Қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлттың жаны, халықтың ғасырлар бойғы шежіресін шерткен киелі мұра. Сол мұраны көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап келе жатқан өнер иелерінің бірі – белгілі домбырашы, ұстаз, күйші-композитор Мейрам Ермембетов.

Мейрам Ермембетов 1957 жылдың 1 мамырында Ақтоғай ауданының Қусақ селолық округіне қарасты сол кездегі Шұбартау совхозында дүниеге келген. Өнерге деген құштарлығы бала кезінен-ақ байқалған ол 1974 жылы Балқаш қаласындағы №2 Абай атындағы орта мектепті тәмамдайды. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Жезқазған мәдени-ағарту училищесінің ұлт аспаптары бөліміне түсіп, домбыра өнерінің қыр-сырын кәсіби деңгейде меңгеріп шығады. Еңбек жолын 1979 жылы Приозерный аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған жас маман бір жылдан соң өзінің өмірлік жолын ұстаздықпен байланыстырады. 1980 жылдан бастап, Приозерный ауданындағы (қазіргі Шашубай кенті) балалар музыка мектебінде домбыра сыныбының мұғалімі болып еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелейді.
Ұстаздың ең үлкен жетістігі – оның шәкірттері. Мейрам Ермембетов тәрбиелеген жас домбырашылар республикалық және халықаралық фестивальдер мен байқауларда топ жарып, лауреат атанып, Гран-при жүлделерін иеленіп келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі, өнерге деген адалдығының айқын көрінісі. Домбыра өнерін дамыту жолында ол тек орындаушы әрі ұстаз ғана емес, әдіскер ретінде де елеулі еңбек сіңірді. Оның авторлығымен жарық көрген «Домбыраға арналған пьесалар мен күйлер» атты оқу жинағы еліміздің балалар музыка мектептеріне оқу құралы ретінде ұсынылды. Бұл еңбек жас домбырашылардың кәсіби қалыптасуына бағытталған құнды әдістемелік құралдардың бірі.
2010 жылдан бастап, Балқаш қалалық Балалар өнер мектебінде домбыра сыныбы бойынша дәріс берген тәжірибелі ұстаздың еңбегі жоғары бағаланды. Сол кездегі мектеп директоры Раиса Жанатқызының ұсынысымен 2018 жылы Мемлекетаралық Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресей елдерінің президиум сараптама кеңесінің шешімімен «Білім саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталып, халықаралық энциклопедияға енгізілді. Мейрам Ермембетовтің шығармашылығы орындаушылық өнермен ғана шектелмейді. Ол – күйші-композитор. Оның «Аңсау» атты төл шығармасы аудандық және облыстық басылымдарда жарияланып, кейін «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі шығарған «Қазақтың жаңа 100 күйі» жинағына енді. Бұл автор шығармашылығының кәсіби ортада лайықты бағаланғанының айғағы.
2019 жылдан бері Мейрам Ермембетов Қазақстанның «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде ұлттық күй өнерін насихаттауға белсене атсалысып келеді. Өнер иесінің тағы бір елеулі еңбегі ел ішінде ұмыт бола бастаған көне мұраны қайта жаңғыртуы. Ол қазақтың дәулескер күйшісі Сармантайдың Ахметжанының бүгінге дейін сақталған «58-статья» күйін орындап, халыққа қайта жеткізген санаулы орындаушылардың бірі. Ұзақ жылдар бойы көлеңкеде қалып, ел құлағынан алыстай бастаған күйлерді сахнаға шығарып, олардың өміршеңдігін сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – ұлттық музыкалық мұраны сақтау жолындағы үлкен азаматтық еңбек, кейінгі ұрпаққа қалдырылған баға жетпес рухани қазына.
Мейрам Ермембетов есімі қазақ күй өнерінің тағы бір тарлан тұлғасы – күйші-композитор Мағауия Хамзинмен де тығыз байланысты. Бүгінде ол Мағауия Хамзиннің өз қолымен жасап, тартқан қасиетті домбырасын ерекше құрметпен сақтап келеді.
– Мағауия Хамзин бұл домбыраны 1996 жылы балама сыйлады. Ол кезде күйші Балқашта тұратын. Жиі араласып тұрдық, шәкірті болып соңынан ердік. Бір күні үйімізде қонақта болып, күй тартып отырғанында екінші ұлым күй ырғағына билей жөнелді. Соған риза болған ұстаз қолындағы домбырасын балама сыйлап, ақ батасын берген еді. Бұл өз қолымен жасаған домбырасы. Ол кісі қазақтың ұлттық аспаптарының табиғатын терең зерттеп, олардың үнін, құрылымын қалпына келтіруге өмірін арнады. Қазақ домбырасының қоңыр үнін қайта жаңғыртуды армандады, – дейді Мейрам Ермембетов.
Оның айтуынша, бұл домбыраның дыбыстық, құрылымдық және саздық ерекшеліктері өзгеше. Сондықтан, өнер иесі тарихи жәдігерді көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуді өзінің азаматтық парызы санайды. Алдағы уақытта осы құнды мұраны кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтардың мәртебесін көтеруге күш салмақ.
Айта кетейік, күйшінің өнердегі ерен еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2022 жылы ол Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Оның еңбегі – халқымыздың күй өнерінің алтын қорын толықтырып, ұмыт болған асыл мұраны қайта жаңғыртуымен құнды. Ұлттық өнердің тамырына нәр беріп жүрген осындай азаматтардың арқасында қазақтың қоңыр күйі мәңгілік жасап, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы



