«BaiQymyz-2026»: Қарағанды облысының қымызшылары халықаралық фестивальде топ жарды
Астана төрінде өткен халықаралық «BaiQymyz–2026» гастрофестивалі Қарағанды облысының қымыз өндірушілері үшін айрықша табысты аяқталды. Ұлттық сусынның қадірін арттырып, еліміздің әр өңіріндегі қымыз бапкерлерінің басын қосқан дүбірлі додада кенді өлкенің өкілдері бес бірдей жүлдені қанжығасына байлады.

Екі күн бойы елорданы қымыздың хош иісіне бөлеген халықаралық фестивальге 70 мыңнан астам адам келді. Қазақстанның түпкір-түпкірінен және шетелден жиналған 59 өндіруші жұртшылыққа 56 тонна қымыз ұсынып, өнімдерінің сапасын, дәмін, дайындалу технологиясын және дәстүр сабақтастығын сарапшылар талқысына салды.

Осыншама бәсекенің ортасында Қарағанды облысының қымызшылары өз өнімдерінің табиғилығы мен бабын, қалыптасқан дәстүрдің беріктігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақтоғай, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарынан барған қымыз өндірушілер негізгі және арнайы аталымдарда жүлделі орындарға ие болды.
Халық Теректінің қымызын таңдады

Фестивальдегі ең жарқын жеңістің бірі Қарқаралы ауданының Теректі ауылына бұйырды. «Теректінің текті қымызы» көпшіліктің тікелей таңдауы арқылы анықталған «Халық таңдауы» аталымында алтын жүлдеге ие болды.
Онлайн дауыс беру желісінде Теректінің қымызына 7500 адам қолдау білдіріп, 59 қатысушының арасынан бірінші орынға шықты.
Емдік қымыздың екеуі – Қарағанды облысынан

Қарағанды өңірінің қымызшылары «Ем қымыз» аталымында да қатарынан екі жүлде алды. Ақтоғай ауданының «Saryterek» қымызы күміс жүлдеге ие болса, Қарқаралы ауданының «Sarybel» өнімі қола жүлдені еншіледі.

Саба мен дәстүрдің салтанаты
Арнайы аталымдарда да Қарағанды облысының өкілдері олжасыз қалған жоқ. Бұқар жырау ауданынан барған «Saba» қымызы «Күміс тостаған» аталымының жеңімпазы атанды.
Ал, Қарқаралы ауданының «Ақтерек» қымызы «Дәстүр сақтаушы» номинациясына лайық деп танылды. Бұл марапаттың мәні ерекше. Өйткені, дәстүрлі қымыз дайындаудың ғасырлар бойы қалыптасқан әдісін жоғалтпай, оны бүгінгі күнге жеткізу – тек кәсіпкерлік емес, ұлттық мұра алдындағы жауапкершілік.
Күбі ыстау, сабаны баптау, қор жинау, саумалды дер кезінде пісу, қымыздың ашуын дәл табу – әрқайсысы үлкен тәжірибені қажет етеді. «Ақтерек» өніміне берілген марапат осы көне әдістерді сақтап, ұлттық сусынның табиғи болмысын бұзбай ұсынып жүрген еңбектің бағасы деуге болады.
Бес жүлде – өңір абыройы

Осылайша, Қарағанды облысының өкілдері халықаралық фестивальден бес бірдей марапатпен оралды. «Теректінің текті қымызы» – «Халық таңдауы» аталымының алтын жүлдесін, «Saryterek» пен «Sarybel» өнімдері «Ем қымыз» аталымының күміс және қола жүлделерін иеленді. «Saba» қымызы «Күміс тостаған», ал «Ақтерек» өнімі «Дәстүр сақтаушы» арнайы аталымын жеңіп алды.
Бабадан қалған кәсіптің бағы жанып, ұлттық сусынның абыройы асқақтай берсін!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



