Ұжымдық мүддеге ұмтылыс
Облыста «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының инклюзивті бағыты биыл ерекше серпін алды. Жазғы маусымда жастарға еңбек етуге, қоғамға үлес қосуға және ұжымдық ортада өз орнын табуға мүмкіндік берілді. Жоба аясында өңір бойынша 150 жұмыс орны қарастырылған.

Қарағанды қаласында бес инклюзивті жасақ тұрақты түрде жұмыс істейді. Тәлімгерлердің жетекшілігімен қатысушылар аулалар мен балалар ойын алаңдарын тазалау, аумақтарды абаттандыру сияқты қарапайым қоғамдық жұмыстарға тартылады. Жұмыс күні екі сағаттан аспайды және әр қатысушының жеке мүмкіндіктері ескеріледі. Сонымен қатар, кесте ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен міндетті түрде келісіліп отырады. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік пен жайлы жағдайға ерекше мән беруде.
– Біз инклюзивті жасақтарға диагнозына қарамастан, өтініш білдіргендердің барлығын қабылдаймыз. Олар кәдімгі жасақтар сияқты аумақтарды тазалау, көгалдандыру жұмыстарын атқарады, – дейді «Жасыл ел» республикалық штабы облыстық филиалының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет.
Жобаның алғашқы нәтижелері де оң бағалануда. Қатысушылар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жаңа дағдыларды тез меңгеруде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың жұмысқа деген қызығушылығы жоғары.
Алдағы жылы қатысушылар санын көбейту жоспарланып отыр.
– Бұл жоба жастарға еңбек тәжірибесін жинауға, қабілетін көрсетуге және қоғамдық өмірге белсенді араласуға жол ашады. Бірлескен күштің арқасында қаламызды таза әрі көрікті етіп келеміз, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Инклюзивті жасақтар биыл «Жасыл ел» бағдарламасының маңызды бөлігіне айналып, оның ауқымы айтарлықтай кеңейген. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасына сәйкес, жоба алғаш рет жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшіп отыр. Жалпы өңірде бес мыңнан астам жас осы бағдарлама арқылы жұмыспен қамтылмақ.
Әлеуметтік осал топтарға ерекше қолдау көрсетіледі. Әр маусымда жұмыс орындарының 10-15 пайызы жетім балаларға, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан жасөспірімдерге, сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар тәрбиеленетін отбасылардың балаларына бөлінеді.
Жоба аясында заманауи технологиялар да енгізілуде. Өтінімдер электрондық портал арқылы қабылданып, автоматты кезек жүйесі қолданылады. Жұмыс уақыты QR-кодтар арқылы тіркеледі, ал, қатысушылар жасыл желектерді цифрлық түгендеу жұмыстарына қатысады.
GreenMap жүйесі арқылы олар ағаштар мен бұталар туралы мәліметтерді электронды базаға енгізіп, өңірдің жасыл аймақтарының цифрлық картасын қалыптастыруға үлес қосуда.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



