Онлайн-айтысРуханият

Көшен көшіп, Қайып қайтып келгендей…

Қарағанды соғыс жылдарында да айтыс өткізген. Бір ғажабы, 1943 жылғы тамыз айында ұйымдастырылған айтыстың бастауында қолыңыздағы «Ortalyq Qazaqstan» газеті (ол кезде «Советтік Қарағанды») тұр. Айтыс ұйымдастырып, Батыстағы жауға Арқаның от ауыз, орақ тілді ақындарының жыр жебесін жаудыру идеясы редакцияның шағын ғана бөлмесінде туғанын оқығанбыз өңір руханиятының өрелі шежіресінен. Араға 77 жыл салып біз қайталадық.

Иә, «Орталық» ұйымдастырған айтыс тағы да ел басындағы ауыр күндерге дөп келді. Әлемнің апшысын қуырып, алты құрлықты абдыратып тастаған қатерлі індеттің ушығып тұрған кезі. Жасыратыны жоқ, індет ышқынып, әлем түшкіріп тұрған. Дәл осы бір ұрымтал сәтте біз елдің жігерін жанып, рухын асқақтатудың жолын іздегенбіз. Ұлы мұраттың мұрагері ретінде жазба айтыс ұйымдастыруды қолға алдық. Ақындарға сауын айтып едік, олар да қорамсаққа қол салды.

Алғашында, карантиндегі жұрттың жұмыр жүрегін жырмен баурап, көңілін серпілтсек, газет оқырмандарының ойын сергітсек болар деген қарапайым жобамыз болғанын несіне жасырайық?! Алайда, жобаның әлеуметтік желідегі жарнамасы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың назарына ілігіп, соны жобаға министр ханымның сәттілік тілеуі жауапкершілігімізді еселеп жібергені бар. Ақындардың да, ұйымдастырушылардың да «ұйқысын ашқан» жағдай – министрдің пікірі. Сөйтіп, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің Директоры Қамбар Ахмет мырзаның қолдау білдіріп, ұлттық өнерге жанашырлық танытуының арқасында «Ұлт саулығы – ұлы мұрат» аталған онлайн-айтысымыз оңды жобаға айналып шыға келді.

Сонымен, «Орталық» ұйымдастырған жазба айтысқа қатысуға ниет танытқан Арқа айтысының ақтаңкерлері Тілеген Әділ, Төлеген Жаманов, Дидар Қамиев бастаған айтыскерлер шоғырын Айнұр Жаппарқұлова, Ботагөз Мұхидден сынды қылығынан қыр қымсынып, құрығынан құлан құтылмаған аймаңдай аруларымыз бен ақсүйек өнердің жас перісі Сырым Нығызбаев толықтырды. Бұл айтыстың өзгешелігі сонда, біз айтыскер мен жазба поэзияның өкілдерін жұптағанбыз. Жобамыз жолдан жаңыла ма деген күдігіміз де бар еді. Айтысты поэзия емес деп кім айтты Сізге? Жоғарыда аталған алты айтыскерге қарсы жұпталғандар да – өлеңнің өз перзенттері. Руслан Нұрбай, Қайрат Асқаров, Саят Тұяқбаев, Салтанат Смағұлтегі, Қуаныш Аманқұл, Мақсат Күземхан. Алтауы да – Алаштың мұңын, қазақтың қамын, сезімнің мөлдірі мен төзімнің теңбілін құдіретті поэзияның өзегіне айналдырған дуалы ауыздар. Барында – екеуден, жоғында – біреуден жыр жинағы бар.

Біз де күдіктенгенбіз. Оқырмандар да ойланған. Сахнада сиқырлы әуенмен жан баурап, орындау шеберлігімен өлеңінің кем-кетігін сездірмей жіберетін айтыскерлердің домбырасын қаламға айырбастауы қалай болар екен дедік. Өз әлемінде, өз үнімен, өз жүрегінің дүрсілімен ғана сырласып, сөз әлемінде сырлы өлең, сиқырлы тіркестерімен таңдай қақтырып жүрген жазба ақындардың айтыс аламанында ұшқырлық танытуы қалай болар екен десті ормандай оқырман. Жоқ, алғашқы жұпқа сайланып шыққан Тілеген мен Русланның айтысынан олқылық аңғарылмады. WhatSapp желісі арқылы жазып айтысты. Уақыттың уын да, қоғамның қорғасындай дертін де қазып айтты. Төгіліп айтты, әлеуметтік мәселені егіліп жырлады. Келесі жұптар да терең көсіліп, ерен шапты. Әсіресе, кеше ғана поэзия патшалығының табалдырығын имене аттаған жас талант Мақсат Күземханның айтыстың табиғатын бұзбай, кәнігі айтыскердей ұшқыр ой, қуақы әзілмен даралануы қуантты. Айтыстың атасы Жүрсін Ерман дәл осы Мақсаттың аяқ алысына сүйсініп, әлеуметтік желі арқылы батасын беруі біздің жобаның ең басты олжасы еді.

Әрине, ақындар үшін ойлануға, тереңнен толғап, биікке самғауына мүмкіндік болды. Бір жұптың айтысуына екі күн уақыт бердік. Осы мүмкіндікті барлығы бірдей мүлт жібермей, талап үдесінен шықты деп айтуға болмас. Дегенмен, олжалы жоба болды. Кейбір жұптардың көркемдік деңгейі де, жауаптасу шеберлігі де деңгейлес шығып жатқан тұстары тағы бар. Осы орайда, қазылар алқасына әлеуметтік желі арқылы онлайн-дауыс берудің көп көмектескенін де айта кеткен жөн. Кейде осы онлайн-дауыс беру дегенге қарсы болып, халықты тобырға балап жататынымыз бар еді ғой. Біздің жоба осыны да жоққа шығарды. Бұл онлайн-дауыс беру нәтижелері мен қазылар алқасының пікірі сабақтасып жатқанда айқын аңғарылды.

Қазтуғанша қазып толғайтын, Ақтамбердіше асқақ самғайтын Тілегеннің, ақиқаттың алдында жырындыдай жырып, Көкбөрідей ұлып толғайтын, төкпелігімен төрге озған Төлегеннің, сабырын сарқып көрмеген, қадірін өзгеден артық көрмеген, қарапайымдылығынан айнымайтын, маңдайынан нұр, таңдайынан жыр төгілген Дидардың мысын жазба ақындар баса алмады, бірақ. Жасыратыны жоқ, кейбір ақындарымыздың арзан әзіл жетегінде кетіп, көркемдіктен көш бойы қалыс қалғандары да бар.

Қалай болғанда да, айтыстың ақтаңкері, ғылым докторы Қойлыбай Асан бастаған, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің Директоры Қамбар Ахмет, белгілі айтыскер, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің директоры Серік Сағынтай және осы жолдардың авторы қоштаған қазылар алқасына түпкі шешімді жариялау оңайға түскен жоқ. Бәрібір, сөздің жүйесі мен киесі бәске түскен дода болған соң, жеңімпаз-жүлдегерлердің анықталуы шарт. Сонымен, жазба айтыстың жеңімпазы болып әлеуметтік желідегі оқылымы 10 мыңнан асқан Дидар Қамиев танылды. Жүлделі екінші орынға Төлеген Жаманов пен Қайрат Асқаровтың өнері лайықталды. Ал, үшінші орынды Тілеген Әділов, Саят Тұяқбай, Қуаныш Аманқұл иеленді. Жобаға қатысқан барлық ақын «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің Алғыс хатымен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Осы орайда, айтысқа демеушілік көрсеткен Арқаның Атымтайлары «Арқа Құрылыс» ЖШС директоры Серік Базарбеков, «Матан» ЖШС директоры Мұрат Жадаев, «Қоғалы-көл» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Жуанышбаевтың есімдерін ерекше құрметпен атап өткен абзал.

Жабық өмірдің (карантин) ашық пікірін айтып, ел жігерін жаныған жазба айтысқа қатысқан ақындардың әр шумағында дертке дауа боларлық дәрумен бар еді. Газеттен оқымағандарыңыз болса, «Орталықтың» сайтына үңіле салыңыз… Осыдан 77 жыл бұрын Көшеннің (Елеуов) көмейінен от болып төгіліп, Шашубайдың (Қошқарбаев) шашасынан шоқ болып шашыраған отты жыр осылайша бір жаңғырды.

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button