Тұлға

Нар жүгін көтерген, нағыз ер

Шәймерден Әбілмәжінұлы Оразалинов – қоғам қайраткері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы. 1942 жылы, 17 қарашада Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында туған. Ол теміржолшы Әбілмәжін ақсақал мен Ғафабану ананың  үлкен шаңырағында 14 қыздан кейін дүниеге келген 15-ші перзент.

Шәймерден Оразалинов Қарағанды қаласының мэрі, Қарағанды облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті мәжілісінің екі мәрте депутаты болған. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері. Техника ғылымдарының кандидаты, негізгі мамандығы – кен инженері, байытушы –технолог. Қазір Қазақстан энергетиктері қауымдастығының президенті.

Ш.Оразалиновтің Қарағанды қалалық атқару комитетінің төрағасы, қала әкімі  болған 10 жыл ішінде 7 жыл бойына пәтер кезегінде тұрғанын естіген адам, бұл күнде сенбеуі мүмкін. Бірақ, бұл – айдай ақиқат.

ҚР Парламенті 2-ші, 3-ші шақырылымының депутаты болған жылдары Парламент отырыстарында  Шәкеңнің зор даусы түрлі  әлеуметтік маңызды мәселелерді талқылап талдау барысында жиі естілетін.  

ХАЛЫҚ ӘКІМІ

(1987жыл, шілде -1997 жыл, шілде)

Ол жылдары Қарағанды қаласының мэрі Шәймерден Оразалинов облыстық телеарнамен келісіп, айына бір сағат тұрғындармен тікелей эфир арқылы жүздесуді дәстүрге айналдырды. Эфирдегі әкім сағатын  тұрғындар асыға күтеді, телефондарда маза жоқ, сұрақтарды ешкім сұрыптамайды, бәрі эфирге беріледі,  қаланың мэрі қанша сұрақ болса, соның бәріне жауап береді. Тікелей эфирде қойылмайтын сұрақ қалмайды, «біздің жертөлені су алып кетті», «подъезде жарық жоқ», «тереземіз сынып жатыр» деп қаланың түкпір-түкпірінен телефон соққан жанның ешқайсысын да назардан тыс қалдырмайды.  «Сынған терезесі» мен «су алған жертөлесінің» қаншасыншы қабат пен қайсы подъезден екенін адрестері бойынша қолмен қойғандай етіп айтып отырған мэрдің жауабына әлгі шағымданушының өзі аңырып қалғанының талай куәсі болдық. Жылуы жоқ, шатырынан су ағатын көпқабатты үйлер, аңғал-саңғал подъездер жайлы қала басшысы  тікелей эфир барысында  бірден орынбасарларына тапсырма беретін. Оның бәрін мэр қайдан біледі?

Оразалинов сенбі, жексенбі күндері Сортировка, Майқұдықтың шетінен кіре бере көлікті тоқтатып, жүргізушіге «қаланың екінші басында күтіп тұр» деп тапсырма беріп, өзі көше-көшені жаяу  аралап кететін. Кездескен адамдармен сөйлеседі, дүкендерге кіріп, сөрелерді қарайды, танығандар  сұрақтарын қойып, мәселелерін шешіп алып жатады. Демалыс күндеріндегі жаяу «серуеннің» нәтижесінде, қала басшысы дүйсенбідегі жиында аудан әкімдерінің  қайсысы, қандай жалған  ақпар бергенін  біліп отыратын.

90-шы жылдардың бірінде, дәл 31 желтоқсан күні ескі аэропорттың жанында «оңтүстік шығысқа» баратын жылу трассасы жарылып, апатты жағдай орын алады. Бүкіл сантехниктер мен слесарьлар, аяз бен үскірік желдің өтінде күн ұзыннан кешке дейін тыным таппай еңбектеніп, «Оңтүстік шығыс» тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді қалпына келтіреді. Аяғына резина етік киген қала әкімі трасса іске қосылғанша жұмысшылармен бірге қимылдап,  әбден кеш батқанда  жүргізушісін үйге жіберіп, Дана Кенжебайқызының жаңа жылдық дастарқанға келетін қонақтарға даярлап қойған ас мәзірін түгел алғызады. Отбасылық жаңа жылдық мерекеге кешіккен, өздері аязға тоңып, шаршаған жұмысшылардан  кешірім өтінген қала мэрі  автобустың ішінде  арнайы той дастарқанын жайып, қарындарын тойғызып, көңілдерін көтеріп, барлығын да үйлеріне көлікпен жеткізіп тастауға бұйрық беріп,  бірақ қайтады.  Бұл он жылдық тынымсыз еңбектің бір ғана күні болатын…

 

ҚАЛАУЫН ТАУЫП, 

ҚАР  ЖАНДЫРҒАН…

Жаңа аэропорт,  облыстық диагностикалық орталық, 5, 6, 7-ші қазандық агрегаттары,  Әбдіров пен Ерубаевтың қиылысындағы, «ДК-ның» алдындағы жоласты өткелдері, «Оңтүстік-шығыстағы»  «Степной 1, 2, 3, 4»  шағын аудандары, «Гүлдер 1, 2», «Восток», «Көгілдір тоғандар» тұрғын аудандары… Шәкең қазыналы Қарағандыны басқарған он  жылын  ой елегінен өткізіп, атқарылған шаруаларды қағазға түсіріп көргенде осындай тізім  алты парақты алыпты. Біз солардың кейбірін ғана еске алып көрейік.

«Қарағандыкөмір» – қуатты бірлестік, Мәскеуден қаржыландырылады.

Қала мэрі Шәймерден Оразалинов  облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Аликовпен бірге Семей қаласында жаңадан салынған диагностикалық орталықтың тапсырылу салтанатына қатысады.    «Семейде мұндай қазіргі заманғы медициналық құрал» жабдығы келіскен  диагностикалық орталық болғанда, Қарағандыда неге жоқ, шахтерлар мен құрылысшылар неге тапшылық көруі керек?» – деп ішіміз оттай жанды дейді Шәкең.

Қала мэрі Семейден келе салып, «Қарағандыкөмір» бірлестігінің бас директоры Н.Дриждге барады.  «Семейден келдік, біздің  шахтерлар жақсы жарақтандырылған диагностикалық орталыққа лайықты емес пе?», – деп сауал тастайды Шәкең бас директорға. Шахтерларды айтқанда бас директор бірден «құлап» түседі.  «Әрине лайықты, ол үшін не керек?» – дейді салған жерден.  «Диагностикалық орталық салатын қаржы керек», – дейді қала басшысы. Бас директордың құрылыс жөніндегі орынбасары Тоблерді алдын ала  дайындап қойған. Бас директор шақырып, «ақша бар ма?» дегенде, ол да сәл ойланған сыңай танытып, «әңгіме жоқ, табамыз», – дейді.

Құрылыс қарқынды басталып, дайын жоба бойынша орталық та тез салынып бітеді. Бірақ,  кабинеттердің бәрі бос, қаншама медициналық аппаратура керек, оған ақшаны қайдан табуға болады? Тағы да бас қататын жағдай.

«Менде жоспар бар, мраморы жарқырап, іші сыңғырлап тұрған орталықты Николай Александровичке аралатып көрсетейік», – дейді Шәкең денсаулық сақтау басқармасының басшысына.

Дрижді шақырып, орталықтың барлық қабатын аралатып көрсетеді. Кең де жарық бөлмелер,  жайнап тұр, төрт қабатты ғимараттың әр қабатында қаншама бөлімдер орналасатын болады. Дрижд эмоцияның  адамы, жап-жаңа медициналық орталықты көргенде «Жарайсыңдар, қандай тамаша, шахтерлер керемет қуанатын болды ғой!» – деп, қала басшысына алғысты  жаудырып, көңілі өсіп тұрған ыңғайлы сәтті қалт жібермей, Шәкең де «Жақсысы жақсы ғой, Николай Александрович,  кабинеттердің барлығы бос тұрғанын қайтеміз?  Қаншама құрал-жабдық, диагностикалық аппаратура керек. Ал, олардың бәрі Мәскеуде бар екен, біз Тоблерге айтып едік, ол қаржы қарастырайық дегенді айтты», – деп салмақты бас директорға сала сөйлейді.  Дрижд «Таптың ба қаржыны?-дейді орынбасарына. Ал, Тоблер  болса, алдындағы келісім бойынша, «қажет болса, қаржы табылады» – деп жауап береді. Ертесінде-ақ  керекті сома тиісті есеп шотқа аударылады да, Аликов бірден  Мәскеуге ұшып кетеді.

Міне, күні бүгінге дейін шахтерлар ғана еме, барша облыс халқына қызмет етіп тұрған диагностикалық орталықтың  қысқаша тарихы осындай еді. Сол жылдары қаладағы Н.Әбдіров даңғылы мен Ерубаев көшесінің қиылысындағы, Кеншілердің мәдениет сарайы  алдындағы жоласты өткелдері қала мэрінің дәл осындай тәсілімен «Қарағандыкөмір» бірлестігінің қаржысына салынып,  қала тұрғындарының игілігіне берілді. Ең бастысы, бұның бәріне бюджеттен бір тиын да жұмсалған жоқ.

90-шы жылдардың қиындығы өкпеден қанша қысса да,  Оңтүстік шығыста қазіргі «Степнойлар», «Гүлдер», «Восток», «Көгілдір тоғандар» шағын аудандары бой көтерді, әр ауданда  бір мектеп, екі балабақша, сауда орталықтары қатар салынатын. Осының бәрін ойлағанда қаншалықты қиын болса да, қала тұрғындары үшін қаншама игілікті істер атқарылғанына деген  қанағат сезімі Шәкеңнің бойын кернейді.

Қазіргі теміржол вокзалының маңайы немесе бұрынғы жаңа қала аумағында  миллиард тонна зерттелген кокстелетін көмір қоры жатыр дейді қазыналы Қарағандының бұрынғы мэрі. Ол – Феликс пен Марианна қабаттары.

Сондықтан да, тұрғын аудандар «Оңтүстік-шығысқа»  қарай ойыстырылған. Кейін бұл жердегі көмір қоры өндіріле бастаған кезде, елді көшірудің жеңіл болуы сол кездің өзінде ойластырылып қойған екен.

Сол  тоқсаныншы жылдардың демалыссыз  күндерінде  жүрекке түскен салмақтан алғашқы инфаркт алғанын Шәкең  білмей де қалған. Тек,  2010 жылы  жүрек сыр беріп, инфаркт  болғанда  кардиолог дәрігердің «бұл  бірінші инфаркт емес» деп, ескерткені есінде.

ПАРЛАМЕНТ  ҮЛКЕН 

МЕКТЕП  БОЛДЫ

Депутат Оразалинов 2-ші, 3-ші шақырылым депутаттары қатарында белсенді, өте өнімді жұмыс істеген халық қалаулысы болғаны  елдің есінен шыға қойған жоқ. Ол демалыс күндерін, қалт еткен бос уақытын  пайдалана отырып, бір өзі Еңбек кодексінің  429 тарауын жазып шығады. Көптеген Еуродақ мемлекеттерінің, бұрынғы  советтік елдердің  тәжірибесін жете  зерттейді. Заң жобасы, алдымен, газетте жарияланып, парламентте қабылданады.

Бірақ,  қазір сол Еңбек  кодексінің  300-дей тарауына түзетулер мен өзгертулер  енгізілді,  жұмысшы құқы мүлде  қорғалмай қалды деп қынжылады ол.

Шәкең:

– Парламенттегі жылдар білімді тереңдетіп, білікті арттырған кезең болды.

Заңгердің деңгейіне дейін жетіп, бір-бірімізден көп үйрендік.

Бірде ол Еңбекпен қамту туралы заң жобасын Парламент  талқылауына түседі.Тікелей өзінің саласы болмаса да, алдын ала Заң жобасымен танысып алған Шәкең  министрге ұсынып тұрған жобаға қатысты сұрақ қояды. Министр болса, 15-20 минутқа дейін жауап бере алмай тұрып қалған, ал, екінші күні Үкімет әлгі заң жобасын кері қайтарып алады.

– Бірақ, біздің шақырылым тарағаннан кейін, Парламенттің кейінгі құрамы сол Заң жобасын қабылдап жіберді ғой, – дейді  Шәкең.

 

ЭНЕРГЕТИКАСЫЗ ЭКОНОМИКА ДАМЫМАЙДЫ…

Шәймерден Оразалинов 2009 жылдан бері Қазақстан энергетиктерінің қауымдастығын басқарады. «Энергетик емеспін» деп, бас тартқанына қарамастан, қауымдастық мүшелері «бұл салаға, Сіз, энергетиктен де көбірек пайда келтіресіз» деп қолқалап қоймаған.

Біздің кезімізде кәсіпорындармен, шаруашылықтармен тізе қосып, бірлесе жұмыс істейтінбіз. Қазір жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары, трестер мен зауыт, фабрикалар некен-саяқ. Менделеев кестесіндегі бар байлықтың үстінде  отырып,  әлі де газ жетпеген ауылдар бар,  жанар-жағармай тапшы, болса қымбат. Павлодар мұнай өңдеу зауыты  Ресейден алынған мұнаймен жұмыс істеп отырса,  не шара? Одақ кезінде біз шикізат секторы болып қалдық деп асүйде отырып күңкілдейтінбіз. Тәуелсіз ел болғанымызға 25 жылдан астам уақыт өтті, әлі де шикізат қана өндіретін ел болып отырмыз.

Шәкеңді толғандыратын сауалдардың бұл бір ғана парасы. Бұндай  сауалдарға ол өзі жауап та табады, ұсыныстарын да жұптайды.

Біз экономиканы өркендетіп,  шикізаттық саладан нағыз өндірісті ел болуға ұмтылуымыз керек деген Шәкең Норвегия елінің тәжірибесін алға тартады.  «Сол елге барғанда көргенім үкіметінде де, парламентінде де бір идеология,  олар «бүгін өндірілген әрбір тонна қазына  болашақ ұрпақтың  мәңгілікке жоғалған байлығы, сондықтан, біз қазба байлықты өндіріп, оны сатып жатсақ, одан түскен әр тиынды экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуға жұмсауымыз керек. Сонда біз жыл өткен сайын газ бен мұнайға тәуелділіктен арыламыз» дейді. Норвегия мұнай мен газ өндіруді 1960-шы жылдары бастаса, 1995-шы жылдарға қарай ол қазба байлықты өндіруді тоқтатты. Ал, одан түскен табысты мұнай қорына салып, қалғандарын 35 жылға бөліп  тастады.  Соның нәтижесінде, экономиканың барлық саласын дамытып, жұмыссыздықты жойғаны бүгінде әлемге белгілі».

ҚЫЗЫЛЖАРДА ТУҒАН ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ

– Жақсының жақсылығын көре білу бар да, оны айта жүру, елге үлгі ете білу бар, – деп әңгімесін бастаған Қарағанды облысының бұрынғы әкімдерінің бірі Камалтин Мұхамеджанов алдымен Шәкеңнің біз білмейтін бір қырын ашты.

Қарағанды политехникалық институтында оқыған жылдардан бастап студент Оразалинов қол добы спортынан команданың қақпашысы болған, тіпті, Қазақстан  командасының құрамында ойнап, талай жарыстарда топ жарған екен. «Ол өндіріске кетпегенде, елдің атын шығарған спортшы болары сөзсіз еді», – деген Кәмекең әңгімесін әрі қарай сабақтады.

– Шәкең нағыз ел үшін туған азамат. Ол қазақ азаматтарының ішіндегі өндірісті терең меңгерген, білікті, білімді инженер-технолог, еңбекқор жан. Петропавлда туғанымен, мен оны нағыз қарағандылық деп есептеймін.

Қарағандыға ерен еңбек сіңірді,  ол жылдары, барлық мәселе Мәскеу арқылы шешілетін, Шәкең соның бәрінің жолы мен жөнін тапты. Білмейтін көшесі, үйі, өндірісі, танымайтын адамы болмайтын. Шәкең  Қарағандыны басқарғанда мен Теміртауда әкім болдым, көп нәрсені үйренетінбіз.

Ол – үлкен саясаткер. Парламенттің екі бірдей  шақырылымында депутат болған жылдары Шәкеңді мәселе көтере беретін, министрлерді тік тұрғызып қойып «ыңғайсыз» сұрақтар қоятын  «мазасыз» депутат деп атайтын. Сол кездері Елбасының  «Оразалинов біледі, білген соң айтады. Мен зерттедім, Шәкең, тек, шындықты айтып, өзекті мәселені көтереді», –деп қолдағанының өзі неге тұрады.

Энергетиктер қауымдастығының президенті Шәкеңнің Теректідегі кен байыту комбинатын салғанда  Екібастұздан комбинатқа электр энергиясын тарту  мәселесіне құлшына кірісіп, көп көмек көрсеткені – оның  Қарағандының патриоты екенін айғақтайды. Барлық жұмыс жүйесі автоматтандырылған Теректі кен байыту комбинаты іске қосылғанда Шәкеңнің қуанышында шек болған жоқ. Ел алдындағы қарызы мен парызын әлдеқашан артығымен өтесе де, Шәкең  зейнеттің жемісін жеп жата беруді ойламайды. Осындай парасатты тұлға тәуелсіз Қазақстанның атақ,  марапатының қандайына  да әбден лайықты, әттең сол жағы кемшін түсіп жатыр… Қатар қызмет еткен барлық әкімдер атынан Шәймерден Әбілмәжінұлын бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын, – деді сөз соңында  Қазақстанның болат құбырлар өндірушілер қауымдастығының президенті Камалтин Мұхамеджанов.

Сағат Батырхан,

Халықаралық телерадио журналист.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button