Адалдығын Айғыржалдан сұраңыз

«Аяймын күнім батып, түн болғанын,
Жігері талай жанның құм болғанын.
Айтпады-ау о дүниеден келіп біреу
Кешегі кеткендердің кім болғанын»,
– дейді Шығыс шәйірі Омар Һайям жарықтық. Шынымен де, кешегі өткендердің кім болғанын көне тарих пен көзкөргендер арқылы ғана танып жүрміз. О дүниеден ешкім келіп айтқан жоқ! Алайда, жаһаннамнан ешкім келіп жар салмаса да, есімі ел жадында сақталған тұлғалар көп. Өмірдің өзі өкініш пен қанағаттан тұрады емес пе?! Өкініші сол – өлген күні ұмытылатын пенделер көп. Иә, жаназасында жарты ауыз жақсы лепес айтылмай, жылдық асынан кейін артындағы бала-шаға, туысқандарынан басқа ешкімнің жадында жаңғыра қоймайды мұндай жұмыр бастылардың есімі. Керісінше, ұлылар тізіміне енбейақ, қайраткерлер қатарын толықтырмайақ, қоңырқай ғана тірлігімен, қарапайым ғана болмысымен төңіректегі ел-жұрттың көңіл төріне бекініп алған есімдер бар. Міне, қанағатпен түйінделген өмір! «Елі ұмытса да, сел мен жел ұмытпайтын» (Мағжан) ерлердің бары артындағы қараорманды да қанағат сезіміне бөлейді.

Менің бүгінгі кейіпкерім ішкі істер саласының ардагері, зерделі азамат Төлеуғалы Жұмаділовтің есімін елі де, сел де, жел де ұмытпаған. Адалдығын «Өспендегі» Айғыржалдан сұраңыз… Өнері мен өресін «Өспеннің» өзі айтсын! Жайсаңдығын Бұғылы айтсын, тарпаңдығын Тағылы айтсын!

…Маған Төкеңмен дәмдес болып, сұхбаттасу бақыты бұйырған жоқ. Осыдан тура 35 жыл бұрын небары 55 жасында өмірден озды. Тектілігі тегеурін танытқан өрелі азамат туралы маған да о дүниеден ешкім келіп айтқан жоқ. Арқаның елі айтты, Айғыржалдың белі, Бұғылы-Тағылының желі айтты. Ұлағат дарыған ұрпағының (бірі – ғалым, бірі – заңгер, бірі – атбегі, бірі – ұстаз, бірі – инженер) жүріс-тұрысынан аңғардым. «Орнында барды оңалтып» отырған бәйбішесі Майкен шешейдің сағынышынан салмақтадым.

Ақсүмбе деген жер еді,
Кешубай деген ер еді.
Берлібай деген қасапты
Құдайым қайдан жасапты?!
Міне, осы деректегі «Кешубай деген ер еді» деген сөздің өзінде дұшпанның аузымен айтылған кемел баға жатыр емес пе?!

Төлеуғалы жасынан зерек еді. Әкесі Жұмаділдің төңірегіне аузы дуалы ақсақалдар жиі жиналатын-ды. Ортақ әңгімелері – ауыл-үйдің ұсақ-түйегі емес, ағайынның бірлігі, елдің елдігі, ұлттың кешегісі мен ұрпақтың ертеңі жайлы келелі кеңес. Әкесінің оң тізесінде немесе төрден төмен отырып, осының барлығын тыңдап өсті. Тыңдап қана емес, құлағына құйып, көкейіне түйіп алды. Әсіресе, ескі әңгімеге жаны құмар еді. Арқа жұртына аты мәлім Берлібай, Кешубай бабаларының батырлығы туралы айта түссе екен деп отыратын.

Сол үлкендерден қалған әңгіме сүйегіндегі деректер жергілікті шежірешілер еңбегінде жазылып жүр. Сондай құнды деректерді әріден – беріге, кешеден – бүгінге жеткізушілердің бірі – осы Төлеуғалы әкеміз.

Ақсақалдар айтады, Төлеуғалы тыңдайды. Кешубай батыр – Төкеңнің төртінші атасы. Нақты шежіре тармағына сүйене таратсақ, Кешубайдан – Күлмырза, Күлмырзадан – Кенжебек, Кенжебектен – Жұмаділ, Жұмаділден – Төлеуғалы.

Осы Кешубай бабасының кеңдігін, адамгершілігін, мәрттігін қасарысқан жаудың өзі оң бағалап, сауға күткен деседі. Оған Төкең марқұм көнекөздерден өз құлағымен естіген мына бір әпсана арқылы көз жеткізіп, байлам жасайтын.

Ағайынды Берлібай мен Кешубай нағыз жаужүрек батырдың өзі болған. Жаугершілік кезінде жоңғарлармен болған соңғы шайқастардың бірінде (1755- 1760 жж.) тұтқынға түскен қалмақтарды Кешубай батыр қозыдай көгендеп, лақша матап тастапты. Тұтқынға түссе де, тәкәппарлығынан айнымаған жаудың бірі «Бізді жазалайтын адам көрінбейді» деп мысқылдаған екен. Сонда Кешубай батырдың інісі Берлібай кіріп келіп: «Жазалайтын мен бармын!» десе керек. Берлібайдың сұсынан қаймығып қалған жау сардары «Болсаң, боларсың. Көзің жаман екен» депті әлгіндегі тәкәппарлығынан жұрнақ та қалмай. Алғашқы мысқылына ызаланып, ашуға булығып тұрған Берлібай батыр: «Ақтық сөзіңді айт! Ажалың – жақын» дегенде, қалмақ батыры былайша өлеңдетіп қоя беріпті:

…Жұмаділдің төрінде төгілетін осындай мазмұндағы ғибратты әңгіме 4-5 жылға үзілді. Ел басына күн туып, Батыста соғыс өрті тұтанды. 1941 жылы әкесі Жұмаділ майданға аттанды. Отбасының бар тауқыметі үйдің үлкені 13 жасар Төлеуғалы мен анасы Бәтиманың еншісіне бұйырды. Бозала таңда бозторғай шырылымен оянатын бозбала қараңғы қоюланғанша тыным таппай еңбек етті. Табаны тілінгенмен, талабы шыңдалды. Бір үзім қара нанның қадірін біліп өсті. Артындағы бауырларына қамқор болып, ерте есейді. Өгіз жеккен соқамен жерді емес, жаудың бетін жыртқандай жігерленіп, өз тағдырын өгіз арбамен өрге сүйреді.

…Әкесі аман-есен елге оралды. Омырауы орден-медальға толған жауынгер гимнастеркасын киіп алып, олай-былай адымдаған бозбаланың бойында «Мен де әскери боламын» деген арман қанат қақты. Әкесінің қанға қақталып, әбден терсіңді болған әскери формасын үстінен тастамайтын. Ақыры, сол әке гимнастеркасымен Ташкенге оқуға аттанды. 1949 жылы СССР ІІМ Ташкент жоғары милиция мектебіне оқуға түсіп, бейбіт күннің сардары атанды. Еңбек жолын Осакаров аудандық ішкі істер бөлімінде бастап, Қарағанды облыстық Ішкі істер басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Милиция капитаны шенімен мінсіз қызмет атқарып, отставкаға шыққан соң халық шаруашылығының әр саласында басшылық жасады.

Өкінішке орай, қайсарлығы бабаның қанымен, жайсаңдығы ананың сүтімен кемелденген абзал азаматтың өмірі келте қайырылды. Сөз қадірін білетін, күмбірлете күй тартып, нөсерлете жыр төгетін Төкеңдей арда болмыс иесінің бүгінгі құдайы аспен аталып жатқан 90 жылдық мерейтойы өзі болса, қалай болар еді деген өкініш кептеледі өзегімізге. Иә, Төлеуғалы Жұмаділовтің қырағы тәртіп сақшысы болғандығынан басқа сөз ұстаған шешендігі, Тәттімбет, Дәулеткерей күйлерін нақышына келтіре орындайтын күйшілігі ел аузында жүр. Тіпті, Абай жырларының кейінгі баспаларында жіберілген текстологиялық қателерді дөп басып, оны түзету туралы өткір пікір айтқанын да ел біледі. Жасыратыны жоқ, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген принциппен әдебиетші ғалымдар дымын шығармай отырғанда, Төкеңнің қоғамның ұлы Абай мұраларына қатысты «ұлы қателіктерін» әшкерелеген сергектігін ерлікке балауға болады. Біржан сал, Ақан сері мұраларына қатысты екіұшты деректерді «тайға таңба басқандай» нақтылаған кездері бар. Осы қасиеттері арқылы біз Төлеуғалы Жұмаділұлын тек тәртіп сақшысы емес, рух сақшысы ретінде таныдық.

Ал, ақындық қуатын ақпа-төкпелігімен, әсіре, көркемдігімен емес, сезім сергектігімен, пейіл мөлдірлігімен танытқан екен. Шынайылықпен шырайланған мына бір шумағынан ақын Төлеуғалының туған жерге деген пәк махаббатын аңғарар едік:

Туған жерім – тамыры тұғырымның,
Азы қалып, көбі өтті-ау ғұмырымның.
Жақсылармен бірге өткен әр
күн – ғасыр,
Баурайында Тағылы, Бұғылымның.

Аңдасаңыз, осы бір жалқы шумақта сүйіспеншілік те, өз тағдыры да, талғамы да тұр.

Міне, туған жерін осынша беріле сүйе білген, аз ғұмырдан көп ғибрат түйе білген, заманының салғырттығына күйе білген абзал жүректің тоқтағанына – 35 жыл. Туғанына – 90 жыл. Ұрпақтары ас бергелі жатыр. Ел жиналып, естелік айтар… Бәрібір, Төкеңнің өзі төрде отырып, тоқсанның толғауы жыр болып төгілгенге, күй болып күмбірлегенге жете ме? Әйтпесе, кім 90-ға келмей жатыр?…

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.