Алаш ардақтысы

«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деуші еді дана қазақ. Құмай жылы құт болып енген Қарағандыдағы қадірлі қара шаңырақтың бірі һәм бірегейі – Бикеновтер әулеті. Ақпанда Арқа жұртына сүйіншілеп, әулеттің отанасы Әнияш БИКЕНОВАНЫҢ 70 жасқа толғанын жар салсақ, енді, міне, араға ай салып, Алаштың ардақтысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, отағасы Жарылқасын БИКЕНОВ 75 жасқа жеткен жайы бар. Ол аз десеңіз, Алтын тойға арқау болар ендігі қуаныш – елге сыйлы ерлі-зайыптылардың отасқандарына биыл – 50 жыл.

Апыр-ай, егіз табар қойыңыз үш бірдей қуанышқа куә болып, үшем табар кезі екен. Жалпы, жақсылықтың артық-кемі болсын ба? Ең бастысы, Алла көп көрмегей дейік.

Жоғарыда жазғанымдай, бұл – Бикеновтердің берекелі шаңырағына алғаш аттап кіруім емес. Өз үйімдей болды деп өзеуремесем де, отау иелерінің өмірбаянын бір адамдай біліп қалған соң, қысылып-қымтырылған дәнеңем де жоқ. Барынша еркін, мүмкіндігінше беймаза отырыс. Тек, Жарылқасын аға жайында бұған дейін де аз жазылмады-ау, оқырманға олжа саларлық нендей қырын ашып көрсете аламын деген әлдене бір ой айналшықтап кетпей қойсын. Түптеп келгенде, Жарылқасын аға жайлы аз жазылды деуге ауыз бармайды. Қадірін түйсінгендер қара сөзбен жырлағаны аздай, Қайрат Жұмағалиев, Махмет Темірұлы сынды ақындар білдей бір қос поэма арнаса, Рахпат Қаусылова ол кісінің өмірін өлеңмен өрнектеп, ел газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған болатын. Десе де, Нұраның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері атанған азаматқа бұл да аздық етердей. Әріден бастайық…

Сонау 1943 жылы 9 сәуірде Нұра ауданына қарасты қазіргі Көбетей ауылында шыр етіп дүние есігін ашқан аймаңдай ұлдарыңыз осы – Жарылқасын Бикенов еді. Қанаты қатайып, буыны бекіген бала Жарылқасын Калинин орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң «Шахтер» совхозы жұмысшы кооперативіне бухгалтер шәкірті болып жұмысқа қабылданады. Неге дейсіз ғой? Кеңес Одағы дәуірінде еңбек тәжірибесінен өтпеген азамат оқуға қабылданбайды. Тәртіп солай! Жұмысшы кооперативіне жетелеп әкелген де осы жайт. Дегенмен, бәз біреуге беймәлім әлемдей болған есеп-қисапқа келгенде бозбала Жарылқасынның жаны кіретін. Бейне бір, нотаны тірілтіп әкеткен музыканттай қағаз бетіндегі кәдуілгі сандар жас Жарылқасынның алдына келгенде сыбырлап қоя беретін. Қабілетті адамның ғана бойына бітер қасиет қой! Содан не керек, жұмысшы кооперативінде бухгалтер шәкіртінен басталған еңбек жолы аға бухгалтер орынбасары лауазымына дейін жетелеп әкелсін. Зейінді баланың бейімі – осы!

Деседе, есепке жүйрік есіл азамат жоғары білім қажеттілігін түйсініп, Целиноград кооператив техникумына оқуға түседі. Оны «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтағаннан кейін арманы одан да биік, одан да асқақ шыңға жетелеп қоймап еді. Өмір өз дегенін істеді. Әйтпесе, техникум табалдырығын тоздырған түлек, институт иіріміне араласқысы келмей қойсын ба? Сөйтіп, оқыған облысындағы Балқашин аудандық Тұтынушылар одағында ревизор, аға ревизор болуға тура келді. Бірақ, арманынан айнымаған азамат ақыры Новосібірдің Кеңестік кооператив саудасы институтының есеп-экономика факультетіне қабылданады. Көздегеніне қолы жетіп, ақыры арман тұлпарына аяқ артқаны сол еді, әне-міне дегенше әскер қатарына да шықырылады. Сөйтіп, Әуе қорғанысы әскерлері құрамындағы жойғыш ұшақтар авияциясында механик, 1-ші санатты аға механик ретінде әскери қызметін өтеді. Бұл ретте, ұшақ қозғалтқышының механигі – ең елеулі мамандық болғанын айта кеткен жөн болар.

Әскерден оралған соң, туған жеріне табан тіреп, әлгінде айтып өткен Әнияш анамызбен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Ендеше, бүгінгі Алтын тойдың кешегі куәгерлері де осы – нұрлы Нұра азаматтары дей беріңіз. Сөйтіп, әскерден де оралып, үйленіп, оқуын да ойдағыдай аяқтай білген азамат алғашында аудандық Тұтынушылар одағында бас бухгалтер орынбасары болса, кейінгі төрт жылдың көлемінде бас бухгалтер болып шыға келеді.

Тумысы бөлек тұлғаның бұдан әрменгі еңбек жолын қарағандылық көнекөз тұрғындар жақсы білуге тиіс. Бұлай деп отырғаным, еңбегі еленіп, білімі бағаланған азамат 1971 жылы Қарағанды облыстық Тұтынушылар одағында бас бухгалтер болып тағайындалса, 1996 жылға дейін бухгалтерлік есеп, қаржы және бақылау басқармасының бастығы, 1996 жылдан 2010 жылға дейін облыстық Тұтынушылар одағы орталық бухгалтериясының бас бухгалтер қызметін абыроймен атқара білді.

Есеп пен талдауға келгенде теңдесі табылмаған тұлға тәжірибесі мен білімін бухгалтерлік есепке алу бойынша жасаған тұшымды тұжырымдарында таныта білді. Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияларда небір білімді баяндамашыларды білгенінен жаңылдырып, мүдірген тұсын мінеп өтуден, төтесінен сұрақ қоюдан бір тайынған емес. Ақыры, өзі де ғылыми-педагогикалық сала бойынша қалам тербеп, «Бухгалтерлік есеп теориясы» еңбегін жарыққа шығарды. Тіпті, Қарағанды кооператив институтының бухгалтерлік есеп кафедрасында кесімді сағат бойынша оқытушы, аға оқытушы, бұл аздай, осы оқу орнында ширек ғасырға жуық мемлекеттік емтихан комиссиясының төр-ағасы болған жайы бар.

Арда азаматтың атқарған ауқымды істерінің барлығын екі ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен, есеп-қисаптан ауылы алыс жатқан шежіре төңірегінде де табанды тер төккенін аттап өтуге болмас. Оның бастамасы және тікелей атсалысуымен «Тоқа шежіресі», «Қарпық Шежіресі», «Қарпық және Қожа шежіресі» және «Алтай-Қалыбек шежіресі» сынды тарихи төрт шежіре жарық көріп, талайдың жоғын жоқтап, барын түгендеп бергені бар-тын. Жарылқасын ағаның жан баласына бергісіз жадысын осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Жады демекші, орда бұзар отызында бір-ақ сәтте денсаулығы сыр беріп, жанары иненің жасуындай ғана саңылауға зар болып қалған болатын. Ақыры, алты мәрте ота жасауға тура келді. Десе де, жыл санап көз құрғыры солғын тарта бастағанын Жарылқасын аға да сезеді. Сезе жүріп, жұмысынан қол үзген емес. Жады атаулының жарқырап шыға келгені де осы кез. Әр есептеуді, сандарды жаттап алып, жыл көлемінде ұмытпауға дағдыланды. Сұрай қалғанға сол мезет айта қоятын. Бұл – қасиет атаулының ең құдіреттісі болса керек.

Орда бұзар шағында отағасының осындай дертке душар болғаны ең алдымен – жарына батпай қойсын ба? Әнияш анаға ажырас деп ақыл айтқандары да болды. Бірақ, оның бойындағы өзгеше қасиет отағасын өмірдің орта жолында тастап кеткізбеді. Керісінше, қасынан табылып, тағдырдың тосқанын қатар тартты. Тату-тәтті ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар Әбілқасым, Гүлшат, Нұрқасын, Ерқанат есімді төрт баланы дүниеге әкеледі. Өкініштісі сол, Нұрқасын есімді ұлдары 1 жас үш айында шетінеп кеткен болатын.

Ал, бүгінде Арлыжан, Томирис, Мұхаммед және ұлттың ұлы тұлғасы Димаш көкеміздей болсын деп ырымдап, Динара келіні дүниеге әкелген Дінмұхаммедтей аяулы немерелері сол мәңгі өлмес махаббаттың мәйегі іспеттес. Шаңырақ шаттықа кенеліп, қуаныш бақытқа ұласа берсе, одан асқан арман бар ма? Әулеттегі Алтын той Алладан береке әкеліп, ерлі-зайыптылардың жасына жас қосыла берсін дейміз. Мың жасаңыздар, Алаштың ардақтылары!

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.