Алтын діңгек

         Ұлы Жеңіске биыл 73 жыл толғалы отыр. Ер азаматтар қолдарына қару алып майданға аттанса, қарттар, әйелдер, балалар күн-түн демей, тылда еңбектенді. Халық сол майданда Отан үшін от кешіп, елдік пен ерлік сынға түскен сәтте қас қақпай өмірлерін құрбан еткен батыр ұл-қыздарын ұмытқан емес. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қалған қыз-келіншектер мен балалар жеңісті жақындатуға қомақты үлес қосты. Ақсу-Аюлы селосында тұратын тыл ардагері Мәкен СҰЛТАНҚЫЗЫ – солардың бірі. Соғыстан кейін де майданнан оралған ағалар, әкелермен бірге елімізді қалпына келтіріп, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін тер төкті.

Көңілі кең, жүрегі мейірімді, кеудесі қазына, сөзі қасиетті ақ жаулықты аяулы ана, асыл әже, тыл ардагері Мәкен Сұлтанқызы биыл 90 жасқа толып отыр. Анамыз Мәкен Сұлтанқызы 1928 жылы 23 ақпанда Қарағанды облысы, бұрынғы Тельман ауданы, Елтай селосында дүниеге келген. Бүгінде жасы егде тартқанымен, құдайға шүкір, еңбек ардагері Мәкен Сұлтанқызы әлі тың, қимылы ширақ. Жастайынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері қырқыншы жылдарды ауыр күрсініп еске алады. «Әкем Сұлтан мен анам Дәмен Қарағанды қаласындағы наубайханада жұмыс істеді. 1940 жылы осы қаладағы орталықтандырылған мектептің 1-сыныбына бардым. Алғашқы ұстазым корей қызы Мәрия болғаны әлі есімде.
1941 жылы соғыс басталған жылдары колхоз жұмысына араласып, арамшөп жұлып, өгіз айдадым. Он бес жасымда Пришахтинск мекеніндегі алты айлық трактор курсында оқыдым. Мұғалімім И.Попов дәріс берді. Курсты аяқтағаннан кейін трактор роліне отырып, Доскей ауылында трактор жүргіздім. Бригадир Жұмаш Мұзғалин деген кісі болатын.
Жанар-жағармай бекетінде есепші, науқан уақытында колхоз жұмыстарына араласып, әртүрлі қызметтер атқардым. Сол жылдары Доскей ауылындағы балабақшада меңгерушілік қызмет атқардым. Біз істемеген жұмыс қалмады. Ол бір қиын заман еді ғой. Әкемнің әкесі Тұтқыш Меккеге барып, қайтыс болыпты. Сол жерде жерленген. Әкесінің құран кітабын, шапанын, бас киімін, қамшысын орап, үйіне әкеліп беріпті. Тұтқыштың шаңырағын – «киелі шаңырақ» деп, ауыл тегіс бата алады екен. Сол құран кітабы бүгінде Жеңіс ауылында тұратын 80 жастағы інім Кәкіштің үйінде сақтаулы», – дейді әже.
1954 жылы Молдабек Халилинмен тұрмыс құрады. Сол жылдары жолдасының қызмет бабымен Татарстан Республикасының Елабұға қаласында болып, сол жердегі консерві зауытында еңбек етеді. Молдабек Халилин ішкі істер органында қызмет істеген. 1957 жылы Никольск (қазіргі Сәтбаев) қаласына көшіп келіп, әртүрлі қызметтер атқарды. Соғыс кезіндегі және бейбіт өмірдегі жасаған еңбектері ескерусіз қалған емес. Әр мерекеге орай алған медальдары мен марапат қағаздары – осының айғағы.
Молдабек Халилин 37 жасында өмірден озды. Өмірдің қызығы мен ащысын көрген анамыз өмірге әкелген алты баласын тәрбиелеп өсіріп, олардан 11 немере, 15 шөбере сүйіп отырған абзал жан. Бүгінде тоқсанға келген кейуана кенже баласының қолында бақытты ғұмыр кешуде.
Көргені мен түйгені мол ақылшы ана, қамқор әженің жан сарайы рухани қазынаға бай. Көкірегіне шежірелі сыр тұнған, Молдабек Халилиннің шаңырағын ұстап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере-шөбере сүйіп отырған аяулы анамыздың өмір жолы – жастарға үлгі-өнеге. Ауданмен бірге жасасып, 90 жыл өмір сүріп отырған аяулы жан.
Бұл күндері біз Ұлы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Отан соғысына қатысқан ардагер аналарға, тыл еңбеккерлеріне, қиын-қыстау шақтарда демеу көрсете білген ақ жаулықты аналарымызға ризашылығымыздың шексіздігін жеткізгіміз келеді. Ана – қашанда тіршіліктің тірегі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы.

Жазыкен ТОМПИЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.