Иманақтың иманды ұлы

Күні кеше ғана қазақ көсемсөзінің көшбасшысы Мағаш ағамның (Мағауия Сембай) қазасында сөйлеген сөзінде белгілі меценат досым «Бұрын күзді алтын күз, қоңыр күз, жемісті күз деуші едік. Мына қаза мен үшін ызғарлы қара күз болды. Ендігі жерде қара күз дейтін болдым», – деп еді… Мен де дәл осындай шешім қабылдап отырмын.

Біз – қара күзде Алаштың абызы Ақселеуін жоғалтқан елміз. Айтыс дүбірінің дүлдүлі Дүйсенбай Жұмасейітовтен де қара күзде көз жазып қалғанбыз. Биылғы күздің өзінде қайраткер аға Қасымбек Медиевтен, ұлағатты ұстаз Зекен Рахимовтан, дәулескер күйші Қайролла Сәдуақасовтан мәңгіге алыстадық. Кеше ғана қалам қайраткері, ұлт баспасөзінің қара нары Мағаш ағамның тағдыры ажал жебесіне ілікті. Қайран, асылдар-ай… Әлде, Жаратқан ием де жемісін күзде жинап ала ма? Әйтеуір, кілең тектілерімізді теріп әкетіп, жайсаңдар қазасымен жанымызды жабырқатып жатыр. Өткен күзде жазиралы Жаңаарқасын жабырқатып, тағы бір жампоз ұлы жалғанның жарығымен қош айтысқан-ды. Ол – ауыл шарушалығы саласының білгірі, көкірек көмбесі ескі сөз есті әңгімеге толы, ғибратты ғұмыр иесі, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Мұқан Базарбеков.

Иә, Жаңаарқада Мұқаңды білмейтін һәм құрметтемейтін жан жоқ. Білген соң, құрмет тұтқан соң, сағынады. Мұнар күнде Мұқанынан айырылып, мұңға батқан Жаңаарқаның үлкен-кішісі арада жыл өтсе де аһ ұрып, күрсінеді.

…Мұқаңның туған жері сұңқар Сәкеннің Иманағы еді. Тектіліреге тұғыр болған қасиетті топырақта 1937 жылы Мұқаң да туған. Ел ішін үрей, көңілді күдік билеген уақыт қой. Өз қатарластары секілді бесігінен тауқымет тартқандардың қатарынан еді. Шындығында, Мұқан аға – зобалаң жылдардың төлі, соғыстың жетімі. Әкесі Базарбаек Дәуішұлы 1941 жылы шілде айында майданға аттанды. Шаруашылықтың бір отар қойын тапсырып, «Қош, қош, құлындарым!» деп, бала-шағасымен қимай қоштасқан әке сол кеткеннен хабарсыз кетті. Араға айлар салып, «хабарсыз кетті» деген бір тілім қағаздағы қаралы хабар бір әулеттің қасіретін еселеп, есеңгіретіп кеткен. Мұқаңның анасы Кенжетайды қайратты, қажырлы болған деседі көзкөргендер. Колхоздың сиырын сауып, ертелі-кеш бел шешпей дала жұмысында жүрді. Балалықтың балдәурені көзінен бұл-бұл ұшқан бала Мұқан да анасымен бірге қаршадайынан бейнетке жегілді. Сауыншы анасының жанында болып, бозала таңнан тұрады. Бұзау тартып, өгіз айдады. Масақ теріп, соқаға отырды. Сол кездегі «Жеткіншек» аталатын ауылдың орталау мектебінде оқып, сабағынан да қол үзген жоқ.

Бүтін киім кимеген, тойып тамақ ішпеген сол жылдар төлдерінің тағдыры бір-біріне ұқсас келетіні баршаға аян. Небары 17 жасында «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталғанда, колхоз төрағасы Мұқан киіп жүрген көнетоз күпәйкенің өңірінен медаль тағатын орын таппағанын айтыңыз… Матасы үлбіреп, мақтасы жалбырап кеткен ескі күпәйкенің омырауынан әрең орын тапқан сол медаль Мұқаңның еңбекке деген құштарлығын оятып, жігерін жаныған-ды. Мектепті жақсы бітіргенімен, бейнетке белшеден батқан анасы мен соңынан ерген Наурызбай бауырына қарайлап, үлкен оқуға да бара алмады. Зеректігі мен тындырымдылығы ел аузына іліге бастады. Жартылай ғана механикаландырылған ауыл шаруашылығы техникаларының тілін жетік меңгеріп-ақ қалған. Қарапайым тіркемеші болып тіршіліктен тірнек тапты. Алғырлығына назарлары ауған колхоз басшылығы бозбала Мұқанды марқұм Төлеуқыз Тайшықов басқаратын фермаға есепші етіп тағайындады. Арнаулы білімі жоқ демесеңіз, шаруашылықтың есеп-қисабын бір кісідей меңгеріп қалған Мұқанды «Қызылағаш» бөлімшесінің қой фермасына меңгерушілікке лайық көрді. Бұл кезде Мұқаң небары 21 жаста еді.

Майлы жіліктің басындай жайлы қызмет қажетін қанағаттандырып тұрса да, Мұқаңның ойынан оқу шықпай қояды. Ақыры, «Қарауылтөбе» ауылдық кеңесінің депутаты, Қарағанды облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі болып сайланып үлгерген жас маман аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Черновтың қабылдауына жазылады да, кездесу барысында хатшыдан оқуға жіберуін өтінеді. Талапты жігіттің өтініші жерде қалған жоқ. Чернов мырза да білімге ұмтылған азаматты арқасынан қағып, Қарағанды обылсаралық партия-кеңес мектебіне жолдама берді. 1965 жылы аталмыш оқу орнын үздік тәмамдап, Жаңаарқа аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып қызметке қабылданды. Содан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі ғұмыры ат үстінде өтті. Өндірістен қол үзбей жүріп сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп алды. Бұрынғы Жезқазған облыстық мемлекеттік дайындау инспекциясының Жаңаарқа ауданы бойынша мемлекеттік бас инспекторы, аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігінің бас зоотехнигі, аудандық тұтынушылар одағы дайындау кеңсесінің төрағасы, Жезқазған облыстық асыл тұқымды мал өсіру тәжірибелік станциясының селекция және асылдандыру ісі бөлімінің бас зоотехнигі лауазымдарын абыроймен атқарды. Жаңаарқа аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, аудандық мәслихаттың аға референті қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шықты. Ресми баяндай салғанға қарапайым ғана өмір дерегі. Ал, осы салалардың барлығының өзіндік қыры мен сырына үңіле алсаңыз, Мұқаң атқарған қызметтің барлығы өз заманындағы күрделі һәм маңызды қызметтер еді.

Әр жыл өзінің жемісін берді. Әр ай абыройын еселеді. Жылдар жылнамасы Мұқаңның тауқыметке мұқалмайтын қайрат-жігерін шыңдап, елге жақындата түсті. Тойкен шешей екеуі алтын асықтай ұл өсіріп, күміс қасықтай қыз тәрбиеледі. Өнегенің өрісіне айналған мәуелі бәйтеректей шаңырақтың шаттығы сарқылмайтындай көрінген. Ұлдың үлкені Ерік кенеттен қайтыс болды. Перзент қазасын көтере алмады ма, сүйікті ұлынан кейін көп ұзамай, Мұқаң да ескі қорымға көшті.

Жалпы, Жаңаарқада Базарбековтер әулеті – өзіндік дәстүрі бар, дос сүйініп, дұшпан күйінердей ынтымақ-берекесі мығым әулет. Туған бауыры Наурызбайдың республикаға танымал Ержан, Ербол, Ернұр, Жасұлан есімді әнші ұлдары ел мақтанына айналса, Мұқаңның өз ұл-қаздары да – «ата көріп – оқ жонған, шеше көріп – тон пішкен» тектілер қатарынан. Тек үлкен ұлы Еріктің қазасы ғана Мұқаң шаңырағын мұңға батырып тұрғаны.

…Міне, Мұқаңның ел жүрегіндегі жарқын бейнесі сағынышымызды маздатып, аңсарымызды қоздатып, мұнарға айналғалы да жыл өте шықты. «Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыттың жалына жармасып, тізгінін тежеген пенде баласы жоқ. Әкелі-балалы Базарбековтердің қазасы қабырғаларын қайыстырған Жаңаарқа елі жайсаңдарын ұмытпақ емес. Қос қабірге гүл шыққан. Қара күз келіп, ол да солды. Бірақ, ел көңіліндегі қос асылдың бейнесі көмескіленбейді.

Былтыр Мұқаң қазасына қатысып, жас қабірге бір уыс топырақ салған, қырқына қатысып, Тойкен замандасына басу айтқан қайраткер Қаскең де (Қасымбек Медиев) жоқ ортамызда. Құдіретті Алла өз жемісін теріп алып жатыр…

Ерсін МҰСАБЕК