«Орталықта» онлайн-айтыс: Төлеген ЖАМАНОВ — Қуаныш АМАНҚҰЛ

Алла алқап, үкілеп үміт артқан ақындарыңыз мәреге де әні-міне жетіп қалды. Бүгін «Орталық» ұйымдастырған онлайн айтыстың ақтық сындағы соңғы жұбына да кезек бергелі отырмыз. Сонымен, от ауыз, орақ тілді Төлеген ЖАМАНОВ пен облыстық мүшәйралардың жүлдегері Қуаныш АМАНҚҰЛДЫҢ сөз сайысына көз жүгіртіп, мықтыны таңдауға үлесіңізді қосыңыз, мәртебелі оқырман!

ТӨЛЕГЕН:
Дүние бір қисық жол бұраңдатқан,
Түлкінің құйрығындай бұлаң қаққан.
Күннің астын билеген Күлтегіндей,
Күреңіме мінейін сылаң қаққан.
Армысың, арда қазақ Арқадағы,
Айтыс десе ас ішпей, ұрандатқан.
Қуатты сөз естісең қуанасың,
Адамдай Ұлытаудан ұлар тапқан.
Желден жүйрік жылқыны таңдап мініп,
Бұлттан биік самғайтын қыран баққан.
Дəстүріне сіңіріп діннің нұрын,
Құдай мен құбыладан Құран тапқан.

Қайықтай қайырылмай жағадағы,
Айтысты қыздырайын арадағы.
Балқаштың бір ақынын жұптап беріп,
Қазылар қажетіме жарамады.
Мен деген боз даланың бөрісі едім,
Қалайша қайратыма қарамады.
Қуаныш, қуанышың бола алмаспын,
Күшіңе қарамасаң шамадағы.
Асыранды қасқырмен қаладағы,
Арланды алыстырған даладағы.

Еркіндік көз ашқалы көксегенім,
Көз жетпес көкжиекке көшкен елім.
Аспан ғана билеген абадан ем,
Қуаныш, сенен қалай сескенемін?
Киіктің асығындай кескініңнен,
Көрініп тұр көкжал боп өспегенің.
Тар қалаға тəуелді болғаннан соң,
Байыбына бармайсың ештеңенің.
Қарғыда өскен қасқырда қайрат бар ма,
Құрмашың қуып шықса не істер едің?..
Көр енді Көкбөрімен жағаласып,
Көшеге көзін сатқан Көксерегім…

ҚУАНЫШ:
Ерманов өзі қосқан сахнаға,
Жаманов, жаныма шын жақын аға.
Жаңаарқада туды да жалпақ жұртқа,
Танылды кесек оймен аты дара.
Ат үстінде жүргенмен сөз жарысқа,
Атүсті қарамайды, заты дара.
Енді сынап көріңіз жазба айтыста,
Көш бастай ма немесе «шатыла ма?»
Қос кеменің басынан тізгіндепті,
Наурыз-көже секілді сапыра ма?
Саятшы ғой, Саятпен тең түскен-ау,
Алдыңғы айналымда ақын аға.
Ал, екінші айналым шығып алып,
Жекпе-жекке мені де шақырады, ә?!
Бұрышқа тығып алып түйгілей ме,
Білмеймін, жеңіс дәмін татыра ма?
О баста 18-бен айтыссам деп,
Ойлап ем, жолықты ғой Батыр ана.
«Бауырым, баласың ғой» дегенде Айнұр,
Жүрегім шаншып өтті, зақым ала.
Тағы да 9 жасқа үлкен Төкең,
Сүйрей ме өрге, тереңге батыра ма?
Өңшең 78-ді маған жұптап,
«Орталық» та, негізі, қатырады, ә?!

Несіне тарттың, Төке, түнектен ой,
Мәселе білекте емес, жүректе ғой.
«Орталық» тең еместі жұптады деп
Айтқаның түкке тұрмас құр өкпе ғой.
Одан да әлеуметтік теңсіздікті айт,
Бөрі болсаң, қабыссын тілек пен ой.

Қызыл тіл – көкейімнің зеңбірегі,
Айтыс деп аталы сөз желбіреді.
Арлан түгіл, арыстан болса-дағы,
Төлеген тоқтата алмас енді мені.
Қаланың күшігі деп тиіседі ғой,
Сенің де ұшарыңды жел біледі.
Даладамын десе де, қалаға кеп,
Есеп тауып, шаруасын желдіреді.
Таяуда әкімдері шақырып ап,
Бес жүз мың теңге берді, ел біледі.
Енді айтыстың сыйынан үміттеніп,
Қаланың жолын торып, телміреді.
Алтын көрсе, періште жолдан таяр,
Пендеуи құлқыныңның белгілі емі.

ТӨЛЕГЕН:
Жаратқан қыла көр деп Ордамды аман,
Кезім жоқ Тоныкөктей толғанбаған.
Қуаныш, қуатты сөз айта алмадың,
Сүрініп тегіс жерден жол таңдаған.
«Айтыста аталы сөз желбіресе»,
Сайыста сені көрдім қорғанбаған.
Сөз желбіреп тұр деген теңеуіңді,
Сенен басқа еш ақын қолданбаған.
Сөз емес ту желбіреп тұрмаушы ма ед,
Жөн шығар арзан сөзге алданбаған.
«Жетпіс сегіздерменен» жұптады деп,
«Он сегізің» кім сонда армандаған?
Жасымды айтып жасқанып сен отырсың,
Өлеңімнің өресін аңғармаған.
Жылқы жылы туылған жігіт едім,

Өзгенің несібесін малданбаған.
Айтыстағы еңбегім ескерілсе,
Адал ақша табуға арланбағам.
Ақын алған бəйгені əңгіме қып,
Əлегіңе болайын қорбаңдаған.
Байдың асын қызғанған байғұс құсап,
Жапалақ жан екенсің жарбаңдаған.

Ішінен туар ғасыр, туар айдың,
Сəулесін көрсем деп ем шын арайдың.
Қазақты қазақ қазір дос көрмейді,
Кеңесі кері кетіп Ұлы Абайдың.
Бір қазақ бір қазақты көрге тықса,
Жалғызым жығылды деп жыламаймын.
Тасадан тас ататын дос көбейді,
Тұғырдан қалай енді құламаймын.
Балама байлық қуған сөзім өтпей,
Əке боп өзіме-өзім ұнамаймын.
Əйелім əлек салса үндей алмай,
Ата-анам ақыл айтса шыдамаймын.
Айылы босап кеткен ағайынды,
Құнанбай көзіменен сынамаймын.
Жас елдің жанарынан жас көремін,
Көзіндей мөлдіреген құралайдың.
«Мың өліп, мың тірілген» қазағыма,
Бірліктен басқа ештеңе сұрамаймын.

Арқаның айтыстырсаң ақындарын,
«Орталық» мақсатыңды мақұлдадым.
Екінші айналымға ебін тауып,
Балқаштың жұптап бердің ақылманын.
Айтыстың шарты айқасу болғаннан соң,
Азуымды жөн шығар батырғаным.
Қарқаралы болса да кіндік қаның,
Туған жерге ту тігіп отырмадың.
Облыста жүргенде отау құрып,
Ақтоғайдың аруын тақымдадың.
Содан кейін келіннің кеңесімен,
Елге емес, қайын жұртқа жақындадың.
Қаның тамған мекеннен қашық кетсең,
Қасымға ұқсамайды-ау, лапылдарың.
Оралдан елге оралған сол бабаңдай,
Өскен жерге оралып қатырмадың.
Ит тойған, ер туған жерге деген,
Бауырым білмеуші ме ең нақыл барын?!

ҚУАНЫШ:
Халқыма бір Алла өзің, жар бола гөр,
Жасай бер, ақындарын қолдаған ел!
Жасыратын несі бар, кредитті,
Еселеп қайтарумен сорлаған ел.
«Еститін мемлекетім» естісін деп,
Президентке том-том хат жолдаған ел.
Қайын жұртшыл депсіз-ау, мына мені,
Сүріндірмек ниетке – ол да дәлел.
Негізі, туған жерім – Қарқаралы,
Тоқтары жеті қатқа самғаған ел.
Құнанбай мешіт салып, бұқараның,
Дұғасын Ұлы күшпен жалғаған ел.
Фарабиді танытқан Ақжан да ұлы,
Машаннан артық туған бар ма, қане ер?!
Мейірхан Адамбеков әуелеткен,
Әсем ән алты қырын шарлаған ел.
Алтын адам табылған атырап қой,
Әлкей қойған тарихи таңба дәлел.
Бәрін айт та, бірін айт Адамзаттың,
Бәрін бауыр көруден танбаған ел.

Қызың қорлық көрмесін, ұлың қайғы,
Уақыт жүйрік, өткен сәт бұрылмайды.
«Орталыққа» мың алғыс айтыс қылған,
Қиқула, қыза түссін бүгін бәйгі.
Аға деген ініге жаға емес пе,
Ал, Төкең тіс ақситып ырылдайды.
Балқашқа газет үшін келген едім,
Ер жігіт елдік істе бұғылмайды.
Хан түйесін соймай ма халық үшін,
Қуаныш та жолынан жығылмайды.
Тоқсан жылдық газетке тоқсан ауыз
Сүбелі сөз шықсын деп шырылдайды.
Желбіресін деп едім, сөздің туы
Бекерге Төкең сынап сыбырлайды.
Айтыскер hәм тарихшы болғанымен,
Төркінін сөздің терең ұғынбайды.
«Жылқы жылы туған ер»,
Мұхтарды оқы – Адамзат туады ғой, туылмайды.

Жақсы ісің – артта қалар белгі құнды,
Көп жайтқа таң қаламын мен бүгінгі.
Әкімнің қолы тимес жиналыстан,
Ақын айтпай, кім айтсын, шер-мұңыңды?
Асқақтата берем деп аттылыны,
Аласартып алмайын елдігімді.
Науқаншылдар кеудесіне алтын аптап,
Солардың қандай екен ерлігі үлгі?
Ерлігім – абыройлы ардагерім,
Одан артық жырлайын енді кімді?!
Бір ұлдың күйттегені – халық үні,
Бір ұлдың бар ойына теңге ілінді.
Жердің шетін жау баспа – ақ тілегім,
Жаратқан бұзба шырқым, кеңдігімді!

ТӨЛЕГЕН:

Жұмсақ мінез жігітсің, тілің майда,

Тілің майда бауырым, білім қайда?

«Қайын жұртқа таяулау жүрсің» деп ем,

Газет үшін келдім деп шырылдай ма?

Аңдамай сөйлеймін деп адам кейде,

Жығылмайтын жерінен жығылмай ма?

Сенің «сөзің желбіреп» тұрмаса егер,

Тіркесіңе тіркеген туың қайда?

Арқырап аламанда жүрген ағаң,

Сын сағатта сыр беріп сыбырлай ма?

«Мұхтарды оқы» деп маған мəн үйреткен,

Қарсылас қателікке ұрынбай ма?

«Туады», туылмайды деп түзетіп,

Өзінің өлеңіне бұрылмай ма?

Сондағы тауып айтқан сөзі мынау:

«Ер жігіт елдік істе бұғылмай ма?»

Осы сөзден ұстап ап енді ағаңыз,

Өзіңді өз майыңа қуырмай ма?

«Бұғылмайды» дейтұғын сөз қолданған,

Бас редактор ештеңе ұғынбай ма?

Сенің ерің ел үшін «бұғылғанда»,

Төлеген жылқы жылы туылмай ма?!

Қуаныш қуат қайда, мақам қайда,

Бар болса айтысты əрі апармай ма?

Заманын жырлап өткен заңғарлардай,

Заңды ойлардың астарын қопармай ма?

Тентегін тезге салып текті атанған,

Бір ауылды билеген атам қайда?

«Бесігіме береке бере көр» деп,

Ұл емес, ұлтты өсірген апам қайда?

Эстрадаға есірген ессіз жастар,

Сақтан жеткен сары алтын сапаң қайда?

Əн əлемі қазақтың əлсіреп тұр,

Біржан қайда, бір туар Ақан қайда?

Білімің де бір ізге түсе алмады-ау,

Абай қайда, шоқ жұлдыз Шоқан қайда?

Шикізатқа сүйенген елге айналдық,

Өзімізде өндіріс от алмай ма?

Қырғыз бен қытай тіксе киіміңді,

Мақтааралдан шығатын матаң қайда?

Қазақ түгіл Одақты асыраған,

Қора-қора қой қайда, қотан қайда?

Малсыз дала мəнінен айырылса,

Тозған жерге салатын соқаң қайда?

Ауылдағы ел қалаға көшіп жатса,

Қойыңа еге болар шопан қайда?

Азаттығың ауылға байланысты,

Оны ойлап жатқан қазір Отан қайда?

Алпыс пайыз асыңды сырттан алсаң,

Көршіге көрсететін жотаң қайда?

Тамағыңды тасысаң шекарадан,

Тəуелсіз ел, тəуелді атанбай ма?!

Деп келсең «аламаннан бəйге алайын»,

Бəйгедегі бағыңды байламайын.

Десе де ағат кеткен тұстарыңды,

Саған сабақ болсын деп ойға алайын.

Айтыстың ауылынан алыс жатқан,

Мен қалай намысыңды қайрамайын.

Ой əлсіз, ұйқас ұзақ, жауап жарым,

Несіне тура жолдан тайғанайын.

Кредит деп кірдің де мəселеге,

Тоқтарға кеп тоқтаған ойды алайын.

Түйін жоқ, əр нəрсенің басын шалдың,

Шалалығың болса да шайнамайын.

Өлеңнің айналасы Абай айтқан,

Теп-тегіс, жұмыр болсын айнадайын.

Əкесі өлгенді де естіртеді,

Ендеше, оның несін майдалайын.

Қатты айтсам қапа болып қалып жүрме,

Бір қайнауың жетпей тұр айналайын.

ҚУАНЫШ:

Аламаннан келсең де неше дара,

Бұл айтысты «лайк» шешеді, аға.

Мен ертең тындырам деп ірі істерді,

Сөздің де ретін таптым кесек, аға.

Сауығыңның тіледім тарқамауын,

Бауырыңның қайтпасын меселі, аға.

Жас бала деп өзіңше менсінбейсің,

Жас өседі, көкейді теседі, аға.

Бағалай алмағанның қолда барын

Бағы баста тұрмайды,  көшеді, аға.

Қадірі өлшеулінің есім, ізі,

Қабірі суымай-ақ өшеді, аға.

Мұны сізге қаратып айтты деме,

Ойға жүйрік, ал тілге шешен аға.

Осындайда есіме түсіп отыр

Жауабы жоқ, бір түрлі есеп, аға.

«Он сегіз миллион Алсай бармыз» депті

Файзолладай көкеңіз, көсем-ақ, ә?!

Қазақстанның халқы 19 миллион,

Болды емес пе, ағам-ау, кеше ғана?!

«Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың»,

Шашекең қуат көрген жырды дәйім.

Ұлымды ұлтым деген ұлықташы,

Қызымды қылықты қыл, бір құдайым.

Үш биім қонды кеше тұғырына,

Рақымды, қасиетті бұл бір айым.

Ел тілегі осылай ескерілсе,

Қуаныштың көз жасын шын бұлайын.

Күндізгі істеріңіз ірі болсын,

Ұйқыңызды бұзбасын түнгі уайым.

Қазақты түзу жолдан тайдырмасын,

Мейлі мен жүз сүрініп, мың құлайын.

«Еркек тоқты құрбандық» демей ме елім,

Әр ісімді халқым деп тындырайын.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы»

Өзіңдей оқырманмен құнды ләйім.

Газеттің беті әттең-ай көтермейді,

Сондықтан, мен шағындап жыр құрайын.

Жұп-жұмыр болушы ма ед айна деген,

Сөзі сұйық жігітке қайдағы өлең?

Қара қой деп жүргенде, қарайып сен,

Қалғанбысың, етене ең қайманамен?

Ысқырығың жер жарып бара жатыр,

Айналдырған бес ешкі айдаған ең.

Қара бастың қамымен кеттің жырақ,

Ойлағаның ел емес, пайда, бәлем.

«Поэзия махаббатпен басталғандай»

Балқаштың бір аруын аймалап ем.

Басында бөрімін деп сес көрсетіп,

Ініңді күтірлетіп шайнамақ ең.

Енді жолың болсын деп жалпақтайды,

Ау, Төке, сен не деген тайғанақ ең?!

ТӨЛЕГЕН:

Қуаныш сүрлеу салсаң ал, егеске,

Сал-сері Сарыарқаның сəні емес пе?

Мен сені менсінбеген кезім бар ма,

Мынауың жаққан күйе, жала емес пе?

Азуымды батырсам айып етпе,

Қасқыр емген қазақтың қаны емес пе?

Тістеп жақсы көретін бөлтірігін,

Бөрілерде сондай заң бар емес пе?

«Қадір кетіп, қабірі суығанмен»,

Тəн өлер, өлмей-тұғын жан емес пе?

«Алсай» деп менің арғы тегімді айтсаң,

Басыңа тілеп алған бəле емес пе?

Рух емес,руымды айтқан аламанда,

Қуаныш, ой-шеңберің тар емес пе?

«Айдағаның бес ешкі» дедің жаңа,

Қазақты ұстап тұрған малы емес пе?

Малдан басқа байлығың – өзгенікі,

Алданып не қыласың əр елеске.

Елге келіп далаға еге болсам,

Жерді сақтап қалудың қамы емес пе?

Аяламай аруды аймалаған,

Сенің де сөзіңе ағаң таң емес пе?

Аруды аймалаумен айналыссаң,

Сен үшін ол да өмірдің мəні емес пе?

Өйткені өмір деген өте шығар,

Бір бес күннің сөнетін шамы емес пе?!

Шабан ат шапқанымен өлер дейді,

Неге інім жүйрік болса жөнелмейді.

Сауатты сөз айта алсаң сəулелі елге,

Сақтар киген сауыттай көнермейді.

Өнерде жолың болсын айналайын,

Екеумізді өсірген өлең дейді.

Осы жерден тартайын ат тізгінін,

Уақытты ешкім артқа шегермейді.

Ауыл жайлы арада сөз қозғалды,

Төлеген осыны айтып көрем дейді.

Ауыл деген кіндігі əр қазақтың,

Ұмытып кетсе-дағы көп ел мейлі.

Ал, ауылдың кіндігі малда жатыр,

Мал бақсаң берекемді төгем дейді.

Үкімет ауылды көп айтқанымен,

Шаруалар неге ырысқа кенелмейді.

Шалғайдағы шаруаны көтеруге,

Патшамыз мол қаражат бөлем дейді.

Сол бөлінген қаражат фермерлерге,

Неліктен дер кезінде төленбейді.

Пайыздан пайда көрген Қазагроның,

Бағасы қашан оның төмендейді.

Сиыр алған субсидия кешігет те,

Күн панельдің ақшасы бөгелмейді.

Ахуалы ауылдың түзелмесе,

Мемлекет те мерейге бөленбейді.

Даланың көксеуіне көмектеспей,

Қаланың көсегесі көгермейді.

Мың алғыс айтысына «Орталықтың»,

Көз, құлағы һəм тілі ол халықтың.

Арқаңдағы аманат ауыр сенің,

Жоғалғанын іздеген жолдағы Ұлттың.

Айтысты аяқтайық енді осымен,

Жүрісінен жаңылмай жорғалықтың.

Қуаныш, ұлттың мұңын ұран қылып,

Қуанышы қашанда бол халықтың!

ҚУАНЫШ:

Төлеген, елге жақын есіміңіз,

Ол рас, ауыл _ біздің бесігіміз.

Айтыста алдыңызды орап кетсем,

Інінің еркелігін кешіріңіз.

Балқашқа келіп жатсаң, күтіп алам,

Әрдайым ашық құшақ, есігіміз.

Айтысты соза бермей, тоқтатайық

Оқырман, дайын болса шешіміңіз.

«Орталық» – ұлы газет, жақын елге,

Жақын елге атымен, затымен де.

«Қояндыдай» базары тарқамайтын

Жәрмеңке жырдан тартып жатыр елге.

Жұптап бізді қойғасын онлайн түрде

Мықтап қысып отырған тақым ерге,

Қалалық болсын мейлі, ауылдағы

Алла өзің, жар болғайсың батыр елге.

Сөз қадірін деп білген өз қадірі

Қазақтай сөзге жүйрік, ақын елге.


Дауыс беру аяқталды!

 

*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 30 мамыр сағат 21:00-де аяқталады. 


Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.

Сілтеме — @Ortalyq.kz

*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (28 мамыр сағат 21:00) 


Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.

Сілтеме — Whatsapp