Жаңалықтар

Киара мен Муфаса – Қарағандыда

Жолақты жыртқыштың қос төлі енді есім иеленді. Хайуанаттар бағында көктемде дүниеге келген Амур жолбарысының шөнжіктері көпшілікке Киара және Муфаса есімімен таныстырылды. Күні кеше ғана алақанға сыйып кетердей болған қос шөнжік бүгінде айбатты жыртқышқа тән мінез таныта бастады.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен

Көпшіліктің дауыс беруі нәтижесінде ұрғашы шөнжікке – Киара, ал, еркегіне Муфаса деген ат қойылды. Бұл есімдер көпшілікке әйгілі «Арыстан патша» мультхикаясынан таныс. Шөнжіктерге ат қою үшін Қарағанды хайуанаттар бағы әлеуметтік желіде арнайы байқау ұйымдастырған. Байқауға қала тұрғындары мен жануарлар әлеміне жанашыр жандар белсенді қатысып, 300-ден астам ұсыныс жолданған. Соның ішінен арнайы комиссия көпшілікке жылы естілетін әрі жолақты жыртқыштардың мінезіне үйлесетін Киара мен Муфаса атауына тоқтаған.

– Біз хайуанаттар бағының тек жануарлар әлемімен таныстыратын орын ғана емес, балалар мен ересектерді ұлттық мәдениетке жақындастыратын маңызды алаң болғанын қалаймыз. Сондықтан, жас домбырашылар арасында онлайн байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарды дипломдармен және сыйлықтармен марапаттадық. Мерекелік іс-шара барысында жолбарыс шөнжіктерінің есімдерін жарияладық. Шынын айту керек, таңдау оңай болған жоқ. Бұл байқауға белсенді қатысқан барша жайсаң жанға алғыс айтамыз, – деді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнара Адамбекова.

Қазір Киара мен Муфаса анасы Мия­ның қасында. Мамандар олардың әр қимылын, тәбетін, салмақ қосу динамикасын және ортаға бейімделуін жіті бақылап отыр. Жолбарыс табиғатынан жалғыз жүретін жыртқыш болғандықтан, оны жұптастырудың өзі оңай шаруа емес. Ал, жаңа туған шөнжіктердің аман жетілуі – зообақ қызметкерлерінің ұзақ еңбегі мен кәсіби күтімінің нәтижесі.

Алдағы уақытта жолақты жырт­қыштардың бірін Қарағандыда қалдыру, екіншісін басқа хайуанаттар бағымен айырбастау жоспарда. Биыл хайуанаттар бағында төлдеген жануарлар қатары аз емес. Амур жолбарысының шөнжіктерінен бөлек, шетленд пониі, еуропалық бұғы, камерун ешкісі және басқа да жануарлар төлдеген.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button