Спорт

Тараздағы табысты ойын

Футболдан Бірінші лига ойындарының ХІ туры аясында қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда «Тараз» клубымен кездесті. Нәтижесінде, жерлестер жеңіске жетіп, маңызды ойында ұпай жоғалтпады.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қарағандылық клуб үшін алдағы кездесулерде ұпай жоғалтуға мүлде болмайды. Қазіргі таңда команда қоржынында 28 ұпай бар. Алайда, турнирлік кестеде бір ұпай артық жинаған «Қайраттың» жастар құрамасы көш бастап тұр. Үздік үштікті 24 ұпаймен түркістандық «Тұран» түйіндеді. Яғни, олар қарағандылықтардан төрт ұпайға қалып келеді. Ал, жерлес­тердің Премьер лигаға жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалуы үшін әрбір матчта ұпай жоғалтпау қажет. Өйткені, биыл Қазақстан Премьер лигасына Бірінші лигадан тек үздік екі командаға ғана жолдама беріледі.

Төрешінің алғашқы ысқырығынан кейін алаң иелері допты ойынға қосты. Дегенмен, бастаманы көп ұзамай қарағандылықтар өз қолына алып, қарсылас қақпасына үздіксіз қысым көрсетті. Қонақтар шабуылды үдетіп, есеп ашуға бар күшін салды. Нәтижесінде, ойынның 9-шы минутында «Шахтер» алға шықты.

Кезекті шабуыл кезінде алаң иелерінің қорғаушысы допты алаң сыртына шығарып жіберіп, қарағандылықтар бұрыштама добын орындау мүмкіндігіне ие болды. Бұрыштама добын Данила Васильченко ойынға қосты. Оның әуелете асырған пасына Александр Мигунов бірінші болып жетіп, допты қақпа торына тоғытты. Осылайша, есеп – 1:0.

Бірінші голдан кейін таблодағы есеп ұзақ уақыт өзгеріссіз сақталды. Кездесудің 49-шы минутында Артем Литош қарсылас қорғаушысын қапы қалдырып, қақпашымен бетпе-бет шықты. Осы маусымда мергендігімен көзге түсіп жүрген шабуылшы бұл мүмкіндікті де мүлт жіберген жоқ. Қақпашыны қапы қалдырып, есепті еселеп кетті. Таблодағы көрсеткіш – 2:0. Осылайша, қарағандылықтар сырт алаңдағы маңызды кездесуде сенімді жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржындарына салды.

«Шахтер» клубын шілде айында бес маңызды кездесу күтіп тұр. Оның екеуі Қарағандыда өтсе, қалған үш матчты команда сырт алаңда өткізеді. Жерлестер 10 шілдеде түркістандық «Тұранды», 24 шілдеде «Арыс» клубын өз алаңында қабылдайды. Сырт алаңдағы ойындарын команда 2 шілдеде «Оңтүстік Академияға» қарсы бастайды. Одан кейін 16 шілдеде Екібастұздың «Батыр» клубымен, 31 шілдеде «Тобылдың» жастар құрамасымен кездеседі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button