Құрылтай: ғылым мен технологияға жаңа серпін қажет
23 тамызда Қазақстан азаматтары елдің жаңа заң шығарушы органы – Құрылтай депутаттарын сайлайды. Бұл – кезекті саяси науқан ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңге қадам басқанын айқындайтын маңызды белес.
Құрылтай атауы қазақ қоғамына жат емес. Тарихта ол ел тағдырына қатысты ортақ шешім қабылданатын, жұрттың басын қосып, көптің пікірін бір арнаға тоғыстыратын кеңес болған. Енді осы көне ұғым жаңаша мазмұнмен қайта оралып, Қазақстанның бірпалаталы заң шығарушы органының атауына айналды.

Қоғам мен мемлекет дамуының әр кезеңінде ел алдында жаңа міндеттер тұрады. Бүгінде сол міндеттердің қатарында экономиканы әртараптандыру, технологиялық жаңғыру, адами капиталды дамыту және ғылымның әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері бар.
Өйткені, қазіргі экономикада мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен немесе өндіріс көлемімен өлшенбейді. Ол ғылыми әлеуетке, технологиялық мүмкіндіктерге, сапалы білімге және жаңа инженерлік шешімдер әзірлей алатын мамандарға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ғылым мен жоғары білімнің елдің экономикалық дамуына қосатын үлесі ерекше маңызды.
Университет ректоры ретінде мен ғылымның басты міндеттерінің бірі – оның нақты нәтижеге бағытталуы деп есептеймін. Ғылыми зерттеу тек зертханада немесе ғылыми жарияланымдарда қалып қоймауы керек. Ғылыми идея жаңа технологияға, жаңа өнімге, өндірістік үдерісті жетілдіретін шешімге немесе қоғамның нақты мәселесін шешетін жобаға айналған кезде ғана оның практикалық құндылығы артады. Сондықтан бүгінгі таңда университеттің рөлі де өзгеріп келеді.
Университет тек маман даярлайтын білім беру ұйымы болумен шектелмеуі керек. Ол – ғылым мен өндірісті байланыстыратын, жаңа технологиялар әзірлейтін, инженерлік шешімдер ұсынатын және ел экономикасының технологиялық дамуына үлес қосатын маңызды ғылыми-білім беру орталығы. Бұл міндет әсіресе техникалық жоғары оқу орындары үшін өзекті.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті тау-кен ісі, металлургия, машина жасау, энергетика, автоматтандыру, құрылыс, көлік, экономика және цифрлық технологиялар сияқты ел экономикасының негізгі салалары үшін инженерлік кадрлар даярлайды.
Сондықтан біздің университет үшін өндірістік кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату – қосымша мүмкіндік емес, білім беру мен ғылыми қызметтің табиғи әрі ажырамас бөлігі.
Білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесіп әзірлеу, кәсіпорын мамандарын оқу үдерісіне тарту, өндірістік базаларда тәжірибелік сабақтар ұйымдастыру, дуальды білім беруді дамыту және студенттердің нақты өндірістік жобаларға қатысуын қамтамасыз ету – болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттырудың маңызды тетіктері.
Сонымен қатар өндіріс орындары да университеттерді тек дайын кадрмен қамтамасыз ететін ұйым ретінде емес, ғылыми және технологиялық серіктес ретінде қарастыруы қажет.
Өндірістегі нақты мәселелер бойынша ғылыми зерттеулерге тапсырыс беру, бірлескен зертханалар құру, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, жас ғалымдардың жобаларын қолдау және жаңа технологияларды сынақтан өткізу – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді.
Мұндай серіктестік екі тарапқа да тиімді.
Университет нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған зерттеулер жүргізсе, кәсіпорындар ғылыми әзірлемелердің нәтижесін өндірістік процестерге енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық тиімділігін көтере алады.
Бұл өз кезегінде импорттық технологияларға тәуелділікті азайтып, отандық инженерлік шешімдердің қалыптасуына мүмкіндік береді.
Ғылымның өндіріске жол табуы үшін жас ғалымдарға да ерекше жағдай жасалуы қажет.
Жастардың ғылыми жобалары грант алу немесе ғылыми есеп дайындау кезеңінде тоқтап қалмауы тиіс. Зерттеу нәтижесін тәжірибелік үлгіге, ал тәжірибелік үлгіні дайын өнімге дейін жеткізетін жүйе қалыптастыру маңызды. Жас ғалымның идеясы зертханадан өндіріс алаңына дейін жеткенде ғана оның ғылыми ізденісінің нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижесі пайда болады.
Сондықтан, ғылыми зерттеулерді қаржыландырумен қатар, олардың нәтижелерін коммерцияландыруға, технологияларды трансферттеуге және өндірісте сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін тиімді экожүйе қалыптастыру қажет. Бұл ретте инженерлік білімнің сапасына да ерекше мән берген жөн.
Бүгінгі Қазақстанға дайын технологияларды қолдана алатын мамандармен қатар, жаңа технологияларды әзірлейтін, жетілдіретін және оларды отандық өндірістің ерекшеліктеріне бейімдей алатын инженерлер қажет.
Олар университет аудиториясында теориялық білім алып қана қоймай, ғылыми зертханада ізденіп, өндіріс алаңында тәжірибе жинақтауы тиіс.
Білім, ғылым және өндіріс өзара тығыз байланысқанда ғана жаңа буынның бәсекеге қабілетті инженері қалыптасады.
Сондықтан, алдағы кезеңде жоғары білім жүйесінің алдында бірнеше маңызды міндет тұр. Олар – білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеу, ғылыми зерттеулердің практикалық бағытын күшейту, университеттер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті кеңейту, жас ғалымдарды қолдау және инженерлік мамандықтардың беделін арттыру.
Бұл міндеттер бір ғана жоғары оқу орнының немесе белгілі бір саланың мәселесі емес. Олар еліміздің технологиялық тәуелсіздігіне, экономикалық тұрақтылығына және халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Ғылымға салынған инвестицияның нәтижесі бір күнде көрінбеуі мүмкін. Бірақ дәл осы инвестиция жаңа технологияның, білікті маманның, қуатты өндірістің және тұрақты экономиканың негізін қалайды.
Сондықтан Құрылтайдың жаңа кезеңінде елдің ғылыми және технологиялық дамуына қатысты мәселелердің маңызы арта түседі деп сенемін.
Қазақстанның болашағы – ғылым мен білімді өндіріспен тиімді ұштастыра білуде.
Ғылыми идея зертханадан өндіріс алаңына жол тауып, нақты өнімге, технологияға немесе өндірістік шешімге айналған кезде ғана ғылымның ел дамуына қосқан үлесі толық көрінеді.
Сауле САГИНТАЕВА
Әбілқас Сағынов атындағы
Қарағанды техникалық университетінің ректоры

