Көкше теңіздегі айтулы шара
Орталық Қазақстандағы Көкше теңіздің қадір-қасиеті ежелден ел аузында тарих болып қатталып, аңыз болып жатталған. Көлемі жағынан еліміздің батысындағы бес елге ортақ Каспий теңізінен кейінгі, ел тұрғындарына географиялық жағынан қолжетімді, тұзды жағы мен тұщы жағы қатар тоғысқан мұндай көл туристік бағдарламаға сұранғалы қашан. Бір кездері Асан қайғы бабамыздың суреттеуінен кейін, қазаққа жеке қасиетімен танылып, құрметке бөленген әулие Қараменде би бабамыз: «Ойы балық, қыры киік күнкөріске қолайлы-ақ өңір екен» деп баға берген Балқаш көлінің солтүстігі – қашаннан кәсібін адалдықпен, табиғатты аялап дөңгелеткен жұртқа бар мәйегін берген өңір. Кеншісі Балқаштың мыс зауытынан мыс ағызса, балықшысы көл сазанын сүзіп, ауыл еңбеккері пайдасы мен дәрумені мол азықты мал сүмесінен айырып, ел игілігіне ұсынып отырған өлке.

Қазіргі заман талабына сай туризмді дамыту мәселесі Мемлекет басшысы мен аймақ әкімдері жұмысының күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, елішілік сапардың туған ел тарихын зерделеу әсерінен басқа, шағын және орта бизнесті дамытуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға қыруар мүмкіндігі мен пайдасы бар. Осыны саралаған облыс және қала басшылығы жыл сайын Көкше теңіз жағасында Балқаш туристік фестивалін өткізіп келе жатқанына биыл төртінші жыл.
Фестивальдің ашылу салтанатына және облыс әкімінің сол өңірдегі ардагерлермен кездесуіне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов және осы жолдардың авторы шақырылған едік. Бардық. Үлгі алып, ой түйдік.
Фестивальдің ашылуы жылдағыдай әсерлі өтті. Қатар-қатар тігілген ақшаңқан шатырларда бәрі бар. Әр кәсіпкер өз өнімін дәріптеп, сауданы қыздырса, адамның рухани азығын да құр қалдырмай бір сөреде кітаптар, екіншісінде қолөнер өнімдері сап түзеген. Кіре берістегі қарсы алу бағанасы да туризм бағытындағы жоба-жоспарды айшықтап көрсетіп қарсы алса, енді бірінде Балқаш көлін жағалай орналасқан жағажай жайларының қарым-қабілетін суреттермен айшықтаған. Сахнаның безендірілуі мен кәсіби талапқа сай жасақталғаны сонадайдан көзге ұрып тұрды. Сәнді киінген жастарымыздың көңіл келбетін көріп, көңілімізге қуаныш пен жұбаныш ұялап, болашаққа деген сенімнің беки түскенін сезіндік.
Балқаш турфестивалінен алған әсерді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекбаевтың Балқаш қаласы ардагерлерімен емен-жарқын жүздесуі еселей түсті. Облыс әкімі ардагерлермен кездесу барысында Балқаш қаласында атқарылып жатқан істердің кейбіріне тоқталып, болашақ жоспарларынан мағлұмат беріп, игі істердің жүйелі жалғаса беретінін айтты. Кездесуге келген ардагерлер өкілдерінің көңілдеріне сенім ұялап, ризашылықпен тарағанын, күннің аптап ыстығына қарамай, көпке дейін пікір алмасып тұрған ардагерлер тобынан байқауға болатын еді.
«Балқаштурфест» шарасынан жақсы әсер алдық, облыс әкімінің ардагерлермен кездесудегі жылы сөздері де жан семіртті. Оған қоса, таяуда ғана Қарағанды қаласына іссапармен келген республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың, ел Президентінің жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңірудегі ардагерлер алдындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жасалған «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» атты жобаның 7 басым бағытының тарихи сана мен бабалар аманаты тарауындағы қағидалары ойға оралды. Фестивальден кейін Балқаш көлінің солтүстігі Ақтоғай аймағындағы тарихи орындарды қайыра көріп, ой елегінен өткізіп, санамызды жаңғыртқанды жөн санадық.
Сапарымызды қазақ халқының бұлбұл үнді әншісі Күләш Байсейітованың жұртының тұсындағы ескерткішіне бас иіп бастап, атақты Нарманбет ақынның кесенесіне тәу етіп, Жіңішке өзені бойындағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың Талдыбейітте жатқан ата-бабаларына, өңір тарихынан әңгіме қозғап, қалай жеткенімізді байқамай қалдық. Әлиханның туған жері Жекежал қыстағындағы қойылған белгі тастармен танысып, Әлекеңнің елге келгенде, алдында жатқан құба жондар мен әсем табиғатқа сүйсіне қарап, қазақ елінің болашағына ой жүгіртіп, соның қызметі үшін тоқтамдарға келетін тақ тасына да отырып көрдік. Отырып көрдік те, Алаш зиялыларының ойлаған мақсат-мүдделерінің айқындығы мен күрескерлігінің жанындағы өзіміздің күйкі тірлігімізді сезініп, тез түсіп кеттік.
Алдымызда сонадайдан көзге ұрып, Сарыарқаның ең биік нүктесі Ақсораң айбаттанып менмұндалап тұрды. Ақсораңның қойнына бүккен құпиясы ғалымдар тарапынан әлі де зерделеуді күтіп жатыр. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан тыңғылықты зерттеп, ұлт қоржынына тарихтың сүбелі үлесін салған «Беғазы-Дәндібай дәуірі» ғылыми зерттеу еңбегінің негізі болған Беғазы қорымымен танысып, қола дәуірі ескерткіштерін тамашаладық. Тарихи орын маңындағы ауылдың да берекесі мен бірлігі жарасып, келген қонақтарға құшағын ашып, тарихи орынның шырақшысындай отырған жайлары бар екен. Әйтсе де, келетін туристердің Талдыбейіт пен Жекежалға, қола дәуірінің көне ескерткіші Беғазыға келетін жол ойқы-шойқы дала жолы. Қорықтың сақшысындай болып отырған ауыл тұрғындарының осы тарихи орындарға жететін асфальт болмаса да, көтерме жолдың жоқтығына, туристер түгілі өздерінің қиналатындары әңгіме нобайынан сезіліп тұрды.
Ақтоғайдағы «Үш арыс» ескерткішіне тәу етіп, фотоға түскен соң, Тоқырауын мен Ақтас өзендерінің қосылысында тұрған Қараменде би кесенесіне, Кеншоқы ауылындағы Байсейіттің ұлы Нұрлан-жомарттың, Шерубай-Нұраның сол жақ жағасында жатқан Шабанбай би, Талдыдағы Сеңкібай би, Қарағанды қаласының іргесінде жатқан Жалаңтөс батыр кесенелерін көріп, танысып еліміз бен жеріміздің амандығына қол жайып, білген дұғамызды оқыдық.
Бұл сапарда жолдың ортасындағы темір жолақтардың әсерінен ұзап кеткендіктен Жидебай бабаның басына соға алмай, әруағынан кешірім сұрап, келесі сапарға қалдырдық. Жоғарыда аталған, халқына қадірі артқан, ел мен жердің тұтастығы үшін ерлік жасап, билік айтқан әруақты бабалар туралы құлағы тесік, санасында өткен ата-бабалардан саңылауы бар кез келген оқырман ұзақ-сонар әңгіме-аңыз айта алады. Сондықтан, бұл шағын мақалада ол туралы әңгіме қозғауды жөн көрмедік.
Жол сапарымыздың мақсаты еліміздің өткенін еске алып, жас ұрпақ өкілдерімен кездескенде, кешегі ел шетіне жау тиіп, ел ішінде дау болғанда уәлі сөзімен, көрсеткен ерлігімен елге тоқтау болған бабаларымыздың жатқан жерлері мен қоныстарын көзбен көріп, сезіну еді.
Міне, осылай, Балқаш қаласы мен Ақтоғай өңіріне сапарымыздан көңіл көкжиегіміз кеңейіп, санамыз жаңғырып қайтты.
Төлеужан АХМЕТБЕКОВ,
Қарағанды қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы



