Тұлға

ҚАЙСАРЛЫҚ – ҚАНЫНДА

…Жаны жұрттың жалаңаш тоналды анық,

Әйгерімнің әніне сала алмадық.

Кешір аға, қызыңнан қылық кетті,

Өзің сүйген Тоғжан бола алмадық.

Осылай, – деп мұңаяды ақын Света Жумкина ұлы Абайға арнаған бір өлеңінде. Мөлдір мұң – адалдықтың айнасы. Қылық та, қырмызы мінез де, өрелі өнер де бар – өз бойында. Өзінде барды өзгеден іздеп, ары азап шегеді. Маңайы толған – тесік танау, жалаңаш кіндік болған соң, қылығы кемшін қазақ қыздары үшін ұялады. Қайраткер қыздың тарыдай мұңында барша қазақтың қасіреті жатқандай. Сауда қуып, сауна жағалаған кейбір азаматтарымыз аңғармаған кемдікті аңғарып, біз айта алмаған шындықты шырылдатып айтып жүр. Кім? Белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Педагогика ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің директоры, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты Светлана Серікбайқызы Жумкина.

Міне, менің кейіпкерім – осындай жан.

…Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Жезқазғанға айтыс келді. Мен – ауыл мектебінде оқушымын. Теледидарға телміреміз. Жасыратыны жоқ, ол кезде Жезқазған жұртшылығы облыс намысын республикалық жыр додаларында қорғап жүрген Шынболат Ділдебаев, Дүйсенбай Жұмасейітов марқұмдар мен Ермек Омаров пен Ағайша Қорғанбекованы ғана білетін. Облыстық «Жезқазған туы» газеті тұңғыш ұйымдастырылған «Ұлытау үні» фестивалінің аясында өтетін ақындар айтысын жарнамалап жатыр. Күдіксіз болжам жасамайтын дағдамыз осы төрт ақын бір-бірімен айтысатын шығар дегенді ғана шиырлайды. Бірақ, олай болмады.

Кейін Арқа айтысының ардакүреңіне айналған Рамазан Сәттібаев, айтыс сахнасынан ғылымның биік мінберіне көтерілген, одан саясат сахнасында да салмақты істерімен дараланған Ақсу-Аюлының аруы Света Жумкина осы айтыстың олжасы болды. Әсіресе, ақын Светаның әуезді үні мен қазақ қызының ұяңдығына тән сыршыл шумақтары елді елең еткізді. Қыз бен жігіт айтысының табиғаты қазақы қалжың мен жігіттің «қырындауына» орайласатыны белгілі ғой. Светаның қай қарсыласы да осы «ырғақпен» ырғалып, сұлулыққа тамсанып, «ұнаттым» деп жар салып жатты. Қалжыңға – қалжыңмен жауап берген қайсар қыз ыққан жоқ. Ықтырып отырды. Міне, бүгінгі ғалым Света, депутат Света, директор Света қазақ руханиятына осылай айтыс сахнасы арқылы танылып еді.

…Екеуміз сахна сыртында таныстық. Менен бірер жас үлкендігі бар апайдың алдында именіп тұрмын. 1990 жылы Қазақстанның 70 жылдығына орай Жезқазған қаласында облыстық айтыс өтті. Менің облыстық деңгейдегі жыр көкпарына алғаш қатысуым. Қарсыласым – Света Жумкина. Айтысымыздың жанры – қыз бен жігіт айтысы. Таразының бір басындағы талғамға Света апайдың табиғаты дөп келіп тұрғанын білемін. Көрікті. Тән сұлулығы мен жан сұлулығы барынша жарасым тапқан. Ал, мені жігіт деуге келе ме? Аудандық пионерлер айтысынан топ жарып, осы облыстық айтысқа жақында ғана дүние салған ұстазым Дүйсекеңнің «желпіндіруімен» келіп тұрған маған қайдағы жігітшілік?! Аз-кем таныстықтан соң үлкен айтыстағы алғашқы қарсыласым Света апай арқамнан қағып: «Алла аузыңа сөз салсын!» деді. Құдай-ау, қарсыласының тілеуін тілейді екен-ау… Неткен мейірбан жүрек! Неткен аялы алақан! Осылайша елтіп тұрғанымда жүргізуші фамилиямды хабарлап жатқанын әрең сезінгенмін.

Айтыстық. Әпке мен інінің жарасымды айтысын жасадық. Ол мені демеп, көтермелеп отырды. Мен еркелеп бақтым. Ақыры екеуміз тең ұпаймен ақтық айналымға өтіп кеттік.

Міне, Света апай мені содан бері үнемі демеп, көтермелеп, еркелетіп келеді. Қиналған, күйзеліске түскен сәттерімде өмірдің келесі кезеңі – күнгей бетіне шығып кетуіме адал досым Бекзат Алтынбеков екеуінің септігі тиіп-ақ келеді. Қайратыма қайрат, жігеріме жігер қосып, небір сындар мен сынақтардың ақтық айналымында табысқа жетуіме үлесін қосып жүр. Өйткені, өзі – қайратты, өзі – жігерлі.

Жезқазғанның педагогтік институтына оқуға түстік. Света бізден бір курс жоғары оқыды. Жатақхана өміріне көндіге алмай, ашқұрсақ жүрген күндерімізде Света мен Жұлдыз марқұмның бөлмесін жағалайтынбыз. Әсіресе, Жансая (бүгінде ғылым докторы, белгілі әдебиеттанушы Жансая Жарылғапов) ашқарақ еді. Қазіргі Ұлытау ауданының әкімі, белгілі айтыскер Әнуар Омардың да бойдақ кезі. Ізтөлеу досымыз қырыққа келгенше бойдақ болды. Ұлдардың арасында ақтоғайлық Айдос Аманбаевтың бөлмесінде ғана тамақтың иісі шығып, шәйнегі қайнап жататын. Қалған бойдақтың барлығы ымырт үйіріле Светаның бөлмесінен табылады. Светаның ауылдан әкелген құрт-майын, ірімшігін Жансая жейді. Ізтөлеу осынша дәмді тағам әзірлеген Тілеужан шешемізге (Светаның анасы) арнау айтады. Ақсу-Аюлыда жатқан Тілеужан шешеміз Ізтөлеудің арнауын не қылсын?! Әйтеуір, қарын тойдырудың қамы ғой біздікі.

Сол достыққа әлі күнге дейін қылау түскен жоқ. Арамыздағы жас айырмашылығын ұмытып, құрдастай қалжыңдасып жатамыз. Өзі тағдырлы жан болған соң шығар, Светаның мейірімі – мұхиттай. Серікбай әкеміз ерте дүниеден озып, соңынан ерген бауырларын жеткізуге арнады бар ғұмырын. Иә, Бекзат екеуі тағдырлас еді. Екеуі көп мұңдасатын. Екеуінің салмақты өріліп, мұңмен астасқан сабырлы әңгімелерін жатақхананың біз секілді «тірі жетімдері» ойын-күлкіге айналдырып жіберіп жатады. Сондай сәттерде жанарынан ыршып түскен мөлдір жасты бізге білдірмей сүртіп, «Қу, шешек!» дейді де ойын-күлкіге арласып кете барады.

Жүрегін Әкеге деген сағыныш сыздатып, үнемі ауылдағы анасы мен бауырларын ойлап жүретін Светаның көңілінде кір, ойында арамдықтың болуы мүмкін емес.

Ақын светаның мына бір өлеңін бірге оқып көрелік:

Мен Сізді іздеп келем,

Сұрықсыз күндер өтті

тізбектелген.

Мен Сізді іздеп келем,

Жаның – жәннат бақида – біз жетпеген.

Неткен ауыр мұң! Асқар тауы әкесіне деген сағыныштың салмағын Светаның кеудесінде бүлкілдеген жүрек қана сезінеді. Сағына отырып Әке аттанған бақидың өзіне аңсары ауады. Ең қымбат жанның мәңгілік мекеніне мынау қызылды-жасылды жалғанның жарық сәулесін айырбастап жібергісі бар. Міне, сағыныштың салмағы!

Сағына білген адамның жүрегі де пейілі де таза болады. Ал, тағдыр сыны қыз бала тұрмақ, талай азаматты езіп жіберді емес пе?! Светаны күйрете алмады. Өйткені, қайсарлық оның қанына сіңген.

Жастығымның алтын бесігі болған жез қайнары Жезқазғаннан қуанышты хабар жетті. Света Серікбайқызы өмірінің бір белесін бағындырып жатыр екен. Соған орай, ел алдында шығармашылық есеп беріп, дастарқан жаймақшы. Біз – қадірлі қонағы екенбіз. Құдайыға да бір қорап шокалад пен орамал ұстай баратын қазақпыз ғой. Светаның тойына тарту болуға жарайтын нәрсе таппадық. Онда бәрі бар. Алтын асықтай Бексұлтаны бар. Абыройы атан түйенің белін қайыстырардай. Жүректің сыры тұнған осы жазбадан асқан тарту болмас деген оймен қолыма қалам алған түрім ғой…

Ақсу-Аюлысын аңсап, Ұлытауды сүйген замандасымыз Света Серікбайқызы маған ұлттың жоғын іздеген жоқшыдай көрінеді. Айтыста да, жазба поэзияда да, ұстаздық қызметте де, ғылымда да, саясатта да дамыл таппай түгендегені – ұлттың ұпайы. Тасыр қоғам Светаға дес бермей жүрсе де, Света есе жіберер емес. Күресіп бақты. Күресіп келеді. Күресіп жүр. Жалпы, Света туралы толғап-толғап, тоқсан беттік әпсана жазуға болады. Ол уақыттың еншісінде қала тұрсын.

Марқұм әкесі туралы «Парасат парызы» атты естеліктер жинағын шығарып, азамат атқара алмас іс тындырып жүрген қайсар қызға арнаған бұл дүниемді талғампаз апам жаратар ма екен?! Қалай болғанда да, қыздың жасын айтпаған қазақы қалыппен келген жасыңыз құтты болсын деп, Бексұлтанның ел бағына айналған күнін көрейік деген тілекпен қалам қаңтара тұрайық…

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button