Тамырымыз — тереңде

Әкем өте қарапайым еді. Бірақ, елдің, ауыл-аймақтың өткен-кеткенін терең білетін, көп оқыған. Көрген-білгені, ойға түйгені көп тұлға әзіл-қалжыңның да шебері болатын. Әкейдің осы қасиеттері марқұм Сейілхан ағамыздың бойынан табылушы еді. «Асылхан айтып еді, Сейілхан айтып еді» деген қанатты сөздерге пара-пар әңгімелерді замандастары, достары екеуінің көзі тірісінде-ақ аңыздай қылып айтып жүруші еді.

Суретте: солдан оңға қарай әкеміз Асылхан ТӘЖИН, бауырымыз Сейілхан ТӘЖИН.

Әкей кейде өзінің балалық шағы – сонау зобалаң жылдармен, 32-жылдың аштығымен тұспа-тұс келгенін айтатын. Өзі шамамен 4 жаста болса керек. Орск қаласында шешесі, 10-11 жастағы әпкесі, 1 жастан асқан қарындасы – барлығы аштықтың кермек дәмін татыпты. «Қазақстанда ашаршылық тоқтады, халыққа нан беріліп жатыр, босып кеткен халықты қайтарып жатыр» дегенді естіп, әупірімдеп елге жетіпті. Келсе, халықтың әлі де болса аш екендігін, қайтыс болған туысқандарын жерлеуге шамалары болмай, бірінің үстіне бірін үйіп қойып, «шықпа жаным шықпамен» отырған елді көріпті. «Қолымыздағы аздаған нан-тұзымызбен бөлісіп, мұнда әрі қарай қалсақ, барлығымыздың аштан қырылатынымызды сезіп, жүре алатындарын ертіп, Семейге қарай жолға шықтық» деп сөзін жалғастыратын. 15- 20 адам, көбісі бірге туғандар, топ-топ болып, қыбырлап күніне бар болғаны 15-20 шақырым жүруге ғана шамалары жететінін, жолдың ортасында қалған адамдарды, артында келе жатқан келесі топ жолдың шетіне ысырып шығарып отыратынын, сонда жолдың екі жағы аштан қырылған адамдардың мәйіті болатынын өте қамығып айтып отырушы еді…

Өмірде қиыншылықты, жоқшылықты көп көргенінен болар, дүние-мүлікке, байлыққа, атақ-дәрежеге қызығушылығы мүлдем жоқ еді. Бар байлығы – жинаған кітаптары, өте көпшіл, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, қалжыңдасып отыратын, үйден қонақ арылмаушы еді.

Үлкен шешеміз 13 құрсақ көтерген, содан ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен, соғыстан тірі қалғаны – ағасы Сәйді, апасы Ғалия және өзі. Сәйді ағамыз бен Рауза тәтеміз 10 бала тәрбиелеп өсірді. Бұл үйдің шаңырағында алтыншы болып дүниеге келген бала – қазір аты елге мәлім әнші Мейірхан Адамбеков. Апасы Ғалиядан Дәмежан деген жиен апамыз бертінде қайтыс болды, балашағасы, немере-жиендері баршылық

Ашаршылықтан аман қалып, ел есін енді жия бастағанда соғыс басталып, әкем қатарлас 14-15 жастағы жасөспірімдер Қарағанды, Жезқазған шахталарына қара жұмысқа алынып, қайламен көмір қазып, рельспен вагонеткалар итеріп, жеңіске деген өз үлестерін қосты.

Содан соғыс біте сала, 1946 жылы Қарқаралы педучилищесіне түсіп, оны бітіргеннен кейін Қарағандының пединститутының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, өмірінің ақырына дейін мектепте мұғалім, мектеп жанындағы интернаттың меңгерушісі қызметін қатар атқарды. Соғыстан кейінгі уақытта ауылда екі-үш адамның жоғары білімі болса, бірі – біздің әкей еді…

Томар ауылы мектебінің іргетасын өзі құралпас әріптестері Сейдіғали Кеншінбаев, Баукен Әліпбеков, Қазыбай Әбеев, Рақымжан Кенжеғалиев, Маркен Шаукенова, Сейілхан Мұстафинмен бірге қаласып, сол мектептің көркейіп, білім-тәрбие беру сапасының, материалдық-техникалық базасының жылдан жылға артып отыруына бар білімін, тәжірибесін жұмсады. Осы еңбектерінің жемісі ретінде өз шәкірттері 70-жылдардың басында жоғары білім алып, өздері оқыған мектептеріне келіп өздерімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Олар – Мейірхан Қасымжанов, Құдайберген Мақсұтов, Майраш Бекбосынова, Зина Ермекова, Құралай Мақсурина, Жұмакүл Сәбитова, Несіпжан Тезекбаева еді. Қазір олардың да алды 70-тен асты. Елге аян, осы мектептен академиктер, Қазақстанды, қалаберді дүние жүзін мойындатқан спортшылар шықты. Аудан, облыс, республика көлемінде түрлі салада қызмет жасап жатқан Томар мектебінің түлектері ондап, жүздеп саналады. Бұл қатарда мектеп мұғалімдері де, әкімдік және полиция қызметкерлері де, журналистер де, жоғары оқу орнының оқытушылары да баршылық.

Әкей қашан да класқа күле кіріп, құрдастарының, ауылдастарының балаларымен қалжыңдаса жүріп, сабақты өте көңілді де әсерлі өткізетін. Бір қызығы, ешкімге сабақ үстінде баға қоймайтын, кейін қарап отырсаң, әркімнің өзіне сай тиісті бағалары тұратын. Әкейдің ерекше қасиеттерінің бірі сынықшылығы еді, ауылда қолы, аяғы сынып, бұғанасы шығып кеткен талай адамға көмек жасағанын, екі жерден сынып кеткен өз аяғының сүйектерін өзі сипап отырып орнына келтіріп, екі жағынан жұқа ағаш салып, қатты таңып байлап тастағанын ауыл адамдары таңдана әңгімелеуші еді. Әке жолын қуып, педучилище бітіріп, содан кейін университеттің тарих факультетін бітірген Дәулет – Заречный ауылы мектебінің білікті мұғалімдерінің бірі. Екі ұлы да жоғарғы білімді азаматтар. Үлкен ұлы – кәсіпкер, кішісі Абай Алматының әскери институтын бітірген, қазір Отарда әскери қызметте, капитан шенінде, рота командирі.

Өзімнен бір жас үлкен ағам Сейілханның өмірден өткеніне де 20 жылдың жүзі болып қалды. Марқұмның аты аталған жерде, кімнің де болса езуіне күлкі үйіріліп, кім де болса Сейілханның бір қызықты оқиғасының куәсі болғанын айтқысы келіп тұрады. Марқұм өле-өлгенше осы Томар аулының ыстық-суығын бір азаматтай көтеріп, халықтың қайнаған ортасында жүрді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары еді, арнайы білімі жоқ болса да, игі шаралардың ұйытқысы болушы еді, бүкіл Қарқаралы елі таныған азамат еді. Ағайын-туғандардың, ауылдастардың біріміз тойын басқарып, біріміз жаңа түскен келінінің бетіп ашып, елдің рақыметі мен батасын алып, қуаныштарына ортақтасып жүруші едік. Марқұм 42 жасында өмірден озды, өзі қайтыс болғанда 3-5-жаста қалған қыздары қазір бойжетіп, екеуі де жоғары білім алды. Үлкені Айгерім Жаңаарқа еліне тұрмысқа шыққан, кішкентайлы. Кіші қызы Жаннұр – полиция қызметкері.

Кеңес әскері қатарында жүріп шәйіт болған ініміз Дәулен көзі тірі болса, 50 жасқа толып өзі қатарлас жолдастары сияқты немере сүюге жетіп қалар ма еді, кім білсін. Өмірден ерте кететінін сезгендей, өз ортасында жасындай жарқылдап, барлық жолдас-жораларының арасында ерекшеленіп жүруші еді.

Қамилаш анамыз 85 жасқа аяқ басты, немере-шөбере көріп, соларға батасын беріп, тәубесін айтып жүріп жатыр. Қыздардың бәрі де тұрмыста, үйлі-күйлі, немере, жиендердің маңдайын иіскеп отыр.

Ал, енді, алпыс деген жастың асқарына шыққан мен де өз қатарымнан қалғам жоқ. Сонау жасөспірім кезімізде 1973-1975 жылдары Мейірхан екеуіміз Қарқаралының атақты «Салтанат» әнби ансамблінің толық мүшесі болып, сол ансамбльге қатысушы үш оқушының екеуі біз болып, аудандық деңгейдегі барлық шараларға қатысушы едік. Сол кезден ерекше есте қалғаны – Ұлы Жеңістің 30 жылдығында қойылған үлкен концертте қатысқандығымыз. Содан дәл 10 жыл өткенде Ұлы Жеңістің 40 жылдық тойында облыс көлеміндегі салтанатты жиында сахнада Жақсыгелді Кемалов, Салават Кентбеков, Саят Қалияқасов (қазір үшеуі де елге танымал азаматтар) сынды студент жігіттерден құралған «Атамекен» квартетімен сахнада өнер көрсетіппін. Студент шағымда университеттің талантты жастары қатарында Өзбекстанның Ташкент, Самарқант, Бұхара, Новаи қалаларын аралап коцерт қойыппыз. Теледидардан көрініп, облыстық радио қорына өлең жаздырып, өлеңдерім сол жылдары 2-3 рет қайталанып берілген уақыттар болған екен. Университет бітіріп, шалғай жатқан Егіндібұлақ ауданында стажор-адвокат болып қабылданып, 3 айда мерзімінен бұрын аттестаттаудан өтіп, Қарағанды облыстық адвокаттар коллегиясының ең жас мүшесі болдым. Бір жылдан аса сол ауданда жұмыс істеп, отбасы жағдайына байланысты Қарағандыға оралып, Қарағанды облыстық атқару комитетіне инспектор болып жұмысқа қабылданып, он шақты жыл әкімшілік жұмыстың қыр-сырына қанығып, елге еңбегі сіңген аға буын өкілдері З.Іңкәрбаев, С.Кәрібеков, М.Аманбаев, Е.Айтуғанов, И.Базяк, Ф.Попанин сынды азаматтардың тәрбиесін алып, одан кейінгі буын Алшын Шалабаев, Серікжан Қанаевтай ағаларымыздың қарамағында жұмыс атқардық. Халықпен жұмыс істеуді үйреніп, тәжірибе жинақтаған соң өз мамандығым бойынша Қарағанды облыстық әділет департаментіне бас маман болып орналастым.

Байқасам, сонау 70-ші жылдардың аяғында, заң оқуына түсіп, білім алу екінің бірінің қолы жететін белес емес еді. Бір ауылдан сол кезде осы оқуды екі-ақ жігіт бітіріп едік, соның алғашқысы – Нұрлан Әбеев. Оқу бітіріп, қызметті енді бастаған уақытында айықпас ауруға шалдығып, жететін биіктеріне жете алмай, о дүниелік болды.

Ауылдан шыққан Облыстық адвокаттар коллегиясының бірінші мүшесі болдым, облыстық атқару комитетінде, облыстық әділет департаментінде 20 жылдай қызмет атқардым. Қайда жүрсем де елдің тек қуанышына ортақтастым. Мәселен, әскер қатарынан келген кезім, ауылда бір ағамыздың тойында беташар айтатан адам табыла қоймай, маған қолқа салғаннан кейін аяқ астынан мен беташар айтып, содан басталған беташар айту 20 шақты жылға жалғасты ғой. Осы өнерімнің арқасында Қазақстанның біраз аймақтарын аралаппын.

Қазір құдайға шүкір, 3 немеренің атасымын. Үлкен ұлым Әлібек заң оқуын бітірген, қазір Астанада мұнай компаниясының заң саласын басқарады. Кіші ұлым да осы Қарағандыда мұнай саласында жұмыс істейді. Құдаларым, үлкен ұлдың ата-енесі 20-25 жылдай Сыртқы істер министрлігі саласында жұмыс істеп, Италияда, Сауд Арабиясында, Польшада, Қытайда қызметте болып, биыл ғана Астанаға тұрақтап, немере-жиендерін қызықтап жүріп жатыр.

Биыл әкеміздің туғанына – 90 жыл, ағайын-туғандар, көзкөргендер, осы мақаланы оқи отырып, әкеміздің артында қалған ұрпақтарының өмірінен, тіршілігінен хабардар болсын, әкеміз Асылханды, ағамыз Сейілханды, бауырымыз Дәуленді бір сәт те болса еске алсын деген ниетпен жазылып отырған естелік – бұл.

Әбілхан ТӘЖИН,

Қазақстан заңгерлер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.