Спорт

Додада дес бермеді

Қарағандыда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен өткен «Сарыарқа-2026» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Жарыстың жабылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов қатысып, үздік спортшыларды марапаттады. Ал, турнир қорытындысы бойынша қарағандылық теннисшілер жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте бір алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Айта кетейік, биылғы турнир халық­аралық сипатқа ие болды. Дәстүрлі додаға Қазақстанның жас теннисшілерімен қатар Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген спортшылар қатысып, өзара шеберліктерін сынады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов турнирдің өскелең ұрпақты спортқа баулудағы, саламатты өмір салтын насихаттаудағы маңызына ерекше тоқталды.

– Мұндай жарыстар спортты, саламатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, түрлі елдерден келген балалардың достық қарым-қатынасының нығаюына ықпал етеді. Қатысушылардың әрқайсысына жарқын әсер мен ұмытылмас сәттер сыйлайды деп сенемін! – деді Азамат Тайжанов.

Турнирге қатысқан шетелдік мамандар да жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Өзбекстанның Ташкент облысынан келген жаттықтырушы Георгий Цой Қарағандыда өтетін жарыстардың жылдан жылға кәсіби деңгейде ұйымдастырылып келе жатқанын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

– Біз Қарағандыда өтетін дәстүрлі турнирлер мен клубтық чемпионаттарға тұрақты түрде қатысамыз. Биылғы «Сарыарқа-2026» турнирі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр спортшының өзіндік ойын стилі мен тактикасы болғандықтан, әрбір кездесу шиеленіске толы өтіп, соңына дейін жеңімпазды болжау қиынға соқты. Мұндай халықаралық турнирлер жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына да мол мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жарысты ұйымдас­тырушыларға алғыс білдіремін, – деді Георгий Цой.

Облыс намысын қорғаған Алан Құрманғалиев кезекті жарыста да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жерлесіміз 2007-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында сынға түсіп, барлық қарсыласын сенімді жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Шешуші финалдық кездесуде Алан Шымкент қаласының өкілі Қасым Нұрисламмен шеберлік байқасты. Нәтижесінде, жерлесіміз 3:0 есебімен басым түсіп, чемпион атанды. Дегенмен спортшы бұл кездесудің оңай болмағанын, қарсыласының мықтылығына атап өтті.

– Финалдық ойын тартысты өтті. Бұл кездесуге тыңғылықты дайындалып, қарсыластың ерекшеліктерін ескере отырып, тактикалық жоспар құрдым. Себебі, қарсыласым мықты спортшы. Екеуміз де Қазақстан ұлттық құрамасы сапында бірге өнер көрсетеміз, – деді Алан Құрманғалиев.

Турнир қорытындысы бойынша қарағандылық спортшылар бірнеше жүлделі орынға ие болды. 2010-2012 жылдары туған ұлдар арасында сынға түскен Асылхан Мағзұмбеков чемпионаттың күміс жүлдесін иеленсе, 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында бақ сынаған Олег Яковлев қола жүлдегер атанды.

Қыздар арасындағы бәсекеде де қарағандылық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. 2007-2009 жылдары туғандар арасында Альбина Жақсылықова күміс медаль еншілеп, Дарья Фу үздік үштікті түйіндеді. Ал, 2010-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында өнер көрсеткен Мария Лукьянова чемпионаттың қола жүлдесіне қол жеткізді. Осылайша, жерлестер республикалық турнирде сәтті өнер көрсетіп, аймақ айбынын асырды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button