Спорт

Аймақ намысын абыроймен қорғады

Елордада боччадан жекелей сын бойынша ел чемпионаты өтті. Оған еліміздің 16 өңірінен келген 127 спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Солардың ішінде 26-сы жасөспірімдер арасында бақ сынаған. Ал, осы дүбірлі додада өңір намысын жеті параспортшы қорғап, нәтижесінде бір алтын, екі қола жүлдеге қол жеткізді.

Сурет жүлдегердің жеке мұрағатынан

Жасөспірімдер арасында бақ сынаған Ақниет Болатқызы бұл чемпионатта төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Жерлесіміз топтық кезеңде Павлодар облысы мен Алматы қаласының спортшысымен кездесіп, екеуінен де басым түсті. Ал, жартылай финалда – Ақтөбе, ақтық сында қостанайлық спортшыны сан соқтырып, же­ңіс тұғырынан көрінді.

– Боччамен айналысып жүргеніме төрт жыл болыпты. Осы уақыт аралығында көп дос таптым. Үлкен орта қалыптастырдым. Мен осы спортты сонысымен жақсы көремін. Ел чемпионаты тартысты өтті. Әр қарсыласым жоғары дайындықпен келген. Десе де, менің жолым болды. Жекелей сында топ жарып, мықтылығымды тағы бір мәрте көрсеттім, – деді Ақниет Болатқызы.

Ересектер арасында BC1F санатында өнер көрсеткен Анас­тасия Кутурман топтық кезеңде Абай облысы және астаналық спортшымен кездескен. Нәтижесінде, қарсыластарын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал, бұл кезеңде өкінішке қарай маңғыстаулық қарсыласынан айласын асыра алмады. Десе де, жүлделі ІІІ орын үшін өткен ойында елордалық спортшымен кездесіп, ел чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сондай-ақ, ересектер арасында BC2M санатында сынға түскен тағы бір жерлесіміз Игнат Галанин топтық кезеңде Павлодар және Атырау облысының спортшысымен кездесіп, жартылай финалға жолдама алған. Жерлесіміз бұл кезеңде түркістандық спортшыға есе жіберіп, ІІІ орын үшін бәсекеде атыраулық қарсыласынан басым түсті. Осылайша Игнат да турнирдің қола жүлдегері атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button