Руханият

Бақыт жайлы толғанған

Сәкен театрында залға лық толған көрерменді бірде күлдіріп, бірде ойға батырып, соңында ағыл-тегіл жылатқан бір жақсы поэтикалық спектакль өтті. Атауы – «Бақыт деген не өзі?». Режиссері – Айдын Салбан. Жалпы алғанда бақытты әркім өзінше түсінеді. Парасат-пайымына, ой-өресінің деңгейіне қарай қабылдайды. Дегенмен, «бұл спектакль сауалға жауап тапты ма екен немесе қай қырынан көрсетеді екен?» деген сұрақтармен орнымызға жайғастық. Спектакль өткен мен бүгіннің арасын жалғап жатқан қазақ ақындарының таңдамалы, талғамы биік поэзияларынан құралған.

Сурет Сәкен театрының баспасөз қызметінен

Спектакль ойлағанымыздай Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен басталады. Тұтастай осы өлеңнің мазмұнымен өрбіді десек те болады. Сахнаның ортасына жүзінен көрегендіктің, даналықтың нышаны байқалатын, өз өмірінің нүктесіне таяған бір ақсақал шығып, әйгілі өлеңді оқыды. Қария:
«Бақыт деген не өзі?»,
деп бастады топ таласты.
Бірі оны үйден іздеп,
бірі қырдан әрі асты,
Бірі айтады:, – кілт тоқтады. Содан ортаға ғұмырдың бозбалалығында жүрген бір топ жас шығып, таласты бастады. Әркім өзінің сол бір бақыт жайлы ойын айтты.
Бақыт деген – барлық,
байлық емес пе?
Керегінше киіп ішсең,
бақыттысың емес пе?», – деді жүріс-тұрысынан, мінез-қылығынан даңғойлық аңдалған біреуі.
Бірі айтады:
«Жоқ, бақыт деген –
қолың жетпес мансап қой.
Жұрттан гөрі жүрсең ерек,
соның өзі жақсы ат қой».
Міне, осылайша топ бақыт жайлы таласқа түсті. Пенделік деңгейдегі толғам-тоқтамдардан адамдық биігіндегі пайымдарға дейін айтылды. Барлығы басқа да өлеңдермен, әндермен өрілді. Бастысы – режиссер бақытқа ұмтылған қанша адам тағдырының бұралаңдарын көрсетуге тырысты.

Ақырында бақыт дегенді жар деп білген жан жарынан ажырасып, бала деп білгені баласынан айрылып құсаға батады. Ал, байлық пен мансап дегендер екеуінің де отбасындағы шынайы мейірім мен махаббатсыз баянсыз және түкке де тұрмайтынын ұғып, қайғының құрдымына түседі.

Енді біреуі бақиға аттанған анасын сағынып жылайды, оған арнап жыр оқиды, ән айтады. Ол «бақыт деген ананың мейірлі алақанында екен ғой», – дейді кеудесі өкініштен қарс айрылып. Режиссер сол кейіпкердің өкініші арқылы адам баласының өткен күндерді әйтеуір бір күні сағынып, бақытты өткеннен іздейтінін жеткізеді. Ондай сәтте дәл осы тұрған шағыңда, тіпті, келешегіңде бақыттың көлеңкесі де жоғын айтып, шарқ ұратын қайран адамның табиғаты.

Спектакльде бойжеткен шағында өзін сүйіп тұрған жігітті менсінбей, бетін қайтарып, өз ғашығының соңынан кеткен қыздың тағдыры да бар. Ол да дегеніне жете алмай тағдыр қайғысының торына шырмалады. Сахнадағы шырғалаңдардың ішінен дәл осындай тағдырлы жігітті де аңдадық.

Жындының да өмір жайлы сандырағын естисіз. Бәлкім, оныкі сандырақ та емес шығар? Ортаға шығады да, «Жесірің анау, жетімің анау, кем-кетігің анау. Неменемізге жетісіп күлеміз осы, аа-аа-аа? Мен ес білгелі тұтқынмын, тұтқынмын, өз басымның тұтқынымын», – деп орнынан қайта-қайта секіріп ах ұрады. Осы тұста Мағжан Жұмабаевтың «Жүрегім, мен жарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген өлең жолдары келеді. Хәкім Абайдың «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дегені де ойға сап ете қалды.

Ойлап отырсаңыз, ойлы адамға мына өмірде не қызық бар екен? Бірақ, бақыт тек бақытты сәттерде ғана болатын сияқты. Бақытты сәттері көп адамдар ғана өмірінің соңында «бақытты өмір сүрдім» деп айта алатындай.

Спектакльден ойға батып шықтық. Режиссер жауап берген жоқ, тек сол сауалдың жауабына жол көрсеткендей. Шыға берісте театр қызметкерлері сауалнама бұрышын дайындапты. Әркім барып «Бақыт деген не өзі?» деген өмірдің бір күрделі сұрағына өз жауаптарын жазып жатты.
Үміт үзбей іздейді олар,
Тыңдап сол бір жақұтты.
Оны алыстан іздемегің,
Жүректен тап бақытты!
(Мұқағали)

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button