Қарағандылық көкпаршы Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында ел намысын қорғайды
Көкпардан былтыр Талдықорғанда өткен ел чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы турнирдің ширек финалына дейін жетті. Команда сапында шабуыл шебінде өнер көрсеткен Мирас Тақауиев аталған додада қарсыластар қақпасына алты салым салды. Жас көкпаршының бұл нәтижесі мамандар назарына ілігіп, осымен үшінші мәрте ұлттық құрама сапына шақырылды. Биыл Мирас спорттық мансабында алғаш рет қыркүйекте Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында өнер көрсетпек.

Сонымен, жерлесіміз Мирас Тақауиев – ұлттық құрамадағы 24 көкпаршының бірі.
Биыл оның Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп жүргеніне үш жылдан асыпты.
Осы уақыт аралығында тәжірибесін шыңдап, ел намысын халықаралық додаларда қорғап жүрген спортшы биыл ұлттық құрама сапында алғаш рет Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысып, дүбірлі додада бақ сынамақ.
– Дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Алматыда ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарының алғашқы екі кезеңі сәтті аяқтадық. Қазір аз-кем демалыстамыз. Алдағы үшінші кезеңдік жаттығу жиындары келер айдың 7-сінен басталады. Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Момыновтың маған жүктеген басты міндеті – нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, салым салу. Ішкі чемпионаттарда өзімнің немесе облыстық федерацияға тиесілі аттарды тағалап мінетінбіз. Ал, бұл жолы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыстық федерация арнайы сәйгүлік алып береді, – деді Мирас Қанатұлы.

Айта кетейік, Мирас – Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына жолдама алған алғашқы қарағандылық көкпаршылардың бірі.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz





