АймақҚарағанды

«Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында 2 800-ден астам құқық бұзушылық анықталды

Қарағанды облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кең ауқымды рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 800-ден астам дерегін анықтады. Оның ішінде 57 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына заңсыз шыққан 54 жүргізуші және көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 22 азамат анықталды.

Тексеру барысында заңсыз қайта жабдықталған 94 көлік құралы, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланудың 17 дерегі және есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданудың 28 фактісі тіркелді.

Профилактикалық жұмыстардың тұрақты жүргізілуіне қарамастан, кейбір жүргізушілер заң талаптарын өрескел бұзып, өз өмірімен қатар өзгенің де қауіпсіздігіне қатер төндіруде.

Мәселен, 18 шілдеде Теміртау қаласында жүргізуші куәлігі жоқ әрі мас күйінде Warrior электрмопедін басқарған азамат ұсталды. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.

19 шілдеде Балқаш қаласында тоқтатылған Lada Priora автокөлігін бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 32 жастағы ер адам басқарғаны анықталды. Тексеру барысында оның қайтадан алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндегені белгілі болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сол күні Теміртау қаласында тағы бір өрескел құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полицейлер тоқтатқан 47 жастағы скутер жүргізушісінің де көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.

Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің ортақ міндеті екенін еске салады. Жолдағы бір сәттік жауапсыздық адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір жол қозғалысына қатысушы заң талаптарын қатаң сақтап, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуы қажет.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button