Асығы алшысынан түсті
Қостанайда жастар арасында асық ату мен бес асықтан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің әр өңірінен жиналған 80-ге жуық спортшы төрт күн бойы ұлттық спорттағы шеберліктерін сынға салып, үздіктерді анықтады. Аталған додада асық ату спортынан үш спортшы облыс намысын қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша бұқар жыраулық Ержан Солтан блиц бағдарламасында жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, күміс жүлдені иеленді.

Қазақстан чемпионаты төрт аталым бойынша ұйымдастырылды. Ұлдар дәстүрлі асық ату мен блиц бағдарламасында өзара мықтыны анықтаса, қыздар дәстүрлі бес асық және блиц түрлерінде сынға түсті. Бұл бәсекеде облыс намысын Бұқар жырау ауданының спортшылары Ержан Солтон, Батырхан Балташ және Данияр Путятин қорғады. Чемпионат қорытындысында Ержан Солтон блиц бағдарламасында жоғары нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды.
Айта кетейік, аталған үш спортшы да мамыр айында өткен облыстық турнир қорытындысы бойынша республикалық чемпионатқа жолдама алған үздіктер. Жарыс барысында үш спортшымыз жекелей және блиц бағдарламаларында бақ сынады. Ержан Солтон жекелей сында тоғыз тур өткізіп, оның алтауында жеңіске жеткен. Үш кездесуде қарсыластарына есе жіберіп, қорытындысында VII орынға тұрақтады. Ал, блиц бағдарламасы олимпиадалық жүйе бойынша ұйымдастырылды. Бұл форматта жеңілген спортшы жарыс жолынан шығып отырған. Ержан осы санатта алғашқы бес кездесуде қарсыластарынан басым түсіп, финалға дейін жеткен. Алайда, шешуші бәсекеде түркістандық спортшыға есе жіберіп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
– Ержан ақтық сында Түркістан облысының өкілімен кездесті. Бұл спортшы былтырғы ел чемпионатында блиц бағдарламасы бойынша чемпион атанған. Финалдық кездесуде Ержанға аздап тәжірибе жетіспеді деп ойлаймын. Бірінші кезеңде жеңіске жетсе, екінші айналымда қарсыласы есепті теңестіріп үлгерді. Ал, шешуші кезеңде қарсыласы тәжірибесінің арқасында бір асық артық алып, жеңісті жұлып алды. Бұл – Ержанның алғашқы республикалық деңгейдегі турнирі. Ауылда дайындалып, осындай байрақты бәсекеден жүлде алуы үлкен жетістік. Соңғы екі жылда оның көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенімім мол.
Енді Өскемен қаласында жастар арасында командалық сайыстан өтетін ел чемпионатына дайындықты бастап кеттік. Осы үш шәкіртім де облыс намысын қорғайтын болады. Алдағы жарысқа да тыңғылықты әзірлік жүргізіп жатырмыз, – деді Бұқар жырау ауданының «Арлан» спорт клубының жаттықтырушысы Айдар Қабыкенов.
Батырхан Балташ пен Данияр Путятин де жекелей сында өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды. Екі спортшы да тоғыз ойын өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жеткен. Данияр блиц бағдарламасында ширек финалға дейін жетіп, бұл кезеңде ақтөбелік қарсыласынан айласын асыра алмады. Ал, Батырхан екінші айналымнан кейін жарыс жолын аяқтады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



