АймақБас тақырып

Қарағандыда Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты заңсыз ұстаған күдікті қамауға алынды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, ұзақ уақыт бойы асырап келген азаматқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі tengrinews.kz -ке сілтеме жасап. 

Сурет видеодан алынды

Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері республикалық «Құсбегілік» федерациясы және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола тұра Қарағандыдағы жеке үйінің аумағында заңсыз құс тәлімбағын ұйымдастырған.
Ол ұлттық саятшылыққа, қыран құстарды күтіп-баптауға және емдеуге арналған Instagram парақшасы арқылы түрлі адамдармен байланыс орнатып, табиғи ортадан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізіп отырған.
Тінту барысында күдіктінің үйінен барлығы 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады.
Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Сонымен қатар оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне де тыйым салынып, мүлкіне арест қойылды.
Қазіргі уақытта тәркіленген құстар Қарағанды хайуанаттар бағына уақытша орналастырылды. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button