Тұғырлы тұлға

Елін шексіз сүйіп, ұлтына шынайы қызмет еткен ерлердің есімі әсте естен шықпауға тиіс. Сондай ерлеріміздің бірі де бірегейі – Шәбден ЕРАЛИЕВ. Күрескердің туғанына биыл – 120 жыл.

Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда тарихи тұлғалардың тағдырын қайта саралап, салмақтау үрдісі белең алды да, Шәбден секілді қайраткерлердің асыл бейнесі мен есіл еңбегі халық жадында да, тарих бетінде де көмескілене бастады. «Шәбдендер орнатқан Кеңес үкіметі құлап қалған» деген желеумен жаңа қоғам үшін жанын қиған қажырлы қайраткер есімін тарихтан мүлде өшіріп тастауға пейілді топтар пайда болды. Тіпті, Шәбден Ералиев былай тұрсын, қазақтың өнері мен мәдениетіне, ұлт әдебиетіне орасан олжа алып, Алаш көгінде қырандай самғап, сұңқардай саңқылдаған Сәкеннің (Сейфуллин) қайраткерлігіне күмәнмен қарайтын болып алдық. «Тарихты таразылаудың» осы бір нұсқасының өскелең ұрпақ санасы мен талғамына қыруар нұқсан келтіріп жатқанын ойлап жатқан ешкім жоқ.

Мен бұл сөзді Шәбденнің ұрпағы немесе туысқаны болғандықтан өткір айтып отыр десеңіздер, шатсасыздар. Жалпы, ұлт тарихына жаңа көзқарас керек. Дегенмен, жаңашылдықты жалау етіп жүргенде, барымыздан айырылып қалмасақ жарады.

Мәселен, Шәбдекең – ХХ ғасырдың басындағы саусақпен санарлықтай оқыған қазақтың бірі. Білімі мен білігін еліне арнады. Жаңа қоғамның игілігін қазақ көрсе деген арманы күрескерлікке ұласты. Елі үшін жанын пида етті. Қаскөйлердің қолынан қаза тауып, небары 30 жасында өмірден озды. Жаңа үкіметті қолымен орнатып, мұнайлы өңірдің ырзығын ұрпағым көреді деген адал ниеті арқылы мақсатына қол жеткізді. Алайда, өзі сол жаңа үкімет жолында мерт болды.

Кезінде Шәбден ағамыздың есімімен Маңғыстау облысындағы бір аудан, мұнайшылар поселкесі және тағы бірнеше нысан аталатын. Тәуелсіздік жылдарында осының барлығын алып тастады, өзгертті.

Не үшін? Себебін әлгінде айтып өттік – олар орнатқан үкімет құлап қалғандықтан. Қазақстан аумағында Шәбдекең есімімен аталатын бір ғана ауыл қалды. Ол – өзінің туған ауылы – Жаңаарқа ауданындағы Ералиев селосы. Сондай-ақ, аудан орталығында Ералиев көшесі бар.

Әкем марқұм Дуанбек – Шәбденнің туған інісі. Жасы 90-нан асып, бертінде қайтыс болды. Ақтық демі таусылғанша ағасының ерлігі мен еңбегі лайықты бағаланбағанына өкініп өтті. Маңғыстау, Ақтау өңірлеріне арнайы шақыртумен бірнеше рет барған. Халықпен кездесіп, Кеңес дәуірі кезіндегі Шәбден Ералиевке деген қоғам құрметі мен халық сүйіспеншілігін көзімен көрген. Кейіннен қоғам құрметі кеміді. Ал, халықтың ықыласы – сол күйінде. Батыстағы ағайынмен әлі күнге дейін хабар үзген жоқпыз. Олар Шәбден Ералиевке деген ел құрметінің шексіз екендігін айтқанда бір марқайып қаламыз.

Мақсаты Алаш арманымен үндескен ұлы тұлғаның қайраткерлік тұғырын асқақтату үшін оның өмірдерегіне зер салу қажет деп ойлаймын. Сонда ғана Ералиев есімі ұмытылуға тиіс емес екендігіне көз жеткізуге болады.

Шәбден Ералиев 1898 жылы Жаңаарқа өңірінде өмір есігін ашты. Алғашында ауыл молдасынан сауатын ашқан бала Шәбденнің көзін көрген қариялар «жас кезінен ширақ, елгезек болған» деп еске алады. Кедей отбасында еңбекке ерте төселіп, балалық дәурені бай үйінің қозысын бағумен өтеді. Алайда, бойындағы білімге деген құштарлығы мен жаңа өмірге деген талпыныс-талабы қозы соңында қарын тойдырып жүре беруді місе тұтпайды. Сөйтіп, Түркістанға сапарлаған саудагерлерге ілесіп, ауылдан жырақ кетіп қалған екен. Осы сапарда Ақмоладан Тәшкентке бара жатқан жерлесі Жанайдар Сәдуақасовқа жолығып,1911 жылы, яғни, 8 жасында сол Жанайдар Сәдуақасовтың ықпалымен Түркістан жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Дәл осы оқу орнында жерлесі Бәкен Серікбаев та білім алып, Шәбденге қамқор болады. Сөйтіп, 1915 жылы оқу орнын тәмамдап, Ташкент қаласындағы екі кластық училищеге түсіп, оқу жолын ерекше құлшыныспен жалғастырады. Шәбден оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Атап айтсақ, жастардың саяси үйірмесіне қатысып, революциялық жұмысқа жасырын араласа бастайды. Октябрь революциясынан кейін, 1919 жылы партия қатарына өтеді.

Шәбден оқу жолын аяқтай салысымен, еңбек жолына қамданады. Ресейлік ауыл шаруашылығы санағын жүргізетін мекемеде тіркеуші болып қызмет атқарады. Аз уақыттан соң жер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Уақыт өте аудандық милиция бөлімі бастығының міндетін атқарады. Қызметі бірте-бірте жоғарылап, 1920 жылы БК(б)П Ташкент ұйымы Президиумының хатшысы болып сайланды. Ташкент уездік комитетінің мүшесі болды. Шәбден көзге көп түсіп, өзінің өткір тілді, қайсар мінезді екенін танытады.

Қайраткер Түркістан майданындағы саяси бөлімде қызмет атқарып жүріп, В.Куйбышевпен аралас-құралас болған. В.Куйбышев Шәбденнен үлкен үміт күтіп, әлі де білім жолында тер төгу керек екеніне кеңес берген. Содан Ішкі Істер халық Комиссариатының курсына оқуға түсіп, 1921 жылы бітіреді. Сол қарқынмен Түркістан Республикасы милиция басқармасының инспекторы болып сайланады. 1922 жылы Ақмола уезіндегі милиция басқармасының бастығы, одан соң губерниялық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары болып еңбек етеді. Қазақ жерінде Совет үкіметін орнату ісіне белсене қатысады.

Қайраткер Әулиеата қаласында екі жыл қызмет атқарады. 1927 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетіне мүше болып сайланады. 1928 жылы Адай өлкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл кезде Маңғыстау түбегінде тап тартысы шиеленісіп тұрған екен. Қызметке зор құлшыныспен кіріскен әкеміз округтік партия конференциясын ұйымдастыру жұмыстарымен іссапарға шығып, Каспий теңізінде кемеден із-түссіз жоғалып кеткен. Қаскөйлердің Шәбдекеңді өлтіріп, теңіз тұңғиығына батырып жібергені кейін белгілі болады. Қастандықпен өлтірілді деген айып тағылып, ел ішінде «Ералиев ісі» деген қылмыстық іс қозғалған. Іс бойынша 70 адам тұтқындалып, 61 адам (9 адам тергеу кезінде түрмеде өледі) сотталған. Араға бір жыл салып, 1929 жылы денесі теңізден табылып, Форт-Шевченкоға жерленеді. Әкеміздің мүрдесі Украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченкоға орнатылған ескерткіштің жанына жерленген. Тұғырлы тұлғаның еңбек жолы да, өмір жолы да осылай аяқталады.

Мінеки, әкеміздің бар болғаны 30 жасқа толар-толмас шағында еліне елеулі еңбек сіңіріп, нағыз қайраткер тұлға болғанын осы өмір дерегінен-ақ көруге болады. Ал, біздің қоғам осындай айтулы тұлғаның есімін тарихтан өшіргісі келеді.

 Қазақ сахарасында Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысқан даңқты дарабозымыздың туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Шәбдекеңнің артында Кеңес, Меңдеш есімді екі ұл, Роза есімді бір қыз қалған. Маңғыстауға Петропавлдан аттанған екен. Асыл жары Әлиман шешеміз осы Роза апамызға аяғы ауыр екен. Сезімтал, сергек азамат қой, Шәбдекең перзентханаға соғып, дәрігерге гүл ұсынып: «Егер, қыз туса атын Роза қойыңыздар» деп аманат айтып үлгереді. Шәбденнің өз кіндігінен тараған ұрпақтары Жаңаарқа ауданының Қызылжар станциясында, ал, туған інісі Дуанбек Ералиевтің ұрпақтары бұрынғы К.Маркс совхозы қазіргі қайраткер атымен аталатын Ш.Ералиев ауылында тұрып жатыр.

Еңселі ауыл Ералиевте тұғырлы тұлғаның 120 жылдығына арналған мерекелік шаралар жыл басынан бері ұйымдастырылуда. Аудан әкімдігінің қолдауымен тамыз айында қайраткер бейнесі тастұғырға қонып, ауылда кешенді шара ұйымдастырылмақшы. Ажарлы ауыл орталығындағы саябаққа Шәбден Ералиев есімі беріліп, мүсіні де осы саябақтан орын тебетін болады. Мерекелік шараға туған немересі Жылкелді Ералиев бастаған ұрпақтары және інісі Дуанбектен тарайтын Мәлібек, Жәнібек балалары да қомақты үлес қосуда.

 Ер есімі – ел жадында осылайша жаңғырып жалғаса бермек.

Жәнібек ДУАНБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.