Испания екінші рет футболдан әлем чемпионы атанды
Испания құрамасы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында екінші мәрте әлем чемпионы атанды.

Финалдық кездесу тартысты өтті. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ испаниялық футболшылар шабуылға ден қойып, қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Аргентина құрамасы да қарымта шабуылдарға иек артқанымен, шешуші сәттерде нәтижелі ойын көрсете алмады.
Кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Матч тағдырын өзгерткен оқиға бірінші таймның соңына қарай орын алды. Аргентиналық жартылай қорғаушы Энцо Фернандес қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Сан басымдығына ие болған Испания қосымша уақыттың 106-минутында Ферран Торрестің дәл соққысының арқасында жеңіс голын соқты.
Статистикаға сәйкес, Аргентина матч бойы Испания қақпасына бірде-бір дәл соққы бағыттай алған жоқ. Осылайша Лионель Месси бастаған құрама 2022 жылы Катарда жеңіп алған әлем чемпионы атағын қорғай алмады.
Испания тарихында екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұған дейін испандар әлемдік доданың бас жүлдесін 2010 жылы жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ, Испания құрамасының қорғаушысы Пау Кубарси 2026 жылғы әлем чемпионатының үздік жас ойыншысы атанды. 19 жастағы футболшы турнирдегі сегіз матчтың барлығына негізгі құрамда шығып, бірде-бір кездесуде алмастырылған жоқ. Оның сенімді ойыны Испанияның әлем чемпионы атануына елеулі үлес қосты.
Испания құрамасының шабуылшысы Ферран Торрес әлем чемпионаттары тарихында финалда алаңға қосалқы құрамнан шығып, жеңіс голын соққан екінші футболшы атанды. Ол Нью-Йоркте өткен финалдық кездесудің қосымша уақытының 106-минутында Аргентина қақпасын дәл көздеп, Испанияға чемпиондық әкелген жалғыз голдың авторы болды.
Бұған дейін мұндай жетістікке тек Германия құрамасының ойыншысы Марио Гетце қол жеткізген еді. Ол 2014 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина қақпасына матчтың 113-минутында жеңіс голын соққан болатын.
Испания құрамасының капитаны Родри 2026 жылғы әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы деп танылып, турнирдің «Алтын добына» ие болды.
30 жастағы жартылай қорғаушы чемпионат барысында сегіз матчтың барлығына қатысып, командасының әлем чемпионы атануына елеулі үлес қосты. Оның көшбасшылық қасиеті мен тұрақты ойыны Испанияның табысты өнер көрсетуінде маңызды рөл атқарды.
Испания құрамасының қақпашысы Унай Симон турнирдің үздік қақпашысы атанып, «Алтын қолғап» жүлдесін жеңіп алды.
29 жастағы голкипер әлем чемпионатында сегіз матч өткізіп, олардың жетеуінде қақпасына гол жіберген жоқ. Сонымен қатар ол әлем чемпионаттары тарихындағы жаңа рекордтың авторы атанды. Унай Симон өз қақпасын 649 минут бойы голдан аман сақтап, италиялық Вальтер Дзенганың 517 минуттық бұрынғы рекордын жаңартты.
Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2026 жылғы әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанып, «Алтын бутса» жүлдесін жеңіп алды.
27 жастағы футболшы турнирдегі сегіз матчта 10 гол соқты. Бұл көрсеткіш бойынша екінші орынға сегіз голмен Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси тұрақтаса, үшінші орынға жеті голмен Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд жайғасты.
Мбаппе әлем чемпионаттары тарихында екі бірдей мундиальда үздік сұрмерген атанған алғашқы футболшы болды. Ол бұған дейін 2022 жылғы әлем чемпионатында да сегіз гол соғып, «Алтын бутса» жүлдесін иеленген еді.
Сонымен қатар француз шабуылшысы әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. Қазір оның еншісінде әлем чемпионаттарындағы 22 матчта соғылған 22 гол бар.
Бұл көрсеткіш бойынша Лионель Месси екінші орында келеді. Аргентина капитаны әлем чемпионаттарында 34 матч өткізіп, 21 гол соққан. Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты барысында Килиан Мбаппе мен Лионель Месси Германия құрамасының аңыз шабуылшысы Мирослав Клозеге тиесілі болған 16 голдық рекордты жаңартты.
Чемпиондыққа дейін Испания H тобында екі жеңіс пен бір тең ойын нәтижесінде 7 ұпай жинап, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Топтық кезеңде Уругвайды (1:0) және Сауд Арабиясын (4:0) жеңіп, Кабо-Вердемен (0:0) тең түсті. Кейін 1/16 финалда Аустрияны (3:0), 1/8 финалда Португалияны (1:0), ширек финалда Бельгияны (2:1), ал жартылай финалда Францияны (2:0) ұтып, финалға шықты.
Аргентина J тобында барлық үш ойында жеңіске жетіп, тоғыз ұпаймен бірінші орын алды. Олар Аустрияны (2:0), Алжирді (3:0) және Иорданияны (3:1) жеңді. Кейін плей-офф кезеңінде Кабо-Вердені (3:2, қосымша уақытта), Египетті (3:2), Швейцарияны (3:1, қосымша уақытта) және жартылай финалда Англияны (2:1) жеңіп, финалға дейін жетті.
2026 жылғы әлем чемпионаты бір айдан астам уақытқа созылып, футбол тарихындағы тағы бір жарқын турнир ретінде есте қалды. Финалда бұрын әлем чемпионы атанған екі құрама кездесті. Аргентина бұған дейін үш мәрте әлем чемпионы атанса, Испания осы жеңісімен чемпиондық атақ санын екіге жеткізді.
Әлем чемпионаты тарихында бүгінге дейін чемпиондық атақты сегіз мемлекет қана жеңіп алған. Олар – Бразилия, Германия, Италия, Аргентина, Уругвай, Франция, Англия және Испания. Ал Нидерланд үш рет, Чехословакия мен Венгрия екі реттен, Швеция мен Хорватия бір реттен финалға шыққанымен, әлем чемпионы атана алған жоқ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



