Брифинг

«Дәрігерлердің де қателесуі мүмкін»

«Кейінгі кездері интернеттің дамуынан дейміз бе, әркім қандай да бір ауру туралы оқып алып, өздерін дәрігер санап кетеді. Осыдан кейін медицина қызметкерлерінің жұмысына сын тағылады. Бұл мүлде дұрыс емес. Әр аурудың өзіндік ерекшеліктері бар», – дейді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ноян БИДАЙБАЕВ. «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалы төрағасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мәселесі жайлы әңгіме өрбітті.

Мысалы, мен өзім хирург болғандықтан, соқырішектің өзі әр адамда әртүрлі байқалатынын айта аламын. Коронавирус та сондай. Ауру бір болғанымен, әркімде әртүрлі өтеді. Себебі, ол оның тұрған жеріне, иммундық жағдайына, созылмалы ауруларына, тіпті, науқастың мінезіне де байланысты. Солардың ішінен дәрігер әр науқасқа жол таба білуі керек. Сонда ғана нәтиже болады, – деген Ноян Бидайбаев «дәрігердің жұмысы дәрідәрмек жазып берумен шектелмейді» дейді.

Ол әуелі науқас адаммен сөйлесіп, тіл табысуы қажет. Науқас естігісі келген дүниені дөп басуы керек. Бұл тұтас дипломатиялық жұмыс деуге келеді. Ол біріншіден, психолог болып, сосын кәсібилігін көрсетуі керек.

Медицина қызметкерлерінің кәсіподағының аймақтағы филиалы 2018 жылы тіркелген. Қазіргі таңда оның құрамында 20010 адам тұр. Бұл – облыстағы барлық медицина саласы мамандарының 80 пайызы. Кәсіподақ пандемия кезінде де сала мамандарын қолдау бағытында жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

Пандемия басталған кезде көпшілік медициналық қызметкерлердің жұмысына мін тақты. Бірақ, бұл оның кінәсі емес. Коронавирус өткен ғасырдан белгілі болса да, осыншалықты жаппай таралуы алғаш рет еді. Індет кенеттен пайда болды, алғашқы белгілері белгісіз болды. Төсек-орын жетіспеушілігі, дәрінің тапшылығы орын алды. Бірақ, Үкімет жедел шаралар қабылдап үлгерді. Қазір төсек-орын жеткілікті, бірнеше айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Бүгінгі таңда медицина пандемияға қарсы күреске дайын, – деді спикер.

Кәсіподақтың жұмыстарына да тоқталды.

Уақыт тапшылығынан қамтамасыз етілмей қалған госпитальдарға көмектестік. Мүмкіндігіне қарай, дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныш және гигиена заттарын бердік. Ыстық тамақ жеткізу, азық-түлік жеткізу бойынша кәсіпкерлермен келістік. Жалғызбасты аналарға, аз қамтылған отбасыларға 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі қайырымдылық сертификаттары табыс етілді. Сонымен қатар, былтыр 8,5 млн. теңге болатын 285 жолдама бердік. Биылғы жартыжылдықта 4 млн. теңгеге 155 жолдама берілді. Жыл соңына дейін бұл қаражат екі есе артпақ, – деді Ноян Шайғабасұлы.

Сонымен қатар, кәсіподақ маман тапшылығы мәселесін шешу үшін жас мамандарға 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетіпті. Кейбіріне баспананың бастапқы жарнасын өтеп беріпті.

Індеттен қайтыс болғандар көп. Жасына қарай, басқа ауруларының болуы, емдеу режимін сақтамау осындай қайғылы жағдайға алып келеді. Қызмет барысында қайтыс болғандардың отбасылары 10 млн. теңгеден алғанда, Үкіметтің бұл қаулысына ілікпей қалғандар болды. Оларға біз 1 млн. теңгеден бердік, – деп атап өтті.

Пандемияға дейін де, қазір де туыстар мен дәрігерлер, жұмыс беруші мен қызметкер арасында келіспеушіліктер болып тұрады. Оның барлығы дәрігердің пайдасына шешілмейді. Негізі, дәрігерлер қателік жасауы, тіпті, өрескел қателік жіберуі мүмкін. Диагностика, ем тағайындауда қателікке бой алдырып жатыр. Себебі, кез келген ауру түрлі өтеді. Осындай сәттерде сотқа жүгінеміз. Сол себепті құқықтық және медиация мәселелеріне де мән береміз.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button