С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрында тыңдарман жүрегіне сыршыл әндерімен жол тапқан сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Марат Түсіпбековті еске алуға арналған «Сен жайлы…» деген әсерлі кеш өтті.
Биыл туғанына 70 жыл толып отырған талантты музыканттың өмірден өткеніне сегіз жылдың жүзі болыпты. Ол ұзақ жылдар бойы С. Қожамқұлов театрының музыка бөлімінің меңгерушісі болып жемісті қызмет жасаған еді. Көптеген қойылымдарға арнап музыкалық туындылар жазған. Солардың қатарында 1999 жылы Бішкекте өткен театрлар фестивалінде қойылған Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселім» спектаклінің музыкасын жазғаны үшін Марат Түсіпбеков Халықаралық фестиваль лауреаты атанды. Шығармашылық ғұмырында 200-ден астам ән, романс, аспаптық туындылардың авторы болған Мәкең республикалық «Жаңа ғасырға — жаңа ән» байқауының дипломанты болған еді. Белгілі өндер тарланы, КСРО Халық артисі Еркеғали Рахмадиев: «Жоғары кәсіби білімі бар Марат ән жазумен ертеден айналысқан, қазіргі кезде талғамына дарыны сай шебер сазгер болып қалыптасқан» деп ол туралы жылы лебізін білдірген болатын. Иә, Қарағанды музыкалық училищесін, одан соң ҚарПИ-ның ән және күй пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген М.Түсіпбеков жасынан ән жазуға бой ұрып, ең алғаш Кәкімбек Салықов ақынның «Ғашық деген бар болса» деген өлеңін әнге айналдырыпты. Осылайша ол Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Марфуға Айтқожина сынды көптеген белгілі ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Алматыда 1993 жылы жарық көрген «Жастық шақ әуендері» жинағына Мараттың таңдаулы төрт әні енгізілсе, 2005 жылы «Фолиант» баспасынан «Сарыарқадан соққан самал» атты өзінің жеке ән жинағы кітап болып шықты.
Сыршыл композитор Марат Түсіпбеков көзі тірісінде Жезқазғандағы «Ұлытау үні» фестивалінде, Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында, Астанадағы Президент Мәдениет сарайында шығармашылық есеп беріп, көпшілік қауымды әуезді әндерімен сусындатқан болатын. Астанадағы шығармашылық кешінде Тәттімбет атындағы әйгілі халық аспаптары оркестрінің арнайы барып, Мәкең әндерін сүйемелдеуі де шынайы талантқа деген құрметтің белгісі деп бағалаған жөн.
Еске алу кешінің «Сен жайлы…» деп аталуының да өзіндік сыры бар екен. Ақын Ибрагим Бекмаханұлының сөзіне жазылған бұл әнін Мәкең жан жары Алтынға арнапты. Кеш шымылдығы бойтұмардай осы әнмен ашылып, одан әрі филармония әншілері Зәуреш Омарованың, Гүлдәурен Жидебаеваның және театр өнерпаздарының әуелеткен әндеріне жалғасты. Алматыдан арнайы келген ақын Ибрагим Бекмаханұлы үзеңгілес дос рухына арнаған өлеңін оқыса, Қазақстанның халық артисі Досжан Жанботаев және туысқандары жайсаң жанның жақсы қасиеттері туралы сыр шертті. Аяулы жары Алтын әсерлі кеш ұйымдастыра білген театр ұжымына, жезқазғандық өнер жанашырларына алғыс сезімін білдірді. Ізгі шара ас беріліп, құран бағыштауға ұласты.
Амандық РАХҰЛЫ
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.