кетуге аз-ақ қалған шағында әрі орыспен, әрі жоңғармен бітімге келіп, халықты қырып алмай, аман алып қалуға себепші болған тұлға. Бұл ретте оның әрі 1740 жылы Орынборда орыс патшалығының қол астына өткендігі туралы құран көтеріп, ант еткенін, әрі жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенге ақ үйлі аманат қылып баласы Әбілпейізді беріп жібергенін, сөйтіп, өмір бойы жаугершіліктен көз ашпаған халықтың қолын уақытша болса да бейбіт өмірге жеткізгендігін үлкен саяси көрегендігі деп бағалауымыз керек.

«Әбілмәмбет хан айтты» деген ханның бір сөзі Нұра бойына, Қорғалжын жеріне келген қытай елшілігінің өкілі Наваңның хаттамасында келтірілген, оның мазмұны мынадай: «Былтыр Абылай мен Әбілпейіздің Боғда Ежан хандарыңызбен бітімге келгендігі туралы мен хабар алғанмын. Сондықтан, мен осында биыл сөзсіз елші келер деп ойлағанмын және мен елшілермен бетпе-бет кездесіп, әңгімелесу үшін осында арнайы келдім. Елшілер, яғни, сіздердің келіп болғандарыңызды естідім. Мен асылы сіздердің түскен жерлеріңізге өзім бармақшы едім, біраз іс болып үлгермедім. Мен «осы арада Абылай өзі келіп, елшілерді кері қайтарған шығар» деп ойлап, Түркістанға қайтпақшы болып отырғанмын. Сөйтіп, отырғанда сіздер келіп қалыпсыздар, бұл өте жақсы болды. Абылай – менің інім, Әбілпейіз – менің ұлым. Олар менің тапсырмам мен бұйрығыма қарсы шығады дейсіз бе! Әрине, мен де өзімнің інім мен ұлымның игі бастамасын бұзбаймын ғой. Сіз маған Абылайға жіберген хатты көрсетіп отырсыз, бұл өте жақсы. Мен бұл хатты көшіріп алайын да, оның мәнін барша Қазақ жұртына жеткізейін. Сондай-ақ, мен Түркістан төңірегіндегі маған қарайтын Ташкент, Бескент, Ордасарай, Қарамұрын, Сайрам, Шымкент, Қарабұлақ, Маңкент, Иқан, Ташанақ, Қарнақ, Сауран, Қарашық, Аққорған, Үзкент, Созақ, Қазақтыжол, Құлантөбе, Қошсор, Мұқамұжын және Жанкент сынды жерлердің барлығына «егер Қасақшира тұрған жерлеріңе барған болса, оны сөзсіз тұтқынға алып, Боғда Ежен ханға тапсырып беріңдер» деп бұйрық түсірейін. Егер ол [аталмыш жерлерге] бармаған болып шықса, онда мен «келмепті» деп хат жазып жіберермін… Былтыр, мен Боғда Ежен хандарыңызбен бітімге келген жайтты өзімнің барша қазақ жұртыма жеткізіп, «осыдан былай ұйқымыз тәтті, жанымыз тыныш болатын болды» деп айтып едім, елім түгелдей аса қуанышта болды. Бүгін міне мен өз көзіммен елшіні көріп, өз құлағыммен елшінің жақсы сөздерін естіп. Одан әрі риза болып қалдым. Біз Боғда Ежен хандарыңызбен қарым-қатынас орнаттық, өзім де осында келіп, елші сіздермен кездесіп, мәз-мейрам болып отырмын. Ендеше, мен [қазірше] жеріме қайтпай, осы жерден-ақ өз адамымды сіздер, аса құрметті елшілермен бірге жіберіп, Боғда Ежен ханмен дидарласып, ол кісіге сәлем беріп келгізуді ұйғардым. Сіздер Ханбабаның тұрған жеріне барып, күте тұрыңыздар. Мен іле-шала барып адамдардың басын қосып, ақылдасқаннан кейін сіздерді кері жолдарыңызға салып қоярмыз. Абылай да сонда бармақ», – делінген бұл құжатта.

Осы кезеңде екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнауы бұл күрделі мәселе болды. Басты мәселе Қазақ халқының шығысқа қарай, Жоңғар шапқыншылығы кезінде айырылып қалған көне жұртына қайта қоныстану болды. Сонымен қатар, сауда-саттық қатынастарды орнатуды көздеді.

Осы тарихи маңызды  құжаттардан Қазыбек бидің  Абылайхан, Әбілмәмбет хандары мен қытай елшілігі арасындағы келісімдегі ерекше орнын байқаймыз. Себебі, бітім келісім болғанша елшіліктің біршама уақыт осы Нұра бойында тұрақтауы да Қаздауысты Қазыбек биге тиесілі болды.

Т.АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button