Біздің Кеңес!..

Кеңес – мен үшін өте қымбат адам. Әлі күнге көз алдымда Кеңестің басты рөлдерді әдемі ойнап, сомдап шығарған сәттері. Көз алдымда қазір де Кеңестің сахнадағы жүрісі, Кеңестің сахнадағы жеңіл де қонымды қимылы, Кеңестің дауысы, әрбір образды өзінше сомдап жеткізетін әртістік шеберлігі және еш ұмытылмайды. Әсіресе, ол ойнаған Қозының рөлі есімнен кетпейді, ол кезде театрдың басшылары да, режиссерлер де мықты болатын. Қасындағы аға-апа буын әртістері де керемет мықты, біздің Сәкен театрының ұжымы Кеңесті еркелетті. Талантының арқасында. Кез келген режиссердің Кеңеске рөл бергенде онымен арнайы жұмыс жасауға тырысатынын білемін.

 

Біздің Кеңес қаншама рөлдерді сәтті сомдады және тек Қарағандының басында ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріне жақсы танымал болды. Жас кезінен ерекше көрінді. Театрдың ерекше спектакльдерімен Алматыға барғаны есімде. Қаншама алматылық көрермендер келіп, біздің театрдың қойылымдарын тамашалап, «Қарағандының Сәкен театры не деген мықты театр?!» деп тамсанып, таңдай қаққандары әлі күнге есте. «Әртістері де мықты екен» деп тәнті болғандары мәртебемізді көтеріп тастаған болатын. Әрине, Кеңестің жанында ол кезде Рамазан, Қайрат, Рымкеш Омарханова және Шәміл Жүнісов болды, Әсия мен Қарғаш болды. Солардың ортасында Кеңес ерекшеленіп тұратын. Бойында арамдық жоқ, ақкөңіл, аңқылдаған жүзінің өзі адамды елжіретіп жібереді. Сахнаға шыққан уақытында Кеңестің жүзіне, көзіне қарап-ақ, оның ерекше адам екенін танып, жүрегінің таза екенін сезу қиын емес. Біздің Кеңес – сондай адам, сондай айрықша азамат.

Ол кезде театр сыншылары деген өте бөлек қой. Ойын ашық айтады… Қаласа, қойылымдарды тереңдете талқылайтын. Солардың Кеңес туралы сын пікір айтқанын естіген жоқпын. Ал, Кеңеске қамқоршы болған, оның әр қадамын қадағалаған театр сыншыларының ішінде Әшекеңді, марқұм Әшірбек Сығайды атар едім. Тек қана Кеңес емес, ол кісінің Сәкен театрына деген көңілі де, ниеті де айрықша еді. Біздің үлкен әртістерімізді республикаға шығарып, олар туралы мақала жазып, әрбір спектакльге бағасын беріп, «міне, театрдың деңгейі осындай болуы керек» деп айтып жүрді. Оның ішінде, тіпті, өзі ғана емес, бүкіл отбасымен, анау Күләш болсын, балалары – бәрі Кеңесті құрметтеп, туғанындай сыйлап тұрады. Соның бәрін көріп отырып, мен де мақтанамын.

Кеңес тек қана әртіс емес, драматург, қаламгер ретінде де жақсы танымал. Өзі көп ізденеді. Менің таң қалатыным, көп оқиды. Биыл Нұркен Әбдіровтің 100 жылдығына пьесасы қойылды. Және көрермен тарапынан жақсы бағаланды.

Оған айтар тілегім, бастысы – отбасы аман болсын. Зайыбы, балалары, немерелерінің қызық-қуанышына бөлене берсін. Бойындағы дарынының арқасында ол әлі де елімізге, ұлтымызға қызмет ете береді деген үміттемін.

Рымбала ОМАРБЕКОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері.