«Тұзақтың» тұсауы кесілді

«SARYARQA» телеарнасының кезекті жобасы «Тұзақ» көркем фильмі көрерменге жол тартты. Туынды телеарнаның YouTube әлеуметтік желісінде тікелей эфирден көрсетілді. Фильмнің режиссері Қаршыға ИГЕН сценарийін Дариха НҰРЖАЕВАМЕН бірігіп жазған. Идея авторы – Жұмағұл ШӨЖЕНОВ, дыбыс және монтаж режиссері – Айнұр РАКИШЕВА, операторы – Бекзат ОСПАНОВ.Соңғы кездері Қарағандыда кино өндірісі дамып келеді. Оның ішінде, белгілі кинорежиссер Қаршыға Иген өзінің жаңа көзқарас, тың ізденісімен көрініп жүр. Былтыр ғана оның «Адасқан әйел» картинасын тамашалап, риза болған едік. Оған дейін де жыл сайын көрерменге жаңа фильм ұсынып жүргенін ел біледі. Бұл, әрине телеарна басшысы Берік Дүйсетаев пен іргелі ұжымның қолдауының арқасында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, туындыны түсіруде Білім беру және симуляциялық орталық директоры Гүлшат Кемалова, Қарағанды тарихи-өлкетану мұражайы және басқа да бірқатар мекемелер мен жекелеген азаматтар қолғабыс жасаған. Байқасақ, кино әлеміндегі Қаршыға ағамыздың әр туындысынан оның тынысының ашылып келе жатқандығы аңғарылады. Өзін осы салаға толықтай арнаған. Қадалған жерінен қан алып, нәтиже шығаруды көздейтін қабілеті мен рухани қуаты көзге ұрады.

– Мұнда қазіргі таңдағы сыбай лас жемқорлық, ақшақұмарлық, сатқындық сынды жаман әдеттерді сынға алдық. Адам өмірде маңайындағы адамдарға қаттырақ мән берсе екен. Өйткені, бас пайдасы үшін жанындағы серіктерін сататындар көп. Сондай-ақ, адал өмір сүретін қарапайым адамдар да бар. Күнделікті қарбалас жұмыспен қапталдаса, жыл сайын бір фильм түсіруді қолға алып, бізге осындай мүмкіндік беріп отырған телеарна басшысы Берік Дүйсетаевқа үлкен алғыс айтамыз, – дейді Қаршыға Иген.

«Тұзақ» – замана сазын шертеді. Кейіпкер де көп емес.

Кәсіпкер жігіт Асыланды – Ержан Досжанов, көңілдесінің рөлін – Ақжарқын Қызыр, баскесердің бейнесін Төребек Орын, аңшыны – Еркебұлан Тойболдин сомдаған. Кәсіпкер жігіт Асылан көңілдесімен Қарқаралыға демалуға келеді. Шындығында, ол кезекті тендерден түскен қаржыдан өз үлесін алуға келген еді. Көңілдесі оның алған ақшасының көлемді екенін көріп, ойы бұзылады. Бұрынғы қарызынан құтылуды ойлап, жігітті Қарқаралыда қалуға көндіреді. Өйткені, сонда оның ауқымды мөлшерде берешегі бар бір жергілікті баскесер болатын.

Осылайша кәсіпкер көңілдесі құрған тұзаққа түседі. Баскесер ақшаны алып, кәсіпкерді буындырып өлтіреді. Біраздан соң, көмуге ыңғайланғанда оның қашып кеткенін көреді де ізіне түседі. Екеуі арпалысып, соңында бір-бірін өлтіріп тынады.

Баскесердің қолындағы бір сөмке ақша аң аулап жүрген аңшы жігітке бұйырады. «Бұйырған кетпес» деген осы шығар. Өйткені, аңшы – өте адал жігіт. Оның кішкентай қызы өлім аузында жатыр Келіншегі қайта-қайта ота жасауға қаражат керектігін айтып, ауруханадан қоңырау соғады. Аңшы неге дүр осы орманнан айналшықтап кете алмай қойды. Ақыры қызын аман алып қалуға мүмкіндік табылды. Бұл да бір Құдайдың құдіреті шығар. Әйтпесе, алып-ұшып, ақша іздеп кеткенде кезікпес еді ғой, бұл олжаға. Құдай сездірді, әйеліне «Ақша табамын, саспа» деп айтқызған да бір ғайыптық күш болар, сірә…

Осылайша, екі жігіт ажал құшты да, бір бейкүнә періште өлімнен аман қалды. Бұл да бір Табиғат Ананың тепе-теңдік қағидатының бір көрінісі шығар. Өмірді бағалауды, ғайыптың күшін, адал еңбектің қадірін сезіндік, фильмнен.

Жалпы, актерлердің ойыны, костюмдер, оқиға желісі, диалогтар жаман емес. Артық дыбыс жоқ, фильм тартымды шыққан. Оған қасиетті Қарқаралының көздің жауын алар табиғатын қосыңыз. Осы қарқыннан таймаса, Қаршыға ағамыздың есімін әр қазақ біліп, шет елге де даңқы жайылары анық. Тек, алдағы уақытта күрделірек сюжетті, көрерменді бұдан да терең ойға жетелейтін фильмдерді түсірсе нұр үстіне нұр болар еді…

Жәлел ШАЛҚАР.