Спорт

Елордадан жүлделі оралды

Елордада балалар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан Қазақстанның XXV чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне республиканың түпкір-түпкірінен 300-ге жуық жас спортшы қатысып, блиц, классика және рапид бағыты бойынша өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада 30 спортшы облыс намысын қорғап, ел чемпионатын бір күміс және екі қола медальмен қорытындылады.

Жарыс регламентіне сәйкес әр спортшы тек бір ғана санат бойынша бақ сынауы шарт. Қатысушылар тоғыз ойын өткізіп, жеңісіне қарай ұпай жинады. Турнир Швейцария жүйесі бойынша ұйымдастырылған. 9 жасқа дейінгі ұлдар арасында блиц санатында өнер көрсеткен Арман Мейірхан күміс жүлдегер атанды. Ол Ұлттық және ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елена Каримованың жетекшілігімен екі жылдан бері шұғылданып келеді. Арман сынға түскен санатта 59 спортшы өнер көрсеткен. Ол әр партияны 7 минут 2 секунд уақыт аралығында ойнап, тоғыз ойынның тек біреуінде ғана жеңіліп қалған.

Аталған чемпионатқа Ақадыр балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен төрт спортшы жолдама алған. Солардың бірі – 13 жасқа дейінгі ұлдар арасында классика санатында бақ сынаған Нұрлан Нұрбек. Спортшы тоғыз кездесудің жетеуінде жеңіске жетіп, жарыс қорытындысы бойынша қола жүлдеге ие болды. Нұрлан Мойынты жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы. Өзі осы ауылда жаттығады. Ал, осындай байрақты бәсекелерге әкесі әрі жаттықтырушысы Нұртай Шапинов баптайды. Нұрлан тоғызқұмалақпен 2019 жылдан бері айналысады. Оның қоржынында бұған дейін де ірі жетістіктер болған. Атап айтқанда, 2021 жылы Алматыда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 9 жасқа дейінгі ұлдар арасында рапид және блиц түрінен қола жүлдегер атанған. Сол жылы оған «Спорт шеберлігіне үміткер» спорттық атағы берілді.

№64 негізгі орта мектептің оқушысы Айзере Бәстеннің тоғыз­құмалақпен айналысып жүргеніне төрт жылға жуықтады. Қазіргі таңда ол Ұлттық және ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шеберлігін шыңдап жүр. Ел чемпионатында Айзере 11 жасқа дейінгі қыздар арасында классика санаты бойынша бақ сынаған. Бұл санатта 58 спортшы өзара мықтыны анықтаса, жерлесіміз тоғыз турдың жетеуінде жеңіске жетіп, ұпай айырмашылығымен қола жүлдені иеленді. Жас спортшының жетістігінің артында жаттықтырушылары Ердос Төлеген мен Нұрхат Тәжкеевтің жүйелі еңбегі жатыр.

– Қарсыластарымның барлығы да мықты. Әр партия өте тартысты өтті. Өкінішке қарай, соңғы турда Ақтөбе облысының спортшысынан жеңілдім. Ол тас айырмашылығымен басым түсіп, жеңіске жетті. Егер сол кездесуде жеңгенімде, ұпай айырмашылығымен чемпион атанар едім. Соңғы ойында қарсыласым алға шыққаннан кейін айырмашылықты қысқарта алмадым. Дегенмен, бұл менің республикалық деңгейдегі турнирге үшінші рет қатысуым. Алдағы уақытта тыңғылықты дайындалып, алтын медаль жеңіп алуды мақсат етіп отырмын, – деді Айзере Бәстен.

Өз тілшімізден

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button