Руханият

Білім грантын иеленді

Қарқаралы ауданының Нұркен ауылындағы №10 мектептің оқушысы Кәусар Тоқтаубай білімге деген талпынысы мен табандылығының арқасында IQanat білім беру грантын жеңіп алды. Енді ол еліміздегі дарынды ауыл балаларына арналған беделді оқу орындарының бірі – IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

«Кәусар» республикалық IQanat олимпиадасының көпсатылы іріктеуінен сәтті өтіп, финалда үздіктер қатарынан көрінді. Алматы қаласында өткен шешуші кезеңге еліміздің түпкір-түпкірінен мыңнан астам оқушы қатысқан. Ал биылғы олимпиадада Қазақстанның ауыл мектептерінен 60 мыңнан астам оқушы бақ сынады.

Болашақта дәрігер болуды армандайтын Кәусардың сүйікті пәндері – биология, математика, ағылшын тілі және қазақ әдебиеті. Ол сабақтан тыс уақытта көркемсөз оқу байқауларына тұрақты қатысып, қазақ ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқуды ұнатады. Олимпиадаға дайындықты ол өткен жылдың желтоқсанында бастаған. Бірнеше ай бойы математика, биология және ағылшын тілінен жүйелі дайындалып, күн сайын білімін жетілдіруге күш салған.

– Білім беру грантын жеңіп алғанымды естігенде алғашында тіпті сене алмадым. Бұл өмірімдегі ең әсерлі сәттердің бірі болды. Қуаныштан көзіме жас келді, еңбегімнің ақталғанына біраз уақытқа дейін сенбей жүрдім. Ендігі мақсатым – Бурабайдағы IQanat мектебін үздік аяқтап, Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарының біріне түсу. Мен үшін IQanat – сапалы білімге, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын жол. Бұл ауыл балаларының арманына қанат бітіріп, өз қабілетін толық ашуына мүмкіндік беретін ең құнды жобалардың бірі екеніне кәміл сенемін, – дейді грант иегері Кәусар Тоқтаубай.

IQanat – ауыл мектептеріндегі дарынды оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік-білім беру жобасы. Бүгінде бастаманы Қазақстанның 250 кәсіпкері қолдап келеді. Жоба аясында жеңімпаздар Бурабайдағы IQanat High School мектебінде тегін білім алып қана қоймай, ағылшын тілі, ІТ бағыттары және ҰБТ-ға дайындық бойынша кешенді қолдауға ие болады.

Соңғы жеті жыл ішінде Қарағанды облысынан 45 оқушы IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға арналған грантты жеңіп алған. Биыл өңірдің ауылдық елдімекендерінен тағы бес оқушы осы мүмкіндікке ие болды. Бұл ауыл жастарының сапалы білімге қол жеткізуіне жасалып жатқан нақты қолдаудың нәтижесін көрсетеді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button