Иордания астанасы Амманда жасөспірімдер арасында дзюдан өткен Азия чемпионаты Қарағанды облысының спортшылары үшін табысты аяқталды. Жерлестеріміз халықаралық додада төрт жүлде жеңіп алды. Бұл жайлы Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл дода жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты қарсаңындағы маңызды халықаралық сындардың бірі болды. Жарыс барысында спортшылар халықаралық рейтингке қажетті ұпайларын толықтырып, жоғары деңгейдегі бәсекеде тәжірибе жинақтады.
Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Қарағанды облысының дзюдошылары жоғары нәтиже көрсетті. Ағадыр кентіндегі спорт мектебі, «Жас Сұңқар» клубы, Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжі және Облыстық кешенді спорт мектебінің тәрбиеленушілері ел қоржынына төрт жүлде салды.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Ерұланұлы Санжар барлық қарсыласын тізе бүктіріп, Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Оны жарысқа бапкері Хасен Сақеев дайындады.
Күміс медальдарды +78 келіде бақ сынаған Руслана Махатова мен 70 келіге дейінгі салмақта күрескен Айша Алтай иеленді. Руслананың жеке жаттықтырушысы – Қайрат Жұмабек, ал Айшаны жарысқа Дастан Манабаев баптады.
48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айзат Наукенова қола жүлдеге қол жеткізді. Оның бапкері – Елдос Әбішев.
Осы нәтижелердің арқасында Қарағанды облысының спортшылары Қазақстан құрамасының жалпы жетістігіне қомақты үлес қосып, ұлттық құраманың медаль қорын бір алтын, екі күміс және бір қола жүлдемен толықтырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫ



