Қайраткердің өнегелі жолы

Бүгінгі күні мемлекет және қоғам қайраткері санатындағы Мұханбет Жұманазарұлы Көпеевпен тығыз араласа бастаған кезім – 1989 жылдың соңы. Бұл СОКП Бас хатшысы М.Горбачевтің қайта құру, жариялылық кезеңі болатын. Жыл аяқталар тұста облыстық және қалалық кеңес депутаттарының сайлауы алғаш рет баламалы түрде өткізілді. Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызмет бабында жіберген қателіктері үшін орнынан босады. Аталған жауапты лауазымға бұған дейін Жезқазған облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған Мұханбет Көпеев сайланды.

Мен ол кезде Жезқазған мыс қорыту зауытында партия комитетінің хатшысы қызметін атқаратынмын және жаңадан сайланған қалалық кеңестің депутаты болатынмын. Мұхаңмен енді қызмет бабында жиі араласып тұратын болдым.

Сол заманда Мәскеудегі жоғарғы басшылық құрғақ уәде мен жалаң ұранға сүйеніп, атқарған істерінде береке болмады. Дүкен сөрелері жартылай бос, электр қуатының тапшылығынан өндіріс орындары ырғақты жұмыс істемейтін. Осындай қиын кезеңде Мұхаң облыс басшылары мен Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының басшыларымен тізе қоса отырып, тығырықтан шығудың жолын іздеді…

Әлі есімде, бірде ымырт үйіріле телефон соғып «Төлеген, мен кешкі сағат 20.00-ден кейін зауыт цехтарын аралап, ауысымдағы жұмыскерлермен жүздесемін. Ешкімді алаңдатпа, қасымда өзің болсаң болғаны» – деді. Сол күні түн ауғанша әр цехтағы жұмыскерлермен пікірлесіп, олардың сұрақтарына тартымды жауап берді. Әріптестерімнен осытектес кездесулер қаладағы басқа да мекемелерде болатынын естіген едім. Сөйтсем, бұл қала басшысының бұлжымас әдеті екен.

Мұханбет Жұманазарұлының бір ерекшелігі – кіммен болсын, тез әрі ортақ тіл табыса білуі. Жалған уәде беруден бойын аулақ ұстайтын, ащы болса да шындықты айтатын.

1990 жылдың наурыз айында Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Осы қоғамның төрағасы ретінде Мұхаңның тарапынан ылғи қолдау көрдім. Қалалық партия комитетінің ғимаратынан екі бөлмені жиһазымен беріп, «Қазақ тілі» қоғамының тиімді жұмыс атқаруына қамқорлық жасады. Осы жылдың жаз маусымында қалалық кеңестің депутаты ретінде Жезқазған қаласындағы 52 көшенің атауын өзгертіп, оларды елімізге, аймағымызға еңбек сіңірген тұлғалардың атымен атау туралы ұсынысым Мұхаңның қолдауының арқасында жүзеге асқанын әркез мақтанышпен еске аламын.

1990 жылы маусым айында Жезқазғандағы «Алғашқы құрылысшылар» алаңында қала тұрғындарынан құрылған ынталы топ мүшелерінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет бейбіт митинг өтті. Оны өткізуге сол кездегі облыс басшылары қарсы болғаны белгілі. Соған қарамастан, Мұхаң ынталы топқа қолдау көрсетіп, митингінің ұйымдастырылуына мүдделі қалып танытқанын жұртшылық жақсы біледі.

Қала басшысының тікелей ұйытқы болуымен 1991 жылғы 31 мамырда Жезқазғандағы мұсылмандар қорымында алғашқы сенбілік ұйымдастырылып, қорым ішіндегі құрылыс материалдарының қалдықтары, басқа да қоқыстардан тазалау жұмысы атқарылды. Осынау игі бастама күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

1991 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында Мұханбет Жұманазарұлы телефон шалып, жылдам жетуімді сұрады. Кешікпей бардым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Менің атыма бір топ азаматтан өтініш түсті. Наурыз мейрамын ауарайының қолайсыздығына байланысты мамыр айының соңында тойлау туралы ұсыныс беріп отыр. Бұған іргелес Сәтбаев қаласының бірінші басшысы В.Малышевтің жергілікті «Қазақ тілі» қоғамының келісімімен Наурыз мейрамын мына ұсыныста көрсетілген уақытта атап өту туралы шығарған шешімі түрткі болған сыңайлы» – деді Мұхаң. «Өзіңіздің пікіріңіз қалай?» – деген сауалыма бұл ұсынысты қолдамайтынын, қай мерекені болсын, дер кезінде тойлау қажет екендігін айтты. «Олай болса, қала активін жинаңыз, ұсыныс беруші ағаларымызды да шақыртыңыз сол жиынға. Талқылайық, пікірімізді біз де айтайық» – дедім мен. Ол кісі мұны қолдады. Не керек, ақыры көпшіліктің қолдауымен Наурыз мейрамын өзінің уақытында өткізу туралы шешім қабылданды.

Қазіргі күннің биігінен қарағанда бұл шешім, әрине, ағымдағы шара ретінде қабылдануы – заңдылық. Алайда, Кеңес Үкіметінің тұсында, коммунистік партия өктемдік жасап тұрған кезде мұндай әрекетке басшылық қызметтегі екінің бірінің батылы жетпейтіні анық еді.

Мұханбет Жұманазарұлының қандай да бір мәселеге қатысты көпшіліктің пікіріне сүйене отырып, дипломатиялық жолмен шешім қабылдайтынына аз ғана уақыт қызметтес болғанымда шүбәсіз көзім жетті.

Мұхаң туған өңірінен тысқары жүрсе де, елдік мұрат жолындағы іс-шараларға уақыт тауып, қатысуға қашанда пейілді. Мәселен, 2015 жылдың ақпанында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Қазақ елінің қаhармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы» тақырыбындағы дөңгелек үстел мен «Кетбұқа» жинағының таныстырылымын өткізуге көп көмегін тигізді. Өзі баба туралы толғамды сөз сөйледі. 2017 жылы қазан айында Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Х-ХIII ғасырлардағы түркілер қоғамы және оның тарихындағы Кетбұқаның орны» тақырыбында өткен халықаралық ғылымитәжірибелік конференцияға келіп, жүрекжарды лебізімен бөлісуі Мұқаңның ел тарихы мен ұлт тұлғаларына деген ерекше көзқарасын байқатса керек. Жезқазған қаласындағы Кетбұқа ескерткішінің ашылуына қатысып, «Кетбұқа» қорына қаржылай көмек жасауы да біраз жайттан хабар берері анық.

Бір көргеннен-ақ, жібі түзу адамды іш тартып тұратын Мұханбет Жұманазарұлының көпшілдігі, үлкенді үлкен деп құрметтеп, кішіні бауыр деп жөн сілтеуі, көркем мінезінен зиялылықтың иісі анқып тұратыны – ұлтжандылығы мен тектілігінің, азаматтық ұстанымының айғағы. Тектілік арғы ата-бабаларынан, әкесі Жұманазардан дарыса керек. Қай салада еңбек етсе де, мемлекет мүддесін мұрат тұтқан азаматқа ел-жұртының ыстық ықыласы – өлшеусіз. Ал, халықтың құрметі – қапысыз құрмет!

 ***

 Біз осынау шағын мақалада қайраткер тұлғаның кіндік қаны тамған жері – Жезқазған өңірінде атқарған өрелі істеріне аз-кем шолу жасауға талпыныс таныттық. Қарапайым кенші отбасында дүниеге келіп, Ұлт ұланына айналған Мұханбет Жұманазарұлы ел басқару мен заң шығару ісінің қыр-сырын жетік меңгеріп, республикалық деңгейдегі жоғары лауазымды қызметтердің тізгінін ұстағаны және оларды абыройлы атқарғаны қалың қауымға жақсы мәлім.

Саналы ғұмырын өнегелі үрдіспен өткеріп, Қазақ елінің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан ақиық азамат мерейлі 70 жастың биік белесіне шығып отыр. Сарабдал жолдан таймайтын тарланның Отанына берері мен өскелең буынның бойына сіңірер тәлімі әлі де көп екендігі күмәнсіз.

Біз соған еш шүбәсіз сенеміз.

Төлеген БҮКІРОВ,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.