Руханият

Қайраткер мұрасы – мұрағатта

Қарағанды облыстық «Ихлас» татар-башқұрт қо­ғамдық орталығының негізін қалаған Анвар Керейбаевтың туғанына биыл 90 жыл. Елдің ынтымақ-бірлігіне, мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұмытылмас тұлғаның жеке құжаттары облыстық архивке тапсырылды. Осыған орай Достық үйінде мемарандум­ға қол қойылды.

Сурет автордан

Достық үйіндегі жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов сөз алып, бұл құжаттардың келешек ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

– Анвар Керейбаевтың ғұмыры жас ұрпаққа үлгі. Ол еліміздің нығаюына қалтқысыз қызмет етті. Әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуында осы тұлғаның есімі айрықша аталады. Татар-башқұрт мәдени орталығын құруын – еліміздегі ынтымақ пен бірліктің нығая түсуіне өз үлесін қосты деп ауыз толтырып айта аламыз. Анвар Керейбаев секілді тұлғалардың арқасында еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Мен оны жас маман болып жүрген кезімнен танимын. Облыс әкімдігінің ғимаратына келіп, бізді құшақтап, хал-жағдайымызды сұрайтын. Жас мамандардың барлығы оны ерекше жақсы көретін. Сондай кең пейілді, ақ жүректі азамат еді. Күле жүріп, елді жақсы көре жүріп ауқымды шаруаларды атқаратын. Татар халқының дәстүрлі «Сабан тойын» әлі күнге дейін атап өтіп келеміз. Сол «Сабан тойдың» негізін қалаған осы Анвар ақсақалымыз еді. «Сабан тойды» Қарағанды жұрты шын ықыласпен қабылдады. Орталық саябақта ауыз толтырып айтатын мереке болатын. Міне, осындай тұлғаның бүгін ашылып отырған тектік қоры өз зерттеушілерін, оқырмандарын табады деген сенімдемін, – деді Нұрлан Бикенов.

«Сабан той» бүгінде халықтар достығының мерекесіне айналды. «Сабан тойда» биік тұғырлы мәдениет дәріптеледі. Ұлттық ән, ұлттық би, күй, ұлттық спорт және ұлттық асхана – барлығы осында. «Сабан той» десе, еске бірден Анвар Керейбаев түседі.

Облыстық архивке құжаттарды тапсыр­ған Анвар Керейбаевтың қызы Эльмира Анварқызы. Жалпы саны түпнұсқада 33 құжат аманатталды. Ол әкесінің құжаттары ұрпақтан ұрпаққа жетуі үшін осындай шешімге келгендігін айтады.

– «Ихлас» татар-башқұрт мәдени орталығының негізін қалаған әкем еді. Маған әкемнің жеке құжаттар қорын ашу туралы ұсыныс түсті. Отбасымызбен ақылдаса келе әкеміздің барлық суреттерін, жеке қағаздарын, құжаттарын, жазбаларын, медальдарын жеке қорға тапсыруды жөн көрдік. Әкемнің еліміз үшін атқарған еңбегін елеп, осындай қадам жасап отырған облыс басшылығына алғысымды айтамын! – деді Эльмира Анварқызы.

Жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова да қатысып, Анвар Керейбаев туралы жылы естелігімен бөлісті.
Жиын соңында Қарағанды облысындағы мемлекеттік архивтің басшысы Ерлан Нелдыбаев пен Анвар Керейбаевтың қызы Эльмира Анварқызы ортақ актіге қол қойды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button