Жаңалықтар

«Адам саудасы – ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқаны басталады

Қазіргі таңда халықаралық қылмыстық топтар адамдарды алдау үшін цифрлық технологияларды, әлеуметтік желілерді және түрлі интернет-платформаларды кеңінен пайдаланып келеді. Олар жоғары жалақы ұсынылатын жұмыс орындарын желеу етіп, азаматтарды адастырады, еркіндігін шектейді және заңсыз әрекеттерге қатысуға мәжбүрлейді.

Сурет polisia.kz

Бүгінде адам саудасы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың ең қауіпті әрі қарқынды таралып жатқан түрлерінің бірі саналады. Оның құрбандары жасына, кәсібіне немесе білім деңгейіне қарамастан кез келген адам болуы мүмкін.

Қазіргі заманғы адам саудасы тек жыныстық қанау немесе мәжбүрлі еңбекпен ғана шектелмейді. Қылмыскерлер адамдарды интернет-алаяқтыққа, киберқылмысқа, заңсыз көші-қонға, есірткі тасымалына, ұрлыққа және өзге де қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлеу тәсілдерін жиі қолдануда.

Осыған байланысты алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру адам саудасына қарсы күрестегі ең тиімді құралдардың бірі болып қала береді.

Халықаралық күш-жігерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 24–30 шілде аралығында «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» атты республикалық ақпараттық науқан өткізеді.

Науқанның басты мақсаты – қоғамның назарын адам саудасы мәселесіне аудару, азаматтарды адамдарды арбаудың заманауи тәсілдері туралы хабардар ету, сондай-ақ адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат беру.

Іс-шараларға мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция бөлімшелері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Апта бойы еліміздің барлық өңірінде халықпен кездесулер, құқықтық консультациялар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, профилактикалық материалдарды тарату және адам саудасының алдын алуға бағытталған өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтарды жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарды, әсіресе шетелде еңбек етуге қатысты ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. Жеке құжаттарды бейтаныс адамдарға бермеу, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және адам саудасына қатысты күдік туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлау маңызды.

Әрбір азамат қырағылық танытып, сенімді ақпарат тарату және қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету арқылы адам саудасының алдын алуға өз үлесін қоса алады.

Жыл сайын 30 шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтіледі. Биылғы халықаралық науқан «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтіп, адам саудасы құрбандарын онлайн-алаяқтық пен өзге де цифрлық қылмыстар жасауға мәжбүрлеу мәселесіне ерекше назар аударады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button