Ұстаздардың ұстазы

Біздің буын ескі мен жаңаның арасындағы алтын көпір секілді. Кеңестік жүйенің соңғы комсомолымыз. Құдайсыз қоғамда Күн Көсемге «құлшылық» қылып, Кремльді қағбадай қастерледік. Әйтеуір, енді ғана оң-солымызды танып, атқа мінер шағымызда Компартияның ордасы опырылып, уығы күйреп, шаңырағы шытынады емес пе?! Өткенді көксегенім емес, сол кезеңдегі идеологияның пәрмені ме, біздің буын арлы болып өсті. Жастанып кітап оқығандардың соңы да біздің буын ба деп қаламын кейде.

Иә, біз кітапқұмар едік. Жарыса оқып, оқыған кітабымызды жамыраса талдайтынбыз. Төртінші сыныптан бастап мектеп бітіргенше қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қазақ ССР Оқу ағарту ісінің үздігі Рабиға Нұрланова дәріс берді. Ол кісінің ең басты талабы оқушыларды көркем әдебиет оқуға қалыптастыру болатын-ды. Әрқайсымызда қалың дәптер (общий тетрадь деуші едік қой) болды. Каникул сайын оқыған кітабымызды сол дәптерге мазмұндап, алған әсерімізді жазып келетінбіз. Рабиға мұғалім онсыз сабаққа кіргізбейтін. Кіргізеді-ау, бірақ тоқсан бойы тәуір баға аламын деп ойламаңыз…

Міне, Рабиға мұғалімнің осы талабының арқасында кітаппен айнымас дос болдық. Оқыған кітаптарымыз өмірлік азығымызға айналды. Бәлкім, бағымыз, бәлкім, сорымыз шығар, әлі күнге дейін ғаламтордағы ақпаратқа күмәнмен қарап, тасқа басылғанды тапқанша кітап, газет ақтаратын дағдымыз бар. Бағымыз дейін десек, компьютердің құлағында ойнайтындар уақыттан ұтады. Сорымыз дейін десек, біз нақты дәлелмен сөйлейміз. Қалай болғанда да, тұтас бір дәуірді көркем әдебиетпен көшке ілестіріп, қаншама ұрпақты кітаппен тәрбиелеген біздің мұғалімдердің көрегендігі көш бастап тұр. Өз басым кітапханамның бай болуы үшін ештеңені аямаған әке-шешеме, содан кейін Рабиға мұғалімге қарыздармын.

…Жасыратыны жоқ, Рабиға мұғалім өте қатал болды. «Қаққанда қаныңды ағызып, сыққанда сөліңді алатын» адуындының нақ өзі. Өр болмысы да, ер мінезі де, тегеурінді тектілігі де, ұрпақ тәрбиесіне ептілігі де өзіне ғана тән қасиет болып көрінетін біздер үшін. Сөйтсек, ұстазымның бойындағы ұлық қасиеттің барлығы тым әріден тамыр тартады екен ғой…

 ***

30-шы жылдардың аласапыраны. Аштықтан енді ғана ес жиған елдің Арқа мен Шу арасындағы көш-қоны саябырлап, ел отырықшылана бастаған. Енді ғана жайлана бастаған ел көңілінде алаң бар. Арап қырын айнала қонып, Сарысу мен Сөртіні жағалай жайлаған ел дүрлігіп тұр. Кеше ғана Жанайдар Сәдуақасовты ұстап әкетті. Осы елдегі жамағайындары Бәкен Серікбаевтың да ұсталғанын естіп, қамығып отыр. Алты ұлын жерге беріп, бесігі қаңси бастаған Нұрлан мен Қаматайдың өз қайғылары – өздерінде. Алладан перзент тілеумен күн өткізуде. Орта жасты алқымдап қалған қос мұңлық «Енді бізді әке, апа дейтін ешкім болмайды-ау» деп бір-бірін жұбатып, шаранадан күдер де үзе бастаған.

Әйгілі Ысқақ әулиенің бар (ел ішінде Әжі ата атанған қасиетті қария 1948 жылы қайтыс болған) кезі. Жер-жерден арып-ашып Әжі атаға келетін науқас жандар мен бір шақалаққа зар болғандар легінде шек жоқ. Нұрлан мен Ысқақ қажы – аталас ағайындар. Алладан үміт үзбеген Қаматай шешеміз күндердің күнінде әулие қайынағасына ықыласы ауып, бір түні сол үйдің босағасына түнейді. Ауыз үй-төр үйден тұратын екі бөлмелі қоржын тамның Әжі ата жатқан төр бөлмесінің босағасына сүйеніп таң атырды. Көз ілген де жоқ, түс те көрмеді. Таң қылаң бере намазын оқып, құлшылығын жасап болған әулие:

– Қаматай шырақ, бері кел. Түс көрдің бе, айналайын? – деп сұрады.

– Жоқ, ата, Сіз көрмесеңіз, мен ештеңе көрмедім, – деп, еңіреп жылап жіберген қам көңіл Қаматайды жұбатып:

– Қамықпа, айналдым. Сен көрмесең, мен көрдім. Ана Сүлеймен (райком хатшысы болып жүрген осы ауылдың тумасы, ред) атқа мініп жүр ғой. Түсімде алдына бесік өңгеріп алып, күншығысқа қарап тұр екен. Кімге бересің деп сұрап едім, Қаматайға беремін деді. Алла қаласа, бесік тербетесің. Туғаның қыз-ақ болар, өмір жасы ұзақ болар, мәртебесі биік болар, Аллаһу акбар! – деп, бетін сипады. Сөйтіп, Нұрлан мен Қаматайдың зарығып көрген қызына Рабиға деп ат қойға да Әжі ата екен. Рабиға – араб тілінен аударғанда көктем, жолдас, серік деген мағына білдіретін есім. Сол Рабиға шынымен де әкесіне серік болып, колхоз жұмысына ерте араласты. Пішен шауып, келі түйді. Мал төлдетіп, қой қырықты. Бие сауып, қымыз ұстады. Түгіскен колхозы 50-60- шы жылдары Қарағанды қаласына жылқы айдап, алты ай жаз бие сауып қымыз сатады. Сол сауыншылардың қатарында бойжеткен Рабиға да жүрді.

Ата-анасына қолғабыс ете жүріп, мектепті жақсы бітірсе де, оқуға кештеу түсті. Бірде әкесі Нұрекең:

– Шырағым, осы ел ұлын оқытқанды мақтан көретін болыпты. Ұлым да болып серік болдың, қызым да болып көрік болдың. Сен оқуға бар. алматының оқуын оқы, – демесі бар ма… Барды Алматыға. Мектепте шет тілін оқымағаны бар. Сол кедергі болды. Аттестаттағы шет тілі деген графада «оқыған жоқ» деген жазу бар. Ал, жоғары оқу орнына қабылданар кезде бұл пәнге автоматты түрде «үш» қойылады екен сол кездегі тәртіп бойынша. Екі пәннен «төрт», бір пәннен «бес» алғанымен, әлгі шет тілінің «үші» жалпы балын төмендетіп, конкурстан сүрінді. Жасыған жоқ. Елге келіп, колхоз жұмысына араласты. «Қайтсем де, әке үмітін ақтаймын. Әкеме көмекші боламын» деген мақсатшылдығы ақыры мұратына жеткізді. 1962 жылы Қарағанды педагогтік институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, ауылға жоғары білімді қыз мұғалімдердің қарлығашы болып оралды.

Міне, менің Рабиға мұғалімімнің тағдыр жолы осылай тамыр тартады.

***

 Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылындағы қазіргі Оспан Әлібаев атындағы орта мектеп Рабиға Нұрланқызы институт бітіріп келгенде сегізжылдық мектеп екен. Мектептің директоры, ұлығатты ұстаз, марқұм Оспан Жуанышбаев пен өзінің жары марқұм Ысқақ Жұмабаевты қосқанда, жоғары білімді үш-ақ мұғалім бар. Сексен оқушы, сегіз мұғалімі бар сегізжылдық білім ордасы 1969-1970 оқу жылында орта мектеп мәртебесіне ие болып, жаңарған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып Рабиға мұғалім тағайындалды. Осы жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Жолдасы Ысқақ Бөкенұлы да парасаты биік, білімі – телегей, азаматтың асылы еді. Небары 53 жасында ауыр науқастан қайтыс болып, ағайынтуыс, ауыл-аймақ, шәкірттерінің мәңгілік сағынышына айналды.

Рабиға мұғалім директордың орынбасары болып көп істеген жоқ. Әкімшілік жұмыстың өз пәні бойынша алаңсыз жұмыс істеп, ізденуіне келтіретін кедергісі бар. Әйел-Ана үшін отбасы-ошақ қасындағы қымқуыт тірлік пен алтын ұясындағы көзге көрінген балапандардың тәрбиесі қолбайлау болды да, 1974-1975 оқу жылында өз өтінішімен лауазымды қызметті тапсырды. Алаңсыз ұстаздық етіп, шығармашылық қабілеті бар балалармен жеке жұмыс істеді. Шаттықты шаңырақта өнегелі ұл-қыз өсті. Ұстаздар отбасының ұлағатына ел сүйсінді. Ал, шәкірттерінің жетістігі – өз алдына бөлек әңгіме.

Алты Алаш қаламының қарымына сүйсінген белгілі публицист, «Шымкент келбеті» газетінің Бас редакторы Бақтияр Тайжан, 1981-1982 оқу жылында мектепті «Алтын медальмен» бітірген Гүлбадан Асанова, Абай қаласының әкімі Бауыржан Асанов, жоғары санатты мұғалім, зерттеуші-педагог Бақыт Аханова сынды шәкірттерімен мақтанады. Шәкірттерінің ең осалы – мен.

35 жыл ұстаздық етіпті. Тағдыр жолы тауқыметтен де айналып өтпеді. Жер ортасына келгенде жолдасы Ысқақ мұғалім өмірден озды. Менімен сыныптас Гүлмира есімді қыз баласы үйлі-баранды болып, ұл-қыз өсіріп отырған 37 жасында айықпас дертке шалдығып, қайтыс болды. Осынша қасіретті көтеру үшін адамға қанша қайрат, қанша жігер керек екенін бағамдай беріңіз… Қайратын қамшылап, жігерін жаныған қажырлы ана мұның біріне де мұқалмады. Кешегі ұстаз бүгінде Ел Анасы атанып отыр.

Осыдан төрт жыл бұрын туған ауылымның 50 жылдық тойын ұйымдастырып, ұйымдастыру алқасының тізгінін ұстадым. Алғашқы құрылтайда ауыл жастарының жарқын бастамасын ақсақалдардың талқысына ұсындық. Сонда суырылып шығып, бастамамызға қолдау көрсетіп, «Осы ақсақалдардың бергенін мен де беремін. Елден қалмаймын! Алла ниеттеріңді жарылқап, істеріңді оңғарсын» деп, батасын берген де осы Рабиға мұғалімім еді. Ел Анасының осы сөз қамшы болды ма, ауыл ақсақалдары Рекеңнің сөзінен кейін оянып, «Дұрыс екен» дескен…

Кеше ғана сұңқар Сәкеннің 125 жылдық, Жаңаарқаның 90 жылдық мерейтойы Арқа төсін дүбірге бөлеп, бір сәтте 1000 күбінің күрпілдеп пісілгенін білесіздер. Ұлы Даланың ұлық дәстүрін алты құрлыққа паш етіп, дархан даланың дара сусыны Гиннестің рекордтар кітабына енген салтанатты сәтте де қымыздың тарихы мен дайындалу әдісін Кубадан келген өкілдерге әңгімелеп берген де – Рабиға мұғалім.

 Қазіргі мектеп ұжымындағы ұстаздардың 75-80 пайызы – Рабиға мұғалімнің шәкірттері. Ендеше, менің Рабиға мұғалімім – ұстаздардың ұстазы.

Сексеннің сеңгіріне қадам басқан мерейлі жасыңыз мерейіңізді еселей берсін, аяулы ана, ұлағатты ұстаз!

Ерсін МҰСАБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan»