Мәуелі бәйтерек

«Отбасының берекесі – әйел» деп, дана халқымыз қалай тауып айтқан! Әсіресе, қазақ әйелінің арасында инабатымен, ибалылығымен, шыдамдылығымен, кешірімділігімен өз отбасының ғана емес, бүтін бір әулеттің айрандай ұйыған ұйытқысы болған әзиз, мейірман жандар аз емес. Сондай қарапайым жандардың бірі – бұл күнде мәуелі бәйтеректей жайқалып, алтын әже аталып отырған, менің туған әпкемдей болған Күлшара Іңкәбек келіні КЕРІМОВА.

Ол – өмірге үш ұл, үш қыз әкеліп, ата-енесін туған әке-шешесіндей қадірлеп, жолдасын арулап соңғы сапарға шығарып салса да, артында қалған балаларына еш ауыртпашылық көрсетпей, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, аналық қамқорлығын көрсетіп отырған жан. Әріден қозғайын.

Осыдан тура 50 жыл бұрын Қарағандыға жұмысқа келгенде, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның режиссерлік факультетінің соңғы курс студенті – Арқаның ақпейіл, дархан азаматы Аманжол Сәлімбаев дипломдық спектакль қоюға өзі актер болып, өнер жолын бастаған облыстық С.Сейфуллин театрына келді. Менің Майқұдықта жатақханада тұратынымды естіп, «онда жақын туысымыз тұрады, араласып тұр» деп, апарып таныстырды. Үш бөлмелі пәтерде алты баласы, енесі, отағасы Рамазан ағамен тоғыз адам кішкентай «хрущевкада» тұрады екен. Үй қаншама тарлық етсе де, көңілдері даладай кең, қонақ арылмайтын құтты шаңырақ болатын. Рамазан аға қарапайым шахтер болса, Күлшара жеңгей үй тұсындағы шұлық-ұйық фабрикасында жіп иіруші болып еңбек етті. Балалары сондай бауырмал, көпшіл, әжесінің ұлттық тәрбиесінен шыққан, орыс мектебінде оқыса да, тілдері қазақшаға жатық, әдет-ғұрыптарды, әсіресе үлкенді сыйлауды жақсы білетін балалар екені бірден көзге түсті. Алғашқы танысқаннан-ақ, жатырқамай, бауыр басып кеттім. Әсіресе, ұлдары Серік пен Берік туған ағасындай көріп, келгенімді күтіп жүретін. Мен де жалғызбасты болған соң, барғыштай беретінмін. Енесі ерекше қамқорлық көрсететін, «Бас екеу болмай, береке болмайтынын» айтып, үйленіп, үй болуымды көбірек еске салатын еді.

Кейін, Майра екеуміз қосылғанда, өз шаңырағыма кіргізгендей Рамазан ағаның үйіне түсірдім. Шешей туған баласы келін түсіргендей қуанып, Майраның басына жаулық салып, шашу шашып, батасын беріп, шағын тойымызды жасап беріп еді.

Қайран, кемеңгер қазақтың аналары-ай! Сондай бауырмалдық, жақсылықтарды көргенде, қалайша жаман боларсың. Шешеміздің сол асыл қасиеті Күлшара жеңгеме дарыған. Рамазан ағай өмірден озып, бар ауыртпашылық өз мойнына түссе де, қазақ әйеліне тән қажырлылықпен бар баласының мамандық алуына, еңбекке араласып, өмірден өз орындарын тауып, адал қызмет істеуіне, елін, халқын сүйіп, ұлтжанды болуға тәрбиелей білді. Өзі де озат еңбегімен үлгі бола жүріп, фабрикадағы түскі үзілісте үйге жүгіріп келіп, әлпештеп отырған енесіне ыстық тамағын беріп, балаларының бірін мектепке шығарып салып, енді бірін қарсы алып та үлгеретін. Көп жылғы еңбегі зая кеткен жоқ, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, үлкен құрметпен зейнетке шығарып салды ұжымы. Көп бала тәрбиелеп өсіргені үшін ардақты ана атанды.

Ұлы дала данышпаны Баласұғын айтқандай: «Ана тілі бесіктен басталмайды, бесікті тербеткен анадан басталады». Кеңес Одағының керітартпа кесірлігіне қарамастан әжелері бастап, ұлы Рамазан мен келіні Күлшара қостап, балалары орыс мектебінде оқыса да үйде де, көшеде де тек ана тілінде сөйлесіп, ұлттық тәрбиенің уызына жарып өсті. Рамазан аға таңнан шахтаға аттанып, жұмыстың ауырлығынан шаршап келеді. Жұмыс басты болса да, балалардың сабағына қарайтын, киімдерінің тазалығына көңіл бөлетін Күлшара аналары жұмыстан сұранып, балалардың мектеп жиналысына да қатысатын. Балаларын ертіп жүріп, дүкеннен спортқа киетін киімдерін де таңдасатын.

Жүрек жылуын ұрпағына төгіп, бәріне де уақыт тапқан аналарының еңбегін балалары да үлкен махаббатпен қайтарып, еліміздің саналы азаматтары болып өсіп жетілді. Бұл күнде бәріде өнегелі отбасы. Жоғары білімді. Түрлі саланың мамандары. Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ақниетті жандар. Ұлдары Серік құрылыс инженері болса, Берік пен Болат заңгер. Келіндері білім саласының қызметкерлері. Қыздары тұрмыс құрып, әр салада еңбек етуде. Нәсіп медицина қызметкері болса, Маржан мен жолдасы екеуі кәсіпкер. Гүлжан да осы салада еңбек етіп жүрген болатын. Осы азаматтар мен азаматшалардың Күлшара жеңгемізге немере, шөбере сүйгізіп отырғанын да қалай айтпай кетерсің? Бір өкініштісі сол, қызы Гүлжан тұрмыс құрып, екі балалы болып, көркейіп келе жатқан сәтінде жол апатына ұшырап, фәниден бақиға аттанды. Өзегіміз өкініштен өртенеді. Алланың ісіне шара бар ма? Көңілге медеу болып, бойға қуат беретіні – артында қалған балалардың ержеткендігі. Олардың шаңырақ көтергеніне Күлшара әжесінің қуанышы шексіз.

Міне, тағдырдың иірім жолдарында қиыншылыққа төзіп, өмір атты теңіздің асау толқындарында қайығының ескегіне берік болған аяулы ана осы күні бақ-дәулеттің жағалауына жеткен бақыты жан болып отыр. Кешегі Ұлы Отан соғысы алапатының тауқыметіне төзіп, бүршік атқан талшыбық замана желіне төтеп беріп, тамыры тереңге кеткен мәуелі бәйтерекке айналды. Ол – саясына бір әулетті түгел сыйғызған үлкен жүректі кейуана – Күлшара Керімова. Бабалардан қалған ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, көктемде гүлдеген алма ағашындай құлпырып келеді. Ылайым жемісі мол болғай!

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.