Ұлытау

Сталиннен – 10 алғыс

Осыдан он бес жыл бұрын өмірден озған Қожа Қалиев бар саналы ғұмырын өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз еді. Майданға мектептен аттанды, қанды қырғыннан оқушыларына жеңіспен оралды. Зейнеткерлікке шыққанша Ұлытау ауданының “Пионер” ауылындағы мектепті басқарды.

Майданнан омырауына үш “Қызыл Жұлдыз” және ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордені мен “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалін тағып қайтты. Бас қолбасшы Сталиннен 10 Алғыс хат алды. “Маған “темір-терсектен” гөрі, Сталиннен алған он Алғыс хат әлдеқайда артық” деп отыратын жарықтық. Ондайда етженді денесін еркін ойнатып, қараторы өңі сәл өзгеріп, қырауы қалың қою мұртын сипап қоятын.

Сардар Аманкелдінің әкесі Иман нағашысы екенін білген бандалар Қалиды бір түнде өлтіріп кетті. «Отау иесі» атанатын жасқа жетпей жетім қалған Қожаның өмірі Тараз бен Түркістандағы балалар үйінде өтті. Өз бетінше тірлік қылып Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын бір жарым жылдық курсқа түсті.

Оқуды бітірісімен кіндік қаны тамған Қарсақбайға тартты. 1938 жылы Киров атындағы ұжымшарда бастауыш мектептің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Сосын сол өңірдегі Қарадыр жетіжылдық мектебіне ауысты. Бейбіт тірліктің берекесін кетірген соғысқа сұранып, 1942 жылы ақпанда майданға аттанды.

Бірде қызыл әскер кітапшасын қарап отырып: «Аға, жылда майдан ауыстырыпсыз ғой?» дегенім бар. Өйткені, «1942 жылы — Калинин», «1943 жылы — екінші Украина», 1944 жылы — бірінші Прибалтика», «1945 жылы — үшінші Украина» майданы деп көрсетіліпті. Соғысты екінші Украина майданы құрамында аяқтапты. «Шешуші шабуыл басталарда артиллерия сол майданға шоғырландырылады” деп, жауапты қысқа қайырды.

1661-ші танкке қарсы соғысатын артиллерия полкы құрамында расчет командирі болған ол елді қорғау кезінде, Чехословакия, Латвия, Эстония, Венгрия, Австрияны азат ету жорығында жаудың талай темір сауытты техникасын талқандады. Гвардия старшинасы Қожа Қалиев бір рет ауыр, екі мәрте жеңіл жарақаттанды. Алайда, жарақатынан айыға салысымен қайта қатарға қосылып, Жеңіс жылының көктемін қарсы алды.

Әрине, орден-медаль өз алдына, әлгі он Алғыстың әрқайсысын «сөйлетсек» небір қанды қырғын көз алдыңа келер еді. Бірақ, біз бір-екеуімен шектелсек. Сондай бір сұрапыл соғыс Венгрия жерінде болды. Будапештің оңтүстік-батысында шоғырланған танк тобын талқандау қандай қымбатқа түскені тарихтан аян. Оған гвардия старшинасы Қожа Қалиевтің артиллеристері де қатысты.

Жаралы қорқаудай жанталасқан жаудың қатты қарсылығына қарамастан жапыра қуған Кеңес әскері Секешвехервар, Мор, Зирез, Веспрем, Эньинг қаласын және ұзын-ырғасы 350 елді-мекенді жаудан тазартты. Жеңіс жылының наурызында болған, жалындап тұрған небір қыршын майдан даласында жер жастанған осы оқиға Қожаның есінде ұзақ сақталып қалды.

Бірде полкқа бірнеше генерал келіп, саяси сабақ өткізді. Сөз сыңайынан аңғарғаны — алда алапат айқас тұр. Венаның түбінде Германияның мұздай құрсау құрсанған, жойылып кеткенше жеңілуді білмейтін 6-шы «СС» танк армиясы шоғырланған. Соны құртпай, Берлинге баратын жол жабық. Венаны босатсақ, біз үшін Берлинді алғанмен бірдей екен. Сол шешуші шабуыл наурыздың ортасында басталып, 13-сәуірде аяқталды.

Зеңбірек тәуліктеп тыным таппады. Жер мен көк, күн мен түн тұтасып кетті. Басқа қиыншылықты қойшы, адамды қатты қажытатыны ұйқы екен. Төңірек теңселіп, айнала аласапыран болып жатқанда қалай қалғып кеткенін байқамай қалатын. Осы оқиға Ұлы Отан соғысының шежіресінде сұмдық беттің бірі болып жазылып қалғаны белгілі. 2-Украина майданының қолдауына сүйенген  3-Украина майданы көшедегі қиян-кескі ұрыстан кейін, 13-сәуірде Австрия астанасы — Венаны жаудан тазартты.

Осы операция кезінде Кеңес әскері жаудың 11 танкілі армиясын жойды. Оның ішінде «СС-тің» әлгі 6-танкілі армиясы да бар еді. 1545 танк пен өздігінен жүретін қару-жарақ, 2250 қару қондырғысы және басқа әскери мүлік толық талқандалды. 130 мыңнан астам солдаты мен офицері тұтқынға түсті. Жауға ойсырата соққы берілген осы жеңіс құрметіне 13-сәуірде Мәскеуде 324 зеңбіректен 24 дүркін салют берілді.

Жеңісті Венада қарсы алған Қожа Қалиев елге бір жылдан кейін оралды. Өйткені, механикаландырылған полктың қару-жарағы мен көлігін өткізіп, елге қайтатын жауынгерлердің құжатын реттеуге қатысты. Жарлық шығысымен сағыныштың сағымына шомылған жас жауынгер құстай ұшып, мамырда Қарсақбайға жетті…

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button