Спорт

«Сарыарқа» құрамын жасақтауда

Тамызда хоккейден Қазақстан Кубогы жалауын көтерсе, қыркүйекте ел чемпионатының жаңа маусымы басталады. Ал, қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы алдағы додаға дайындықты қазірден бастап кетті. Команда басшылығы жаңа маусымға арналған құрамды жасақтау жұмыстарына белсене кірісіп, бірқатар ойыншылармен келісімшарт мерзімін ұзартты. Сонымен қатар, кейбір хоккейшілермен өзара келісім негізінде қош айтысты.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Команда сапынан кеткендердің қатарында шабуылшы Захар Пархоменко да бар. Ол өткен маусымда 45 матчқа қатысып, үш шайба соғып, сегіз нәтижелі пас­пен көзге түсті. Сондай-ақ, шабуылшы Тимофей Симонов та алдағы маусымда «Сарыарқа» жейдесінде өнер көрсетпейді. Қос шабуылшы өткен маусымда жауапты кездесулерде сенімді ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген. Бұдан бөлек, клуб қақпашылар бапкері Макар Кармалинмен де қош айтыс­ты. Макар Александрович 2024 жылы «Сарыарқаның» бапкерлер штабына қосылып, екі маусым бойы команданың қақпашыларын дайындауға сүбелі үлес қосты.

«Сарыарқаның» жаңа маусымдағы жаңа ойыншыларының бірі – шабуылшы Владислав Никулин. Ол өткен маусымды Беларусьтің Орша қаласындағы «Локомотив» клубында өткізген. 16 матчта бес шайба соғып, тоғыз нәтижелі пас берді. Айта кетерлігі, Никулин бұған дейін де қарағандылық клуб сапында өнер көрсеткен. Ол 2018-2019, 2019-2020 және 2020-2021 жылдары «Сарыарқаның» намысын қорғаған.

Жаңа маусымда «Сарыарқа» жейдесін киетін тағы бір шабуылшы – Дмитрий Преснов. Өткен маусымда ол «Арлан» сапында 50 матчқа қатысып, 19 шайба соғып, 39 нәтижелі паспен команданың көшбасшыларының бірі атанды. Сондай-ақ, қарағандылық клуб қорғаныс шебін тәжірибелі ойыншы Виталий Люлькомен толықтырды. Ол өткен маусымды Ресейдің «Дизель» клубында өткізіп, 49 матчқа қатысқан. Өзінің сенімді ойынымен ерекшеленген қорғаушы жаңа маусымда «Сарыарқаның» қорғаныс шебін күшейтеді деген үміт бар.

Сонымен қатар, клуб басшылығы бірқатар негізгі ойыншылармен келісімшарт мерзімін тағы бір маусымға ұзартты. Жаңа маусымда шабуылшылар Евгений Королинский, Константин Пальмтаг, Владимир Волков, Артём Лихотников, Данила Карабань, Александр Борисевич, Руслан Демин және Кирилл Пономарёв «Сарыарқа» сапында өнер көрсетуді жалғастырады. Ал, қорғаныс шебінде Эдгарс Сиксна, Эдуард Михайлов, Иван Степаненко, Егор Наместников және Ярослав Хрипковпен де бір маусымға жаңа келісімшарт жасалды. Осылайша, клуб өткен маусымдағы негізгі ойыншылардың басым бөлігін сақтап қалып, жаңа маусым алдында құрамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button