Бас тақырыпОнлайн-айтыс

“Орталықта” онлайн-айтыс: Саят ТҰЯҚБАЙ – Дидар ҚАМИ

Бір ай бұрын басталған жаңа жоба – жазба айтыс өз оқырмандарын тауып, көптің көңілінен шығуда. Бұған – редакциямызға үздіксіз келіп жатқан хаттар мен пікірлер дәлел. Дегенмен бұл бәйгенің де мәреге таяп қалғанын естеріңізге сала кетейік. Газеттің бүгінгі санында ақтық кезеңге сүрінбей өткен Саят ТҰЯҚБАЙ мен Дидар ҚАМИДІҢ өнерін ортаға салдық. Жырларынан рухтың самалы ескен қос ақынға жанкүйер болыңыздар, ағайын!

САЯТ:
Деген бар ғой доданың тос ақырын,
Ал, айтысты бастасын қос ақының.
Шараларда шешілер шайырлардың,
Аламанда алдынан тос атының.
Шабыт ілсін, ақынның аспан көңлі,
Ағытылсын өлеңнен қоса-тұғын.
Жырдан сəуле құялық карантинде,
Желбіретіп жігердің қоса туын.
Індетті іргеңізден аулақтатпай,
Болмайды белбеуіңді босатуың.
Сыр бермей сынағына тағдырының,
Қозғалып бара жатыр көш ақырын.
Бұл күннен де өтерміз өмір болса,
Жолбарыстай күн туар жоса-тұғын.
Ақын деген тілі ғой бұқараның,
Қаймықпай қоғамға үн қоса-тұғын.
Армысың, «Орталықтың» оқырманы,
Айтыстан ақиқатты тоса-тұғын!

Жырлайын «Орталығым» ұсынғанды,
Екі ай бойы өнбеген ісің қалды.
Онлайнға ауысып елдің бəрі,
Бір-бірлеп бейне ролик түсірді алды.
Қолдан келген тірлігін жасады жұрт,
Күн өткізіп құр жатпау үшін бəрі.
Үйқамақта қамалған қайран елім,
Сонда да сездірмеді қысылғанды.
Бəрі оңалар деп едік ойда жоқта,
Бір жағынан топан су қысымға алды.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Төзетін бұған қандай күшің қалды.
Таяқты өзгеден жеп бар кінəні,
Қоймадық табиғатқа ысырғанды.
Жырменен жұбатайық рух беріп,
Мақтаралда мұңайған мұсылманды.
Қолдан келген көмекті ұсыналық,
Паш етіп парасаттың ісін мəңгі.

Алаңда көркі ең айтыс финалының,
Аман ба, Ақбауырлық Дидар інім?!
Жөнімен жыр тізгінін жібергенде,
Көбінен артық еді сый –қадірің.
Расында бұған дейін қаламыздың,
Қасында жүрдің жиын, мейрамының.
Даладан дəнек іздеп кетіпсің ғой,
Қаладан етек жеңді жинап інім.
Концерт бердің қорада қозы-лаққа,
Төресі боп төлдердің мейманының.
Ауыл деген ғажап қой Сырдың суы,
Сыртынан келмей тұр ма сирағыңның?!
Сахнадағы əншілігің бір төбе еді,
Сырлы-сырлы əнге де сыйған үнің.
Вайнерлік те тар келмепті тақияңа,
Жігіт едің жадына құйған ілім.
Жан-жақтылық адамға жарасады,
Өміріңе өнердің жина жүгін.
Жұлдызбенен айтысып бір көрейін,
Ортаға сап жақұтын жиғанымның.

ДИДАР:
Тілейді қыран менен қаршыға аспан,
Тілейді тұлпар бәйге шаршы қосқан.
Армысың «Орталықтың» оқырманы,
Алқаусыз ақ көңілмен хал сұрасқан.
Бағым алшы түсер ме бір сынайын,
Күреңбай-көз сыншы елім бар сынасқан.
Көтермелеп қойыңдар ұлым ғой деп,
Көсіліп Көкшағырдай тау-шың асқан.
Садақ жетпес сағымдай жылдамдығы,
Сәйгүлік жыр-тұлпарға қамшы басқан.
Бабадан қалған жырдың дариясына,
Балаң ем таңдайынан тамшы қосқан.

Кез болдым Саят дейтін даңқты ермен,
Айтысын бір кездері халық көрген.
Арда өнерден ақыры қол үзіпсіз,
Барайын деп басқаша бағытпен мен.
COVID-тың да бар екен жақсы жағы,
Бүлік деп бүкіл әлем қауіптенген.
«Әр сынақтың артында жақсылық бар»,
Деген аят Құранда анық келген.
Карантинде айдынға аққу қонып,
Көлдерге қайта оралып балық келген.
Таза ауасы оралды қалалардың,
Бұған дейін тек түтін, зауыт көрген.
Отбасына оралды біз секілді,
Серілер күнде ойын-сауық көрген.
Қысқасы карантинге рахмет,
Ең басты құндылықтар дәріптелген.
Ортамыздан жоғалған ер Саятты,
«Орталықтың» төрінен тауып берген!

Сыр суының әлегі тоқталмауда
Апат кеп талай басты соққан жарға.
Ауылда «Сырдың суы сиырағыңнан,
келмейді» деп ағатай көп таң қалма.
Алаңсыз қалай жатам қандастардың,
Мал-мүлкі суға кетіп, жоқ болғанда.
Сыр суы сирағынан келмек түгіл,
Сирағы шыққан кедей боп қалғанда.
Ағамын айтысының қайым басы,
Байқалды ештеңеден тайынбасы.
Дәнек іздеп кеттің деп дала кезіп,
Айтылды өлеңіңнің қайырмасы.
Қабырғада қамалып жата алмадым,
Онымды парасатпен пайымдашы.
Арғы атам Қаракесек – Мәдилердің,
Ноқтаға сыймай өткен дәйім басы.
Бауырың айтқан «шапанға сыйғанменен
Шаһарға сыймайды» деп шайыр басы.
Жұрт сізді мал ұстайды, аңшы деуші ед,
Бабалардың жолымен байырғы осы.
Орын алған сияқты-ау өміріңде,
Дала менен қаланың айырбасы.
Баукеңнің көшесінде балконыңнан,
Елге концерт беріпсің мойындашы.
Ал мен екі ай шарладым ен даланы,
Аллам сол еркіндіктен айырмашы.
Тас қала, тар балконда концерт берген,
Ау,Сәке, сен өзіңді уайымдашы.
Осындай ғой көктегі қыран құспен,
Тордағы тоты құстың айырмасы.

Байланып екі ай бойы баспанаға,
Жаттың ба карантинде рас, қамала?!
Ел сізді әжептәуір аңшы деп ед,
Ауылды неге кеттің тастап аға?!
Сіз кетті деп аң мен құс қуанып жүр,
Ығыр қыпсың жанарын жасқа мала.
Саят құрып келеді екен десек,
Саят құрып кетті деп тас қалаға!

САЯТ:
Су көтермей Дидардың сіркесі де,
Жайлап жақындадың-ау жыр кешіне.
Қайым деп қайырғанмын өлеңімді,
Дайын деп тірелмеңіз тіркесіме.
Карантинге алғысыңды ұға алмадым,
Қытай қоныс тепкендей қыр төсіне.
Аққу төрге, балық көлге оралды деп,
Секемдендім семсерді сілтесіңе.
Ауылға кеткеніңді айтып едім,
Шоқ тигендей шыр еттің білтесіне.
Дала кездім дедің-ау дауылпаздай,
Түрлі сөзін өлеңнің түртесің бе.
Карантинде сытылмай ауыл жаққа,
Не кедергі көппенен күн кешуге.
Сен қаланың тұрғыны емеспісің,
Күн-түн келіп тұратын күркесіне.
Дала жақтан жан қалар дедіңіз бе,
Індет бағыт бұрғанда күрт өсуге.
Сырғып кеткен түріңді түсінбедім,
Жырың қалып жатса да жұрт есінде.

Бойыма бала жастан біткен өлең,
Ойыма жөнсіздікті жүктемегем.
Қармаққа қаптырсам да қарсыласты,
Шаңдаққа шатырымды тікпеген ем.
«Соткамен» сыбағамды беретіндей,
Тоқтар ем, тауып айтсаң нүктелі өлең.
Менің жазған жырыма үнсіз қалып,
Жарты күн ойлансаң да түк демеп ем.
Балкондағы концертті тұрсың айтып,
Жете алмассың жеріңе діттегенмен.
Қажығанға рух берсем онда не тұр,
Қуантып бұқараны құтты өнермен.
Бұл немене кемсітуің бе екен мені,
Төмендеп кеткені ме тіптен өрең.
Қораға концерт берген жоқпын Дидар,
Күн шығарып қойдың ғой күтпегеннен.
Сен қыран, мен тордағы тоты құс боп,
Ал көрсетші, көпшілік күткен өлең.
Мақсатты «Мұқтар сөз» деп мазалап ең,
Бағдаттың жырын отсың жүктеп ерен.
Үш жүзден үш жүз мың қол жинап алған,
Инстаграм əлемінде мықты өнегең.
Қалың қолмен басамын деп тұрмысың,
Бəлкім сол ма сайыста тіккен өрең.
Менің қолым қара өлең бойымдағы,
Оқырманға жібектей жіктеп өрем.
Өлеңнен асқан байлық жоқ деп білем,
Алтын жауып тұрса да тік төбеңнен!

Санамда ауыл дейтін қалсын ұғым,
Суреттеген өлкем бұл таң сұлуын.
Ауыл деген куəсі жастығымның,
Дауылды өлең татырған бар шырынын.
Ауыл менің төрінде жүрегімнің,
Таралған сол мекеннен тамшы жырым.
Деген ойда қалаға келген едім,
Өскен ұрпақ жоғары алсын ілім.
Айтпақшы, аңыз бопты-ау, Арқа жаққа,
Сіз айтқан əуес көрген аңшылығым.
Аң-құстарға сəлем айт көре қалсаң,
Тілін ұғып тасыса жаршылығың.
Табиғаттың тамаша бөлшегіне,
Титтей де жоқ еді ғой қарсылығым.
Менікі кəсібилік емес еді,
Сонарда қалт жібермес қар сыбырын.

ДИДАР:
Дидаржан көрсетті деп өрең кемдік,
Жасаған боп отырсыз көлемді ерлік.
Жіберіп өлеңіңді таңсәріде,
Қойдыңыз енді мені бөгелген қып.
Тоты десем қамалған хәліңді айттым,
Көрсету ойымда жоқ төмендеу қып.
Қозы-лаққа ән айтып бергенімнен,
Ағамыз қалай ғана көрер кемдік.
Жасынан қойға концерт беріп өскен,
Тапқан жанның талайы өнерден құт.
Білесіз небір үлкен сарайларда,
Ән-жырыма армансыз бөленген жұрт.
Карантинде амалдап жатырмыз ғой,
Әйтпесе бойымда жоқ өлермендік.
Тұяғын Тұяқбайдың қарсылас қып,
Тұяқты түліктерді көрермен қып.

Атамыз тай мінгізіп, қамшы берген,
Баққан қойым қыратта қамсыз өрген.
Қозыға айтқан әнді мәселе қып,
Саяттай шошымасын аңшы-мерген.
Қорықсақ қорқу керек лоторея,
Ойнатып ойсыздықпен паң-шіренген.
Қойдай момын қазақты алдап-сулап
Қой десең қоймай жүрген әншілерден.

Ылдиға құлдиламай өрге кетсе,
Жүректен алар өлең төрді ерекше.
Үш жүз мың оқырманың бар екен деп,
Қайтейін шемен кеудең шерге бөксе.
Көкке төбем тиердей боп жүрсем де,
Көтеріліп кеткен жоқ жерден өкше.
Ақындығың алдыға жылжымапты,
Күпшегі күлге айналған дөңгелекше.
Ақынның оқырманы аз болады,
Жазғаны елге жетпей желге кетсе.
Байлығыңның бағасы болмаған-ау,
Елеңдеп оқымаса ел де ерекше.
Төбеңнен жауған алтын тоқтамас ед,
Сөреңнен алтындарың елге жетсе.

Аң қуып кетпесең де ай, күн, жылмен,
Ауылыңыз сізді аңшы деп айтып жүрген.
Мен жай ғана әуесқой аңшы едім деп,
Табан асты шықтыңыз тайқып жырмен.
Соншалық еш зияның тимейтіндей,
Аңдармен амандасып қайтып жүр ме ең.

Асауды қамшыменен сауырлатқан,
Аттанған азамат ең ауыл жақтан.
Әуесқоймын кәсіби емеспін деп,
Қылығыңа таң болдым танып жатқан.
Кәсіпқойлар құс салып, ит жүгіртіп,
Атса да тек қашырып аңыңды атқан.
Бұл күні аңшылықты әуес қылған,
Әумесер көп, келмейді қауіп жаттан.
Аэрошана мініп карабинмен,
Мұздай боп құрсауланып, шамын жаққан.
Вертолетпен төбеден төніп келіп,
Вертикальмен шетінен қағып жатқан.
Аң түгіл жыл сайын бір адам атып,
Қорықшың қолдан қаза тауып жатқан.
Әуесқой деген Сәке міне, осылар,
Қорықпай қолын қанға малып жатқан.
Саятшылық бір боп тұр саясатпен,
Әуесқойлар әуреге салып жатқан.

САЯТ:
Сөйлейін жыр-қымызға шөлім қанбай,
Аялдап ай нұрына шомылғандай.
Браконьерді əуестікпен шатыстырып,
Оқталма нысанаға оғың бармай.
Қорықшымды қылыштаған қарақшыны,
Əуесқой деуің қалай тоқ ұрғандай.
Аңшы деп аттан салып қоймадың-ау,
Дəл тіреп қорамсақтан қолыңды алмай.
Əуесқой мен əумесердің мағынасын,
Айырмасаң шығатын төрің қандай.
Айтқандай, желіге елді жинап алу,
Арман емес қалатын орындалмай.
Инстаграммды үйрендім қалаға кеп,
Сыры болса айта отыр оның қандай.
Оқырманым аз болса, көбейеді,
Отты жырлар көрінсе көп ұғардай.
Жариялап жарнама жасамаймын,
Лохотрон ойнатқан тобырлардай.
Əзілдің де əдебін түсірмеймін,
Вайнмен пұл іздеген көп ұлдардай.
Пайда қуып, пысықтық танытпаймын,
Сыбайласқа сойылған соғымдардай.
Айтар кезде мұңымды мүлгімеймін,
Екпені міндеттеген момындардай.
Кеудемді ешкімге де көтермеймін,
Ана тілді өксіткен орындардай.
Сойылымды себепсіз сілтемеймін,
Сырттан айдап салатын содырлардай.
Айта берсең өлең көп амал кəне,
Айтыстың қоңырауы соғылғандай.

Бұқараны бұқтырмай бұл індеттің,
Бұлты тез ыдырасын көгімді алмай.

Білдіріп белгілерін берендіктің,
Бойыма өлмейтұғын өнер біттің.
Шекесінен қараған қарсыласқа,
Шегесін дəл ұрайын шеберліктің.
Дарытайын жебемді нысанаға,
Танытайын тағлымын тереңдіктің.
Ақын деген ақиқат айнасы ғой,
Кереметін көрсетер кемелдіктің.
Белдігін берік байлап, биік сөйлеп,
Ел мұңын айта ма деп сенен күттім.
Əй, бірақ, құрғақ сөзді көп құрадың,
Алдаспаны едің ғой сен елдіктің.
Айтыс сайын асығы алшы түсер,
Сен бе едің, Дидар Қами деген мықтым?!

Қазынадай тең бөліп салған нарға,
Таңды-таңға ұрармыз талғам барда.
Елдің ойын жеткізер жетесіне,
Айтыс деген алаң ғой аңғарғанға.
Көкейде қордаланған көп ойлардың,
Бір себі елге тисе арман бар ма?!
Дегенмен біраз жерге барыппыз-ау,
Жырдан шəрбат ұсынып таңданғанға.
Бəсеге бұра бермей аттың басын,
Мəселе қалдырайық қалғандарға.

Жақсылыққа бұрылсын жыр – бетіміз,
Сіз де солай тілекті бірге етіңіз.
Елдің сөзін айта алсақ ойындағы,
Орындалар өлеңде міндетіміз.
Білімнің шамшырағын жағып бүгін,
Жырыңның жаһан бағын гүлдетіңіз.
Айтыс деген осылай болу керек,
Көлеңке болмасыншы күн бетіңіз.
Сен Арқаның арысың айтыстағы,
Сондықтан да жоғары құрметіміз.
Аман бол, көріскенше ақын Дидар,
Сүрінбесін сындарда сүннетіңіз.

ДИДАР:
Басында гүрілдедің, дірілдедің,
Сонда да түсі игіден түңілмедім.
Алғашында түнеріп қара бұлттай,
Артынан күндей болып күлімдедің.
Бірде құрғақ сөйлеуден аспадың деп,
Біресе дейсің тілмен тілімдедің.
Айтыстың ары дедің, оған дейін,
Әлгі мықты сен бе деп жұлып жедің.
Бір ауыздан шыққанмен шумақтарың,
Көрместей боп тұр бірі-бірін дедім.
Ауыз ашып болған соң жазғансыз-ау,
Ең соңғы екі шумақ жырың керім.
Өлеңнің ұйқасына қарағанда,
Ішкі ұйқасың едәуір шымыр дедім.
Сүннетің сүрінбесін деген сөзді,
Еш жерден естімеген бұрында елім.
Сүннет өзі жолы ғой сүрінбеудің,
Жөн еді шариғатқа үңілгенің.
«Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегенді айтқан,
Бабаның сөзі бойға сіңіргенім.
Тұяқбаев болған соң шығар, бәлкім,
Сүрінбе деген сөзден сүрінгенің.

Алғыс пен алып өскен батаны елден,
Оқ жонған азаматпыз ата көрген.
Сіз жазба поэзияның зергерісіз,
Тарамдап таспа жырды сапалы өрген.
Мен Шашубай, Доскейдің сынығымын,
Қашқанын қалт жібермес сақа мерген.
Сіз жазба, біз айтыскер болғанменен,
Екі арна емес еді жат әуелден.
Бағзыдан бөлінбеген бір қазақпыз,
Кезде де адам мерт боп, атан өлген.
Сондықтан сыңаржақтық танытпайық,
Ол үшін берілмейді атақ, орден,
Өлең дейтін ананың егізіміз,
Таласып омырауын қатар емген.

Раббысы мен Расулға ғашықтықтан,
Құлдардың жанарынан жас ытқытқан.
Кешірімнің айы ғой Рамазан,
Мұсылман оразасын ашып, тұтқан.
Айтыс – сөз майданы деп шегінбедім,
Майданда жараса ма қашып, бұққан.
Әйтпесе, аға сыйлап өскен ұлмын,
Бойымызда мінез жоқ пасықтық, паң.
Інілері иіліп тұрса ғана,
Ағалар асқақтайды асып бұлттан.
Қатты айтсам сондықтан да кешіріңіз,
Жалбақтауым емес бұл жасықтықтан.
Әйтеуір бұл карантин біткенде де,
Араласып жүрмейік қашықтықтан.

Жаман індет судай боп құмға сіңсін,
Дабыл қаққан үрейлі үн басылсын.
Тек мешіт, мектеппенен тойханада,
Жұғатын вирус боп тұр бұл да тылсым.
Ал автобус, базарда адамдардың,
Сығылысып жүргенін кім жасырсын.
Карантинде не қалды жабылмаған,
Қара халық қайтеді, кімге ашынсын.
Блок посттар ашылып жатыр міне,
Қазақ енді тек күліп күн батырсын.
Мектепті ашып әр бала білім дейтін,
Дүниені көретін дүрбі асынсын.
Мешіттерің ашылып жамағатпен,
Құлшылық қып құдайға құл бас ұрсын.
Ашылған тойханада бет ашылып,
Жүрекке өнегелі жыр да сіңсін.
Ораза айт құтты болып Жаратқаным,
Ел мерейін шынардай шыңға асырсын.
Қыздардың әуретінен басқа жерлер,
Айт күні ауызбенен бірге ашылсын!


Дауыс беру аяқталды!

*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 26 мамыр сағат 21:00-де аяқталады. 


Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.

Сілтеме — @Ortalyq.kz

*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (23 мамыр сағат 21:00) 


Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.

Сілтеме — Whatsapp

Басқа материалдар

Back to top button