Спорт

Қыздар бәсекесі қызықты өтті

Балқаш қаласында әйелдер арасындағы XIV облыс­тық спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған айтулы спорт мерекесіне облыстың 7 ауданы мен 6 қаласынан келген 350-ге жуық спортшы қатысып, шеберлігін сынға салды.

Сурет автордан

Спортшы қыз-келіншектер волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ, бес асық, үстел теннисі, президенттік көпсайыс және стритбол секілді жеті спорт түрінен бақ сынап, жоғары дайындығы мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Әрбір сайыс тартысқа толы өтіп, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады.

– Әйелдер арасындағы жарыс­тың деңгейі биыл жоғары болды. Дәстүрлі спартакиада әйелдер спортын дамытуға тың серпін беріп, өңірдегі бұқаралық спорттың өркендеуіне ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Мұндай жарыстар спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жаңа жеңістерге жігерлендіретіні анық, – деді Қарағанды облысының жекпе-жек және бұқаралық спортты дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы Талғат Әбдішев.

Жарыс нәтижесі бойынша, аудандар арасында III орынды Қарқаралы ауданы, II орынды Нұра ауданы, I орынды Абай ауданы иеленді. Қалалар арасында III орын Шахтинск қаласына бұйырса, II орынды Теміртау қаласы, ал, I орынды Қарағанды қаласы жеңіп алды.

Айта кетейік, екі күн бойы жалғасқан дүбірлі додада қатысушылар спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, салауатты өмір салтын насихаттауға да үлес қосты.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button