Қарағандыда әлемдегі ең үлкен мұз айдындарының бірі салынуы мүмкін
Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде, нақтырақ айтсақ Ашимов көшесі маңында жаңа үлкен ашық алаңның құрылысы басталды. Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, қалада тұрғындарды жинайтын концерттер, фестивальдер мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи кеңістікке сұраныс артып келеді. Осыған байланысты бұрын бос жатқан аумақ мәдени және демалыс орны ретінде абаттандырылуда.
Қазіргі уақытта алаңның негізі дайындалып, жаңбыр суын бұру жүйесі орнатылып жатыр. Келесі кезеңде аумақ асфальтталып, заманауи жарықтандыру жүйесімен жабдықталады. Жаңа алаңның жалпы көлемі 50 мың шаршы метрден асады.

Жоба аясында бұл аумақта концерттер, фестивальдер, жәрмеңкелер мен түрлі қалалық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Ал күнделікті уақытта тұрғындар велосипед, ролик және самокат тебе алады. Қыс мезгілінде мұнда әлемдегі ең үлкен мұз айдындарының бірін жасау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, жаңа алаңға апаратын жолдар да абаттандырылып, бұл ірі іс-шаралар кезінде көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жаңа кеңістіктің алғашқы ауқымды шарасы ретінде биылғы Шахтерлер күніне арналған мерекелік іс-шараларды өткізу жоспарланған.



