Кіл жүйрікте кім жүйрік?
Әлімсақтан белгілі бір жайт бар. Қазақ қашан да сөздің киесіне тәу етіп, иесін төрге оздырған халық. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен дала ділмарларының, алқалы топтың ажарына айналған ардақты ақындардың халықтың құрметіне бөленіп, ел алдындағы абыройының асқақ болатыны – осыдан болса керек. Жалынды жырларымен ойға азық, бойға қуат сыйлар осындай шын жүйріктер барда жұртшылықтың жігерін құм, жүрегін мұң басуы мүмкін емес.
Еліміздегі төтенше жағдай тұсында елдің рухын көтеріп, бірлікті ту ету мақсатында ұйымдастырылған «Ұлт саулығы – ұлы мұрат » атты Арқа ақындары жазба айтысының іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Халықтық сарын мен көркем әдебиет мұраттарын бір арнаға тоғыстырып, жазба поэзия өкілдері мен айтыскер ақындардың қарым-қабілетін сын таразысына салған жаңа жобамызда – 12 ақын 6 жұп болып сөз сайысына түскенін, бір жұптың айтысы газеттің екі санында қатар жарияланып өлеңсүйер қауымның талқысына ұсынылғанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Жыр додасында астарлы әзіл де, жүйелі ой да, шырылдаған шындық та айтылды. Кеткен кемшілік пен жеткен жетістіктеріміз де жан-жақты жырланды. Әлеуметтік желідегі оқылымы 10 000-ға жетіп, 7 000-ға жуық оқырман дауыс берген жыр жарыстары да болды. Жаңа жобаның «Айтыстың атасы» атанған айтулы ақын Жүрсін Ерман ағамыздан оң баға алуы – «Орталықтың» олжасы екені айтпаса да түсінікті. Сонымен, кіл жүйрікте кім жүйрік? Қысқаша тоқтала кетсек…
Жазба айтыстың шымылдығын белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай мен айтыстың жарық жұлдызы Тілеген Әділ түріп, оқырмандардың басым дауысымен Тілеген ақын жеңіске жетті. Екінші болып бақ сынаған «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Қами мен талантты ақын Мақсат Күземхан жұбында алғашқысының асығы алшысынан түсті. Шашасына шаң жұқпаған белгілі шайырлар Төлеген Жаманов пен Саят Тұяқбайдың жұбы оқырманның да, қазылардың да көңілінен шығып қос ақын да келесі кезеңге жолдама алды. Қара өлеңде алдына қара салмаған Қайрат Асқар мен айтыстың аяулысына айналған Ботагөз Мұхиден қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетіп, Қайрат ақын сәл басымдықпен жеңіс тұғырына көтерілді. Өлең өлкесінде өзіндік орыны бар Салтанат Смағұлтегі мен жас дарын Сырым Нығызбай айтысының көркемдік қуатының кемшін түсіп, тақырыптың толық ашылмағанына байланысты жарыс жолынан қос ақын да шығып қалды. Қалалық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы, ақын Қуаныш Аманқұл мен аймақтық, облыстық айтыстардың жүлдегері Айнұр Жаппарқұл жұбына дауыс беру бүгін кешкі сағат 21.30-ға дейін жалғасып, жеңіске жеткені келесі кезеңге өтпек. Сөйтіп, «Орталықтың» ормандай оқырмандары мен арнайы құрылған қазылар алқасының сын тезінен өткен 6 ақын ақтық сынға жолдама алып, жыр жәрмеңкесінің көрігін қыздырмақ. Ана тіліміздің қайнарынан қандырып, елді рухани жаңғыртқан жазба айтыстың жалғасын газеттің алдағы сандарынан оқи аласыздар!
Ілияс МҰҚАЙ.