ЖаңалықтарБас тақырып

Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» облыстық байқауы басталды

Қарағанды облысында өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, рухани мұрамызды дәріптеу және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Тұлпар мініп, ту алған!» атты облыстық байқау басталды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Байқау Қарағанды облысының арнайы мектептері, балаларды қолдау орталықтары мен жалпы білім беретін мектептердің 6–10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылады. Аталған додада қатысушылар қазақ халқының асыл мұраларының бірі – «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқудан бақ сынайды.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, олардың сөйлеу мәдениетін жетілдіру, зерделі әрі парасатты тұлға қалыптастыру, сондай-ақ халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау.

Байқауға қатысуға ниетті оқушылар мен жетекші ұстаздар saryarqa-jastary.kz сайтының «Жобалар» бөліміндегі «Тұлпар мініп, ту алған!» айдары арқылы тіркеліп, өтінім жолдай алады.

Айта кетейік, байқауға негіз болатын Сүлеймен Жаңбыршин нұсқасындағы «Алпамыс батыр» жырын және байқаудың толық ережесін аталған сайттан жүктеп алуға болады.

Ұйымдастырушылар ұлттық мұраны ұлықтап, сөз өнерін серік еткен барлық талапкерлерді байқауға белсенді қатысуға шақырады.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button