Брифинг

Вакцина – ағзаны қолдау

Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының ассоциацияланған профессоры Анна КНАУС «Бұл жолғы коронавирус өзін басқа жағынан көрсетті» деп есептейді. Профессордың айтуынша, COVID-19-бен ауырғандардың көптігіне қарамастан, инфекция әлі де тоқтар емес. Тіпті, оны екінші рет жұқтырып, «ковидтен кейінгі синдром» деген жеке зерттеулер пайда болды. Жалпы, иммунитеттің қалыптасуы мен оған вакцинаның әсері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.

– Коронавирус туралы айтыла бастағанда-ақ, барлық медицина қауымдастығы оны жұқтырмау үшін халықтың 60-70%-ында иммунитет қалыптасуы тиіс деп күтті. Алайда, вирустың таралуы тежелер емес. Қазір біз вакциналау туралы айтқанда, біздің ағзамыздың ауырғаннан кейін белсенді әрі ұзақ уақыт сақталатын жасушаларды өздігінен шығара алмайтынын түсіндік. Иммунитеттің екі түрі болады. Біріншісі – жасушалық, екіншісі – гуморальдық яғни, «Т-жасушалар». Бірінші жағдайда жасушаларымыз коронавирус қоздырғыштарымен бетпе-бет келгенде, ағзамызды қорғай алады. Бұл жағдайда ауру жеңіл түрде өтеді. Яғни, адамда жасушалық деңгейдегі иммунитет қалыптасады. Алайда, қорғаныштың бұл түрі ұзақ сақталмайды. Қазір аурудың күрт өршіп, оны қайтадан жұқтырушылардың көбеюі осы жайтпен байланысты. Ал, гуморальды иммунитет кезінде иммуноглобулиндер, былайша айтқанда, жады жасушалары пайда болады. Олар ағзамыз қоздырғыштармен қайта кездескенде оны танып, қорғау үшін керек, – дейді профессор.

Маманның айтуынша, коронавирус инфекциясының ерекшелігі – одан кейін жады жасушалары 3-тен 6 ай аралығында ғана сақталуында. Ол жойылғаннан кейін ағза өздігінен инфекцияға қарсы тұра алмайды.

Ұжымдық иммунитет әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан, мұндайда вакцина жасау мәселесі туындайды. Оның көмегімен жасанды белсенді иммунитетке қол жеткізе аламыз. Ешбір вакцина жаңадан ойлап табылған жоқ. Вакцина жасау технологиясының болғанына – 300 жыл. Оның қандай түрі болса да, мәні – бір. Ағзаның қорғанышын арттыру әрі қолдау.

Анна Александровна «Спутник-V» оны шығарған Гамалей атындағы ғылыми-зерттеу орталығының деректері бойынша 2 жылға дейін иммунитет беретінін атап өтті. – Бұл вакцина эбола вирусына қарсы қолданған вакцина негізінде жасалды. Сол кезде зерттеліп, тиімділігі дәлелденген. Қазір вакциналарға қатысты зерттеулер әлі де жалғасуда. Нәтижесінде бірқатар жас шектеулері алынып тасталды, – деді А.Кнаус.

Спикер вакцинаға қарсы көрсетілімдер туралы да айтып өтті. Оның пікірінше, тұрақты және уақытша қарсы көрсетілімдер болады. – Вакцина да дәрі сияқты. Оны дені сау адамға салу – міндетті. 5 тұрақты қарсы көрсетілім бар. Біріншіден, жас ерекшелігі. 18 жастан жоғары. Екіншіден, адамда бұрын-соңғы ауыр аллергиялық реакциялар болған болса, екпе салынбайды. Бұған Квинке ісігі, анафилактикалық шок, дәрі-дәрмекке аллергия кіреді. Жүктілік те қарсы көрсетілімге жатады. Бізде вакцинаның біріншісін алып, екіншісін жасар кезде жүктілік анықталып жатады. Сондықтан, жүктілікті жоспарлау кезінде әуелі вакцина алуға кеңес береміз. Бұл болашақ ананы ғана емес, сәбиді де қорғайды. Созылмалы аурулардың асқынуы – вакцина салмауға негіз болады. Мұндай кезде вакцина салу қажеттігі мен мерзімі әр адамда жеке анықталады, – деді Анна Кнаус.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button