ҚарқаралыАймақБас тақырып

Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына арналған мерейтой Қарқаралыда өтеді

Қарқаралы ауданында Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтеді.

Сурет ЖИ

Мерекелік шаралар «Қарқаралы GO» этно-лагері аумағында ұйымдастырылады. Бағдарламада облыстық өнер ұжымдарының концерті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қазақ күресі, қол күресі, садақ ату, сондай-ақ «Жаңанегіз» ауылындағы атшабарда құнан, топ және аламан бәйге өтеді.

Жарыс жеңімпаздарына қомақты сыйлықтар қарастырылған. Қазақ күресінің екі салмақ дәрежесі мен құнан және топ бәйгесінің жеңімпаздарына автокөлік, ал екінші және үшінші орын иегерлеріне 500 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйақы табысталады. Қол күресі бойынша жеңімпаздар 300 мың теңгеге дейін, садақ атудан үздіктер 200 мың теңгеге дейін ақшалай жүлде алады. Аламан бәйгеде де жеңімпаздарға автокөлік, жүлдегерлерге миллион теңгелік сыйақылар беріледі.

Мерейтойлық кештің хедлайнері – әнші Әділет Жауғашар. Сонымен қатар, облыстың өнерпаздары мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Ұйымдастырушылар облыс жұртшылығы мен қонақтарды қазақтың тұңғыш ғарышкерінің мерейтойын бірге атап өтуге шақырады.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button